Асхат Аймағамбетов: 12 жылдық тәжірибесі бар ауыл мұғалімі 400 мың теңгеге жуық жалақы алады

ashat2 Білім

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов Павлодар облысындағы ауыл мұғалімдерімен кездесті.

«Павлодар облысының білім беру нысандарын аралалап, жетекші ауылының мектебінде мұғалімдермен әңгімелесіп, оқу бағдарламалары мен жазғы мектептің қорытындысын талқылады. Сондай-ақ жалақы тақырыбы да назардан тыс қалмады. Мысалы, 12 жылдық тәжірибесі бар информатика пәнінің мұғалімі жалақысы 400 мың теңгеге жуық екенін және бұл ауыл мектебі үшін жақсы табыс екенін айтты. Жалпы мектептің жағдайы қанағаттанарлық, сабақ өткізуге жақсы жағдай жасалғанымен, «Оқуға құштар мектеп» жобасы тиісті деңгейде орындалмаған, сатып алынған әдебиеттер министрліктің ұсыныстарына сай келмейді және балаларға қызықты басылымдар аз. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуі қажет», – деп жазды министр желідегі парақшасында.

Сонымен қатар министрн ақпараттық технологиялар колледжінде болды.

«Колледждің бұрын қандай болғанын және қазір қандай жағдайға жеткенін ескерсек, атқарылған жұмыстар таң қалдырады. Өңір басшысының ТжКБ-ны және оның ішінде осы колледжді дамыту мәселесіне атсалысып жатқаны қуантады. Былтыр осы колледждің студенті елімізге EuroSkills сайысынан медаль алып келген болатын. Ол «Веб-дизайн» бағыты бойынша сайысқа түсті. Кемеңгер ауылындағы тағы бір колледж ветеринар дайындығы бағыты бойынша жұмыс істейді. «Жас маман» жобасының арқасында колледждің материалдық-техникалық базасы жақсартылған. Колледждің жұмысқа орналастыру, оқу шаруашылығын дамыту және дуалды оқыту бойынша жақсы көрсеткіштерін атап өтуге болады.

Білім беру ұйымдарын аралағаннан кейін барлық басшыға тиісті тапсырмалар берілді», – деп толықтырды Асхат Аймағамбетов.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз