
Үйірмелерге — «бір бала – бір ваучер» арқылы
Өңірде балалар қосымша білім беру ұйымдарына енді ваучер арқылы қабылданады. Облыстық цифрландыру және архивтер басқармасының басшысы Алмас Көпжановтың айтуынша, бұл жүйе осы аймақта тұрып жатқан оқушылардың үйірмелермен еш кедергісіз қамтамасыз етілуі үшін жүзеге асырылып отыр.
–Бұл реформа «бір бала – бір ваучер» қағидасы негізінде іске асырылады, яғни әрбір бала мемлекет қаржыландыратын тек бір үйірмеге немесе секцияға, бір ұйымға ғана қатыса алады. Ата-аналар қаражаты есебінен қосымша сабақтарға қатысуға шектеу қойылмайды. Реформа аясында спорттық немесе шығармашылық үйірмелерге қатысатын барлық балаларға бұрын берілген ваучерлердің күші жойылмайды және оларды пайдалану мүмкіндігі толық сақталады,-дейді спикер.
Жалпы, елімізде 2021 жылдан бастап қосымша білім беру жүйесі қолға алынды. Осы кезеңде 1 миллионнан астам қазақстандық бала жобаға қатысқан. Бөлінген қаражат көлемі 100 млрд. теңгеден асқан. Бүгінде облыста 38 мыңнан астам бала тегін қосымша білім алып жатқан көрінеді. Осы мақсаттарға биыл 9,5 млрд.теңге бөлінген. «Өңірлік әкімдіктермен, балаларды аталған жобамен қамтудың кеңеюіне қарамастан, үдерісті реттейтін заңнамалық базаны және техникалық тәсілдерін жетілдіруді қажет ететін бірқатар жүйелі мәселелер анықталды. Қазір ата-аналар мен қоғамдық ұйымдардан «е-Өтініш» ақпараттық жүйесі арқылы 1 800-ден астам өтініш келіп түсті.
Өзекті мәселелерді шешу үшін облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы жаңа ақпараттық жүйені енгізу бойынша жұмыстар жүргізуде. Ата-аналарға көшу процесін жеңілдету үшін анықтамалық материалдар мен бейне нұсқаулықтар әзірленді»,-дейді Алмас Көпжанов.
Сондай-ақ, спикер өтініштер кері қайтарылмас үшін қандай талаптарды орындау қажеттігін атап айтты. «Егер сіздің балаңызға жүйеде кезекте тұрған екі немесе одан да көп өтініш табылса, онда сізде стоп-парақтан тек бір өтінішті қайтару мүмкіндігі бар, өтінімнің кезекке қайтарылғанын растаған кезде басқа өтініштер мұрағатқа кетеді, яғни кезектен алынады. Бұл процедура 2025 жылдың 23 шілдесіне дейін жүргізілуі керек. Егер бала бір уақытта бірнеше үйірмелерге қабылданса, онда сіздің балаңыздың тіркелген ұйымдарында сабаққа қатысу табелін жүргізу мүмкін емес. Демек, сіздің балаңыз үшін қаржыландыру жүзеге асырылмайды. Осы себепті ата-анаға қабылдау туралы бір ғана белсенді жазба қалдыру керек, ал қалған ұйымдардан шығару процесін іске асыру қажет. Секциядан шығару, яғни аударым жасау үшін ата-ана ұйымның өзіне жүгінуі керек. Әдетте ұйымнан шығару ата-ананың қағаз өтініші негізінде жүзеге асырылады. Сондықтан, ұйым ата-анадан баланы шығаруға өтініш сұрай алады.
Егер сіз ЖСН бойынша өзіңіздің деректеріңіздің немесе балаңыздың деректерінің дұрыс еместігін немесе қатесі бар екенін байқасаңыз, жеке кабинет арқылы дұрыс ЖСН енгізу және жеке деректеріңізге қол жеткізу үшін сұрау жіберу арқылы деректеріңізді жаңартуға мүмкіндігіңіз бар. Сізге 1414-тен хабарлама жіберіледі, оған оң жауап беру керек, осылайша сіз өз деректеріңізді жаңарта аласыз. 1414-тен SMS-ке оңжауап бергеннен кейін жүйеде «Деректерді жаңарту»түймесін қайта басыңыз. Бала секцияға қатысып жүрсе, кезекке қайтадан тұрудың қажеті жоқ. Ол ваучер иегері болып табылады. Ата-аналар ай сайын баланың сабаққа қатысу табелін растауға міндетті»,-деп нақтылады А.Көпжанов.
Айбөпе САБЫРОВА
Сурет: ortcom.kz