ҰБТ өмірдің соңы емес!..
Ұлттық бірыңғай тестілеу – тағдыршешті сынақ болмағанымен, бала болашағына жол салар маңызды сәт. Сол сынақтан сүрінбей өткендер ғана ата-анасына ауыртпалық салмай, тегін білім алуға қол жеткізеді. Сондықтан білімінің нәтижесін көрсету – әр мектеп бітіруші түлектің басты мақсаты.
Жүзеге асқанына жиырма жыл болған ҰБТ-ның о бастағы заңдылығын қазіргімен салыстыра алмайсыз. Әсіресе, оның өткізу барысына елде пандемия басталған жылдар біраз өзгеріс әкелді. «Бір тестілеуші – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша тестілеудің талабы күшейіп, сынақ сәтінде әр түлек қатаң бақылауға алынды. Ал, биыл үлкен өмірге қадам басқалы отырған оқушылар үшін ҰБТ-да қандай оң өзгерістер болады? Баланың қалаған мамандығына қол жеткізуі үшін нендей мүмкіндіктер бар?
Ең тиімдісі – электронды жүйе
Мамандардың айтуынша, электронды форматтағы ҰБТ-ның ерекшелігі көп. Біріншіден, өз нұсқасына күмәнданған оқушы сол сұраққа қайта оралып, кері түзете алады. Ал, бұлай жасау бұрын мүмкін емес еді. Сынақтың жауап парағы арқылы да жүргізілген кезі болды. Шешуші сәтте қобалжып, жауап парағын қате белгілеп, бір пән мен екіншісінің орнын алмастырған да оқушылар табылды.
Екіншіден, электронды форматқа көшу қағаз үнемдеуге мүмкіндік беріп, мемлекетке пайда әкелді. Өйткені, бұрын ҰБТ өткізуге ел қазынасынан 1 млрд. теңге бөлініп келсе, электронды жүйе енгізілгелі шығын көлемінің 50-60 пайызға дейін азайғаны белгілі болды. Қажеттілікке байланысты өңірлерге жеткізілген жаңа компьютерлер мен камералар да ұзақ жылдар игілікке жарайтындықтан әлдеқайда тиімді болды. Жаңа жүйенің ел үшін экономикалық тұрғыдан артықшылығы осы болса, оқушы үшін де оңтайлы болып отыр. 2021 жылы басталған жүйедегі бұл өзгеріс оң тиімділігін дәлелдеді.
Алғашқылардың бірі болып сынақты электронды түрде тапсырғандардың бірі №35 мектеп-гимназияның түлегі, Халықаралық инженерлік-технологиялық университетінің III курс студенті Қуандық Айболатұлы. Мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, бүгінде Алматыдағы жоғары оқу орнының студенті атанған ол білім сынағын тапсыруға электронды форматтың қолайлы болғандығын айтып берді.
Жүйедегі өзгеріс біздер мектеп бітіретін жылы енгізілді. Негізгі пәнге физиканы таңдаған болатынмын. Өйткені, техника маманы болғым келді. Электронды формат қолайлы болып, сұрақтарға рет-ретімен жауап беріп отырдым. Қиындық келтірген тұстарын кері айнала, әбден ойлана келе белгіледім, нәтижесі жаман болмады. Бүгінде мемлекеттік грантқа қол жеткізіп, тегін білім алудамын, — деген ол елімізде ҰБТ тапсырып, тегін білімге қол жеткізуге мүмкіндік барын айтты.
Сұрақтар саны қысқарды
Облыстық білім беру басқармасының бас маманы Дина Стамғалидың айтуынша, ҰБТ-дағы пәндер саны өзгеріссіз қалғанымен (үшеуі міндетті және екеуі таңдау бойынша) кейбір пәндердің тапсырмалары 5 сұраққа қысқарған.
– Биылғы оқу жылында «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» міндетті пәндерінен тапсырмалар саны 5 сұраққа қысқарып отыр. Керісінше, бейіндік пәндердің сұрақтар саны артты. Ол 40 тест тапсырмасынан тұрады. Атап өтейін, бейіндік пәндерде берілген тізімнен сәйкестікті анықтауға арналған 5 тапсырма қосылады. Осылайша, ҰБТ тапсырмалар саны өзгеріссіз қалады, жалпы – 120 сұрақ. Оның ішінде, «Қазақстан тарихынан» – 20, «Оқу сауаттылығынан» – 10, «Математикалық сауаттылықтан» 10 тапсырма және екі бейіндік пән бойынша 40 тапсырма. Ең жоғары балл да өзгеріссіз, — деді Д.Стамғали.
Оның айтуынша, талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Сертификат аппеляциялық комиссияның шешімінен кейін талапкердің жеке кабинетінде қолжетімді болады.
Қосымша 40 минут беріледі
Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталатынын айта кету керек.
Биыл елімізде мектеп бітіретін ерекше балалардың басым көпшілігі жоғары білім алуға ынталы. Сондықтан оларға сынақ кезінде тапсырмаларды толықтай игеру үшін қосымша 40 минут уақыт беріледі. Көп балалы отбасылар мен мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасыларға мемлекеттік грантқа квоталар қарастырылған. Дегенмен, грантқа қол жеткізу баланың әлеуметтік отбасылық жағдайынан бұрын оның тестілеу кезіндегі алған нәтижесіне, біліміне, яғни балл көрсеткішіне байланысты болатынын қаперге берген жөн.
Осындай ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында өткен наурыз айындағы ҰБТ-ға 252 талапкер қатысқан.
