Тоқсаннан астам кәсіпорынмен серіктес оқу орны
Қазір С. Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті 90-нан астам кәсіпорынмен серіктестік орнатқан, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Соның нәтижесінде студенттер оқу орны қабырғасында алған теориялық білімдерін тәжірибе барысында бекітуге мүмкіндік алып отыр.
Жоғары білім беру жүйесінде тиімділігін көрсеткен бағдарламаның бірі – дуалды оқыту. Оқу орны осы бағдарламаны елімізде алғашқылардың бірі болып енгізді. Қазіргу уақытта 3-курс студенттері Алижан Есенжанов пен Нұржан Мұхан дуалды оқыту бағдарламасы бойынша «Жігермұнайсервис» ЖШС-нде жұмыс істеп жүр. Зауытпен серіктестік аясында студенттер Ibarmia станогын қолданудың техникалық аспектілерімен танысып қана қоймай, өз білімдерін іс жүзінде бекітеді.
Сандық бағдарламалық басқарылатын токарлық-фрезерлік станок стандартты емес жиынтықтауыштар, үлкен диаметрлі PDC бұрғылау қашаулары, субұрқақ арматурасының қосалқы бөлшектері секілді басқа да мұнай кәсіпшілігінде маңызды металл бөлшектерін өңдеуде пайдаланылады.
-Студенттердің білуге, үйренуге деген ынтасы жақсы.
Инновациялық жабдықтарда жұмыс істеуді қызығушылықпен үйреніп алады. Біз де білгенімізбен бөлісіп, бағыттап жібереміз, — дейді «Жігермұнайсервис» ЖШС шебері Нұрдәулет Оразов.
Индустрия 4.0 қалыптастыру үшін еңбек нарығындағы талаптар мен технология өзгерісіне бейімделе алатын, бәсекеге қабілетті, белсенді мамандар даярлау маңызды. Өңірлік университеттің осы бағыттағы жұмысы жаңа деңгейге көтеріліп келеді.