
Түлек-2025: Сәттілік серігің болсын!
Қазіргі қоғамда жастардың орны ерекше. Олар – елдің болашағын құратын, алға жетелейтін маңызды күш. Жастар – жаңа идеялар мен тың бастамалардың иесі. Білімге құштарлық, заманауи технологияларды меңгеру, әлемдік жаңалықтарға сергек көзқарас – осының бәрі жастарды өзгелерден ерекшелеп тұрады.
Бүгінгі жастар сан қырлы: бірі кәсіпкерлікті меңгеріп, жаңа өндіріс көздерін ашып жүрсе, бірі өнер мен мәдениетті өркендетуге үлес қосып жатыр. Көптеген жас спортта биік белестерді бағындырып, ел мерейін үстем етуде. Енді бірі ғылым мен технология саласында тың жаңалық ашып, қоғамның дамуына жол ашып жүр. Бұл – еліміздің болашағының жарқын екенін көрсететін айқын дәлел. Сондай-ақ, жастарға артылар жүк те жеңіл емес. Қоғам олардан тек жетістік пен алға басу емес, сонымен қатар адалдықты, еңбекқорлықты, ұлттық құндылықтарға деген құрметті талап етеді. Тек білім мен табыс қана емес, жүректегі ізгілік пен әділеттілік те жастардың өмірлік қағидалары болуы тиіс.
Сондықтан жастарға тек талап қою емес, оларға бағыт-бағдар беріп, дұрыс жол сілтеу де маңызды. Қоғамда жас таланттарды қолдайтын, оларды өз әлеуетін ашуға жетелейтін жобалар көп болуы керек. Білім мен ғылымды дамытуда жастардың ұсыныстарын тыңдап, олардың тың идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндік жасау – елдің ертеңгі жеңісі мен жемісі деп білемін. Қазір менің сыныптастарым тарыдай болып кірген «алтын ұядан» түлеп ұшып, жаңа өмірге қадас баспақшы. Бүгінде олар емтихан тапсырып, сын сәттердің бірі ҰБТ тапсыру үстінде. Осынау сындарлы кезеңде өзім секілді мектеп түлектеріне тек сәттілік тілеймін. Бұл мақалам арқылы оларға мотивациялық күш беріп, сынақтардан сүрінбей өтулеріне тілектестігімді білдіргім келеді.
Бибінұр НҰРЛАНОВА,
Әл-Фараби атындағы BINOM SCHOOL мектеп-лицейінің түлегі