Үздіктердің ордасы
Облыстық білім беру басқармасының хабарлауынша, биыл облыста «Алтын белгіге» үміткерлердің жалпы саны 160-қа жуықтаса, оның басым көпшілігі облыс орталығындағы мектептерде. Мәселен, биылғы оқу жылында облыстық ұлттық гимназияда 8 оқушы – «Алтын белгі» белгісіне, 11 оқушы – «Үздік аттестатқа» үміткер.
– Биыл мектебімізден 63 оқушы бітіріп шығады. III тоқсандағы мектеп бойынша бұл балалардың білім сапасы 98,4%-ды құраса, оның ішінде 19 оқушы – оқу озаты, 43-і – оқу екпіндісі. Бүгінде бітіруші түлектердің 62-сі ҰБТ тапсыруға дайындалуда. Мектебіміздегі жүйелі дайындықтың нәтижесінде оқушыларымыз жақсы нәтижеге жетуде. Өткен оқу жылында түлектердің 5-уі «Алтын белгіге» ие болса, 4 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды. Ал, 2024 жылы ақылы негізде өткізілген Ұлттық бірыңғай тестілеуге 62 оқушы қатысты. Қаңтар айында өткен тестілеу қорытындысымен орта балл – 91,1, наурыз айындағы тестілеу қорытындысымен 98,2 орта балл көрсетті. Таңдау пәндері бойынша оқушылардың басым көпшілігі, яғни 43 оқушы жаратылыстану-математика бағытын таңдап отыр, — дейді облыстық ұлттық гимназияның директоры Шынаргүл Имашова.
Оның айтуынша, «Алтын белгі» белгісіне үміткер оқушылардың бүгінге дейін өткен тестілеуден жинаған ұпайлары жоғары. Сондықтан олар арнайы белгіге қол жеткізеді деген үміт бар.
Грант саны көбейді
Мектеп бітіруші түлектер мемлекеттік грантқа қол жеткізу үшін мамыр мен шілде айлары аралығында тестілеуді екі мәрте тапсырып, ең жоғары деген балмен мемлекеттік грантқа өтінішін бере алатыны белгілі. Бүгінге дейін өткізілген ҰБТ нәтижелерін ақылы негіздегі оқуға ғана ұсына алады.
Президенттің қолдауының арқасында жыл сайын жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік көбейіп, мақсатты гранттар бөлініп келеді. ҰБТ-ның электронды форматқа көшуі оны барынша әділ ете түссе, гранттар санының артуы түлектердің «тегін оқуға түсемін» деген үмітін арттыра берері анық.
Елдегі су тасқынының зардабына байланысты кейбір жоғары оқу орындары төтенше жағдай орын алған облыстардың түлектеріне арнап қосымша гранттар бөлетіндерін хабарлауда. Мәселен, AlmaU ЖОО аталған жағдайдағы өңірлердің 7 түлегіне бакалавриат дәрежесіне грант бөлетіндерін мәлім етті. Ол үшін талапкер соңғы ҰБТ сынағының сертификаты мен мотивациялық хатын Алматы менеджмент университетінің қабылдау комиссиясына 2024 жылдың 31 мамырына дейін өткізуі қажет. Гранттар әрбір талапкердің жеке қажеттіліктері мен қабілеттерін ескере отырып конкурстық негізде беріледі. Грант иегерлерінің есімін арнайы комиссия анықтайды. Бір ескерерлігі, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға басымдық беріледі екен.
Шекті балл – 50
Жоғары балл саны 140 болса, шекті деңгейі әр мамандық бойынша әртүрлі болып келеді. Өткен наурыз айындағы ҰБТ-ға еліміз бойынша 117 түлек қатысса, талапкерлердің 75 пайызы шекті балды жинаған. Ғылым және жоғары білім министрлігінің өкілдері мәлімдегеніндей, ең жоғары балл көрсеткіші –137, ал орташа балл 69-ды құрап отыр.
Сондай-ақ, тестке қатысушылардың басым бөлігі «Биология-химия» комбинацияларын, содан кейін «Математика-физика» пәндерін таңдаған. Атап өтер болсақ, қаңтар ҰБТ-сының қорытындысы бойынша талапкерлер «Оқу сауаттылығын» жоғары деңгейде тапсырған. Бұл пән бойынша оқушылар орташа есеппен сұрақтардың 77 пайызына дұрыс жауап берген. Ал, «Физика» тапсырмаларын талапкерлердің 34 пайызы дұрыс орындаған. Кейін бұл пән бойынша түлектерге «Механикалық толқындар» тақырыбы қиынға соққаны белгілі болды.
Түйін:
ҰБТ-ға енгізілген жаңашылдықтар жүйеге оң серпін әкеліп қана қоймай, талапкерлерге де қолайлы жағдай тудырмақ. Жыл сайын сынақ кезінде оқушылардың эмоционалды күйзеліске тап болатынын ескертетін психолог мамандар ҰБТ күнін таңдап, бірнеше рет мүмкіндік беру оқушыға зор сенім сыйлағанын айтуда. Иә, ҰБТ – тестілеу өмірдің соңы емес, одан кейін де жетістікке жетуге болады. Тек іс нәтижелі болуы үшін талапкер табандылықпен алған беттерінен қайтпай, үнемі ізденуі керек. Өйткені, «білім – инемен құдық қазғандай»…
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА
Талапкерлер тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға бере алады. Сертификат апелляция туралы шешім қабылданғаннан кейін тест тапсырушының жеке кабинетінде қолжетімді болады.
- Наурыз айындағы ҰБТ барысында 127 ереже бұзушылық анықталған.
- Оның ішінде 71 талапкер смартфон, «шпаргалка» және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылған.
- Тест тапсыру кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан
- 51 адам шығарылып, бейнежазбаларға талдау жүргізу нәтижесінде 5 адамның нәтижесі жойылыпты.