ҰБТ-2021: Үміткерлерге – тең мүмкіндік
Елдегі пандемия жағдайына байланысты ҰБТ биыл алғаш рет электронды форматта өтеді. «Бір тест тапсырушы – бір компьютер – бір камера» қағидаты бойынша ұйымдастырылып, мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлерге Ұлттық бірыңғай тестілеуді екі мәрте тапсыруына мүмкіндік беріліп отыр.
Грант алуға жол ашады
Енді талапкерлерге ҰБТ-да кітапшаның қағаз нұсқасы мен жауап парағы керек болмайды. Себебі үміткерлер тестілеуді компьютер арқылы тапсырады. Компьютерлік ҰБТ-ға өтініш Ұлттық тестілеу орталығының http://app.testcenter.kz/ сайты арқылы беріледі. Тіркеу онлайн режимде жүргізіледі және оған ешқандай құжат пен фотосуреттер қажет емес. Абитуриент сайтқа кіріп кез-келген тестілеу пунктін, ҰБТ тапсыру күні мен өзіне ыңғайлы уақытты таңдайды.
Ұлттық тестілеу орталығы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетіндегі филиал басшысы Есенжол Мухамбеталиевтің айтуынша, мемлекеттік білім грантын ұтып алуға ниеттенген үміткерлер ҰБТ-ны екі мәрте тапсыра алатынын баяндады. Егер талапкер сәуір айында тестілеуден өткен болса, екінші рет оны араға бірнеше күн салып немесе алдағы екі айда тапсыру мүмкіндігі болады. Дегенмен, тестілеуге бір күнде 2 рет қатысуға тыйым салынған. Мемлекеттік білім беру грантын алу конкурсына қатысу үшін оқуға түсуші ең жақсы нәтижесі бар сертификатты ұсына алады. Бұл үміткерлердің грант ұтып алу мүмкіндігін айтарлықтай арттыра түспек.
- Биыл жаңа форматқа сәйкес міндетті пәндер қатарына жататын Қазақстан тарихынан – 15, оқу сауаттылығынан – 20, математикалық сауаттылықтан – 15, ал екі бейіндік пән бойынша барлығы (1.Бейіндік пән – 35, 2.Бейіндік пән – 35) 70 тапсырма беріледі. Тестілеуге жалпы 4 сағат (240 минут) уақыт қарастырылған. Шығармашылық емтихан 65 минут болады.
Балалардың бәрі дайын
Облыс бойынша 3 тестілеу орталығы жұмыс жасайды. Олар Атырау, Құлсары қалалары мен Құрманғазы ауданында орналасқан. Электронды емтиханның артықшылықтарына тоқталған облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Айнагүл Дүсекенова бұл жүйе уақытты үнемдейтінін атап өтті.
Тест тапсырушы енді бұрынғыдай парақтағы дұрыс жауапты белгілеу үшін оны бояп уақыт жоғалтпайды, техникалық қатеге жол бермейді. Өзінің белгілеген жауабын қайтадан қарап, жауабын бірнеше мәрте өзгертуіне де мүмкіндігі бар. Тест сұрағының мазмұнына байланысты мәселе туындаса сауалын тестілеу аяқталған соң 30 минуттың ішінде апеляцияға жолдауына болады.
- 15 сәуір мен 30 маусым аралығында мемлекеттік грантқа нәтижесі тапсырылатын ҰБТ өтеді. Бұл ақысыз түрде жүргізіледі және мемлекеттік грантқа тапсыру үшін үміткер екі рет тестілеуге кіре алады. Түлек аталған уақыт аралығында өзіне қолайлы екі күнді таңдап, екі мәрте тапсырады. Қайсысынан жақсы нәтиже көрсетсе, сол қорытындымен мемлекеттік грантқа өтінішін береді.
Шекті балл – 65
- Аймақта 5500 жуық мектеп бітіруші түлек болса, соның 84 пайызы ҰБТ тапсыруға өтініш білдірген. Тағы бір жаңалық – педагогикалық мамандықтар бойынша білім беру грантын тағайындау конкурсына қатысу үшін шекті балл 75-ке дейін ұлғайтылған. Түлек ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін кемінде 65, ал басқа жоғары оқу ұйымдарына кемінде 50 балл жинау керек.
Ал көпшілікке білім сынағының әділ өтуіне алаңдамауына да болады. Өйткені, тестілеу процесін қосымша ахуалдық орталық бақыламақшы. Ашықтық пен объективтілікті қамтамасыз ету үшін ҰБТ-ға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің арнайы мониторингтік тобы мен «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері шақырылады. Ол үшін аймақта арнайы комиссия құрылған. Оның төрағасы – облыстық білім беру басқармасы басшысы. Сондай-ақ, тестілеу кезінде оқушыларға қажет болған жағдайда алғашқы жәрдем көрсету үшін медициналық көмек ұйымдастырылған.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА