Жарнама
Білім

ҮЛГІЛІ ШӘКІРТ – ҰСТАЗ МЕРЕЙІ

Ұлы Абайдың «Адамның адамшылығы жақсы ұстаздан болады» дегеніндей, ұстаздық – өте құрметті де, қадірлі мамандық. Ұлы ойшылдың осы бір даналық сөзі әлі күнге өз мәнін жоғалтқан жоқ. Ұстаз – өзінің бар күнін, бүкіл өмірін бала тәрбиесіне сарп етуге бел буған жан. Болашақ ұрпақтың бағбаны, баланың бойына біліммен бірге тәрбие сіңіруші, жанына жарық сәуле сеуіп, көкірегін нұрландырушы. Сондай ұстаздардың бірі – №31 жалпы орта білім беретін мектептің жоғары санатты биология пәнінің мұғалімі, биыл мектеп бітіргелі отырған түлектердің сынып жетекшісі Бақытжан Құмарқызы. Оның сынып ұжымының өзара ынтымақтастық қарым-қатынасын қалыптастырып, оқушының күнделікті өмірі мен әрекетін ұйымдастырудағы, кәсіби бағдар берудегі іс-тәжірибесі өзгелерге үлгі етуге әбден лайық.
Ұйымдастыру қабілеті шебер, бала жанын түсінетін мейірімді, адамгершілігі мол, жаңашыл, ізденімпаз, терең ойлы, жан-жақты білімді, бойындағы бар қасиетті бала жүрегіне дарыта білетін ұлағатты ұстаз өзінің пәнін де өте жақсы көріп, балаларды үйреткенде бар жан-тәнін салып еңбек етеді. Сол ерен еңбегінің нәтижесінде шәкірттері Сағын Ислам мен Хамидуллина Жанбота облыстық, республикалық білім сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ, облыстық «Махамбет оқулары» байқауының жеңімпазы Н.Тауташов, пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалардың, халықаралық конференциялардың жеңімпаздары А.Сұлтангереева, А.Айбарқызы, Н.Сидағалиева, Г.Тұрымтай, Ж.Хамидуллина, А.Сисеноваларды да атап айтуға болады. Оның шәкірттері республикалық «Жол қозғалысының жас инспекторлары» байқауында да жүлдегер атанды.
Ізденімпаз, жаңалыққа жаны құмар Бақытжан Құмарқызының өзі де – облыстық педагогикалық оқулардың жүлдегері. Ол білім жүйесіндегі елеулі еңбегі үшін облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
«Ұстаз ұстаз емес – өз шәкірті үшін күймесе, шәкірт шәкірт емес – өз ұстазын сүймесе…» дегендей, өнегелі мұғалімнің берген тәлімі балаларымыздың өміріне нәр беріп, жүректерінен берік орын алатыны сөзсіз.

Несібелі ҚҰШАҚБАЕВА,
ҚР Білім беру ісінің үздігі,
Атырау қаласы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button