Түлектер туған жеріне көпір сыйлады
Атырау облысы Қызылқоға ауданындағы Мұқыр елдімекенінің түлектері туған ауылдарына жаяу жүргіншілерге арналған жаңа көпірді сыйға тартты.
Облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарованың айтуынша, Мұқыр орта мектебін 2004 жылы бітірген түлектер 6-шы ауыл тұрғындарының қажеттіліктерін ескере отырып, жаңа көпір салуды ұйғарған.
-Мектеп бітіргенімізге 20 жыл толуына орай баршамыз жиналып, ауылға көпір салып беруді қолға алған болатынбыз. Себебі ауылдың “6-шы ауыл” аталып кеткен көшесінде сай бар. Жыл сайын бұл сайда қыста жауған қар суы еріп, орталықта орналасқан мектепке ауыл балаларының жетуі қиындық тудырады. Біз осы мәселенің шешімін табуға тарыстық. Бұл көпір жас буынның сабақтан қалыс қалмай, мектептен қол үзбеулеріне септігін тигізеді, — дейді мектеп түлегі Аслан Табынбаев.
Айта кету керек, мектеп түлектері бұл игі істі ұйымшылдықпен атқарып, үш айда құрылысты аяқтады. Көпірдің ұзындығы — 18 метр, ені — 1,5 метр.
Асылым ЖАҢАЙ