Жарнама
Білім

Ұлт болашағына салынған инвестиция

«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы – Қазақстанның білім беру саласында жүзеге асып жатқан ең ауқымды әрі жүйелі бастамалардың бірі. Бұл жоба тек жаңа мектеп ғимараттарын салумен шектелмейді, ол – білім беру ортасын түбегейлі өзгертіп, оқушылар мен мұғалімдерге қолайлы, заманауи талаптарға сай жағдай жасауды мақсат етеді.

Жаңа мектептер типтік жобалардан 15-20%-ға кең, ал техникалық жарақтандырылуы 4 есеге дейін артық болуы – білім беру процесінің тиімділігін арттырады.

Бүгінгі мектеп тек білім беретін мекеме ғана емес, ол – баланың тұлға болып қалыптасуына ықпал ететін орта. Заманауи эргономикалық жиһаз, интерактивті құралдар, қауіпсіздік жүйелерінің орнатылуы – баланың жан-жақты дамуына және сапалы білім алуына жағдай жасайды. Бұрын бұл мүмкіндіктер тек қалалық элиталық мектептерде ғана болса, енді елдің түкпір-түкпіріндегі оқушылар үшін де қолжетімді болып отыр. Бұл – білім беру саласындағы теңсіздікті жоюға бағытталған өте дұрыс қадам.

Аталған жобаның ауылдық жерлерге де басымдық беруі ерекше назар аударуға тұрарлық.

Жобаның жартысына жуығы ауылдық елді мекендерде жүзеге асып жатқаны – өте құптарлық жағдай. Өйткені сапалы білім – тек қаланың ғана емес, әрбір қазақстандық баланың құқығы. Ауыл балаларына заманауи білім беру ортасын қалыптастыру – олардың болашақта үлкен мүмкіндіктерге ие болуына жол ашады.

Сонымен қатар жобаның ішкі нарықты дамытуға қосып жатқан үлесі зор. Ұлттық жобаның отандық өндірушілерге басымдық беруі – стратегиялық тұрғыдан өте маңызды шешім. Мектептерге қажетті құрылыс материалдары мен жиһаздардың жергілікті компаниялардан сатып алынуы – еліміздің экономикасын қолдауға, жұмыс орындарын сақтауға және отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға өз септігін тигізеді. Бұл – білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтатын дұрыс бағыт.

Жалпы, бұл жоба – тек мектеп салу емес, ол – ұлт болашағына жасалып жатқан инвестиция. Сондықтан мұндай бастамалардың жүзеге асырылуы – мемлекетіміздің стратегиялық даму бағытының жарқын көрінісі.

Саламат ИДРИСОВ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры,

облыстық мәслихаттың депутаты

Сурет: gov.kz

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button