Жарнама
Білім

ҰБТ: түлектерді қандай өзгеріс күтіп тұр?

БИЫЛ ОБЛЫСТА 5683 ОҚУШЫ МЕКТЕП БІТІРГЕЛІ ОТЫР. ОНЫҢ ІШІНДЕ 83 БАЛА «АЛТЫН БЕЛГІДЕН», 155 БАЛА ҮЗДІК АТТЕСТАТТАН ҮМІТТІ. АЛ, ҚАҢТАР АЙЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУГЕ ӨТІНІШ ҚАБЫЛДАУ БАСТАЛЫП, ТҮЛЕКТЕР БАҚ СЫНАУҒА КІРІСТІ. БҰЛ ТУРАЛЫ ӨҢІРЛІК КОММУНИКАЦИЯЛАР ОРТАЛЫҒЫНДА ӨТКЕН БАСПАСӨЗ МӘСЛИХАТЫНДА ОБЛЫСТЫҚ БІЛІМ БЕРУ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ АЙНАГҮЛ ДҮЙСЕКЕНОВА ХАБАРЛАДЫ.

– Басқарма мемлекеттік емтихандар туралы білім беру мекемелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, биылғы оқу жылының жаңашылдықтары туралы жан-жақты ақпараттар беріп жатыр. Мемлекеттік емтиханнан бөлек жоғары оқу орнына түсу үшін Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы бар, ол жылына төрт мәрте өткізіледі. Қаңтар, наурыз, мамыр және тамыз айларында. Қаңтар, наурыз және тамыз айларында өтетін ҰБТ-ға барған оқушылар сынақ қорытындысымен тек ақылы негіздегі оқу орындарына құжат тапсыра алады. Бүгінде 20 желтоқсаннан бері тестілеуге өтініш қабылдау да жүріп жатыр, бұл 6 қаңтарға дейін жалғасады. Ол үшін балалар ұялы телефонындағы мобильді қосымшасы немесе компьютер арқылы testcenter. kz. сайтына кіреді. Үміткер сайтта көрсетілген сынақты қалай тапсыру керектігі жөнінде арнайы нұсқаулыққа сай жұмыс жасайды. Қаңтардағы ҰБТ-ға биылғы түлектер мен жоғары оқу орнына академиялық кезеңге шартты түрде қабылданған студенттер қатыса алады. Ал, соңғы санаттағылар – өткен оқу жылында бірнеше мәрте ҰБТ тапсырып, тиісті деңгейде өз мамандығына сәйкес ұпай жинай алмағандар, — деп түсіндірді Айнагүл Байғанинқызы.

Оның айтуынша, тестілеудің бір нәтижесі екіншісіне әсер етпейді, яғни екінші тестілеудегі нәтижені жоя алмайды. Ал, нәтижесі мемлекеттік грантқа жолданатын тестілеу 16 мамыр мен 5 маусым аралығында өтеді. Облыстағы тестілеу орталықтары Атырау және Құлсары қалаларында орналасқан. Тестілеу «1 компьютер – 2 камера – 1 тестіленуші» қағидаты бойынша жүзеге асады. Баспасөз мәслихаты барысында аймақтағы колледждер, ондағы білім беру мен тәрбие жұмыстары туралы да айтылды. Облыста 24 (17 мемлекеттік, 7 жекеменшік) колледж болса, онда 18745 студент білім алуда. Колледж студенттерін жатақханамен қамту ісі де жақсарып келеді.

– Колледжге оқуға түсушілердің қызығушылығы жылдан жылға артып келеді. Соған сәйкес, мемлекеттік гранттар саны да көбейіп отыр. Биыл 4033 студент I курсқа мемлекеттік тапсырыс негізінде қабылданды. Мемлекеттік колледждерден бөлек, 3 жекеменшік колледж мемлекеттік тапсырыс алып, балаларға тегін оқу мүмкіндігін берді. Былтырғымен салыстырғанда гранттар саны 733-ке көбейді. Қазір шығармашылықты қажет ететін колледждерге арнайы емтихан негізінде қабылданса, басқа колледждер үшін оқуға қабылдау мектептегі сабақ үлгерімі, яғни аттестаттың орта балымен байланысты. Сонымен қатар, мемлекеттік гранттарға конкурс кезінде автоматтандырылған білім платформасы арқылы қабылданады, — деді спикер.

Мәлике МӘЛІКҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button