Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев орта мектебінің 350 орындық жапсаржай құрылысы келер жылдың қаңтар айында аяқталады
Бұл туралы Исатай ауданының әкімі Полымбет Хасанов «Исатай ауданының 2022 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы және алдағы міндеттері» туралы баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Ауданда 2022-2023 оқу жылын жалпы білім беретін 15 мектеп 5 327 оқушымен бастап, жаңартылған білім бағдарламасы, білім сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарымен жалғастыруда. Міндетті оқу қорынан бөлінген қаражатқа әлеуметтік қолдауды қажет ететін 523 балаға 16 миллионға жуық теңгеге киім-кешек алынған.
-Х.Наубетов, Ғ.Мәсәлімов, Ф.Оңғарысынова атындағы орта мектептеріне 77 миллион теңгеге жәй жөндеу жұмыстары және кітапхана мен асханаларға модернизация жасалып, толықтай аяқталды. Өткен жылы басталған Зинеден ауылындағы Ю.Гагарин атындағы орта мектебіне күрделі жөндеу жұмыстары да аяқталды. Сонымен қоса Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектебіне қосымша салынып жатырған 350 орындық жапсаржай құрылысы 2023 жылдың қаңтар айында аяқталады деп жоспарлануда,- деді аудан әкімі.
Сонымен қатар оның айтуынша, оқушылардың қосымша біліммен шұғылдануына, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыруына жағдай жасау мақсатында қараша айында Аққыстау ауылынан «Өнер мектебінің» құрылысы басталды.