Арман қуған жастар едік…

Бұдан дәл елу жыл бұрын Гурьев педагогикалық институтының (қазіргі Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті) тарих-филология факультетінің қазақ тобын жүзге тарта түлек бітірген едік.

Ең алғаш студент болған кезіміз де көз алдымда. Жиырма күн оқыған соң барлық бірінші курстың студенттерін оңтүстік өңіріне мақта жинауға жіберді. Жетекшіміз Бертай Исмаилов деген өте мейірімді, аққұба келген егделеу мұғалім болды.               

Таңертең малшынған шық, түсте шақырайған ыстық, бұрын жұмыс істеп көрмеген біздерге қиындау болғаны рас, қолымызды мақтаның қатты қауашақтары да жырып-жырып тастайды.

Сәл босаңси бастасақ, Бертай ағай: «Истфилфак, алға!» – деп сұр қалпағын жоғары көтереді. Не дегенмен көбіміз Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің ұрпағы емеспіз бе, дереу жауды құртқандай мақтаға қарсы шабуылға шығып, жүйекті еңсеріп-ақ тастаймыз. Қолдың терісі жарылып, бет қоңырайып, жоспарымызды орындау үшін әбден қас қарайғанша алқаптан қайтпайтынбыз.  

Институт ректоры Сәуірбай Тоқманұлы Қожабаев ағай болатын. Бұйра шашын шалқасынан қайыратын, маңдайы кере-қарыс қызылшырайлы,  жылы жүзді ағай бізге бірінші курста партия тарихынан дәріс оқыды. Барлық тарихи дерек, цифрларды жатқа айтатын, қолындағы жазбаларына еш қарамайтын. Осы үрдіс барлық мұғалімдерге де тән еді. Саяси экономикадан сабақ берген Нұрбақыт Өтегенов, ғылыми коммунизмнен дәріс берген Ермек Иманқұлов, Дәржан Баяндиев, Күләш Қайырбекова, Махмуд Абдолов, Зұлхарнай Алдамжаров, Жорес Сарсенов, Қадіржан Сейталиев, Абылай Лұқпанов сынды мұғалімдеріміздің қоңыр үндері әлі де құлағымызда тұрғандай. Аудиторияға жай басып кіріп, үлкен де мейірімді көздерімен бәрімізді бір шолып, үнсіз түгендеп шығатын Сабыр аға Қазыбаев бізге әкеміздей көрінетін еді-ау. 

Тарих факультетінің екінші  тобы  институт бойынша үздік оқыдық, тең жартымыздың суретіміз озаттар тақтасында тұратын.  Институтты  бітіріп, жан-жаққа жолдамамен жөнелдік. Арамыздан Аманқостай ақын да, Зәмзәмдай ғалым да, Ғанидай комсомол қызметкері де, Зәуреш, Төлегендей жоғары оқу орнының оқытушылары да, Түйешібайдай спорт шебері де шықты. 

Жансекер  БӘБИҚЫЗЫ,

жоғары санатты

әдіскер мұғалім,

ҚР Білім беру ісінің үздігі,

Исатай ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз