Тірек мектептермен байланыс жалғасуда

img 20221102 wa0058 Білім

Атырау қаласындағы NIS-те «Ауылдық жердегі тірек мектептердің әлеуетін дамыту» жобасы аясында республикалық семинар өтті. 

Оған Ақтөбе облысының Бестамақ, Атырау облысының Қадыр Мырза Әлі, Маңғыстау облысының Күйкен, Батыс Қазақстан облысының №5 орта мектептерінен 161 ауыл ұстазы келіп қатысты. Оларға білім беру бағдарламалар орталығынан 13 тренер келіп, дәріс берді.

Жобаның басты миссиясы – қала мен ауылдық жердегі білім беру арасындағы алшақтықты жою, оқушылардың оқу жетістіктерін арттыру, тірек мектептердің білім сапасын арттыру.

  • Осы жобаға қатысқаныма өте қуаныштымын. Ақтау қаласында да аталмыш бағдарламамен алдын ала танысып, үлкен дайындықпен келдік. Бұл жобаға қатысқан сайын өзімізге не керегін үйреніп, әлі де жетілдіру қажет тұсымызды анықтап жүрміз. Астанадан арнайы келіп үйретіп жатқан тренерлерге алғысымыз шексіз. Олардың аудитория алдында өздерін ұстауы, айтқан тақырыптарының мазмұнын аша білуі нағыз кәсіби деңгейлерін танытып тұр. Қазақстанда мұндай жобалар көбейе берсе екен деп тілейміз, – дейді Бестамақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі, модератор ұстаз Ізбасар Ізімов.

Айта кету керек, бұл жоба аясында материалдық база мен барлық инфрақұрылымды жаңарту, қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру, жүйелі мониторинг және педагогикалық ұжымды әдістемелік қамтамасыз ету, ең өзекті тақырыптар бойынша көптеген семинарлар, тренингтер, практикумдар мен тағылымдамалар өткізу жоспарланған болатын. 

Атырау облысы, Құрманғазы ауданындағы Қадыр Мырза Әлі орта мектебінің орыс тілі пәні мұғалімі Анаргүл Батырбекова да өткен семинардан тың ақпараттарға қаныққанын жеткізді.  

– Кешеден бері өтіп жатқан семинардан өте жақсы әсердемін. Тек маңызды, пайдалы көп ақпарат алудамын. Жалпы, орыс тілі бағытындағы секцияға қатысып жатырмын. Мұндағы мақсатым, оқушылардың функционалдық сауаттылығын арттыру. Соған байланысты көптеген тапсырмалар орындадық. Тренеріміз өте жақсы үйретіп жатыр. Өзі дайындап әкелген жұмыс дәптерімен жұмыс жасадық, – деді зерттеуші-ұстаз. 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз