Тест тапсыру тәртібі хақында
ҰБТ-ға өтініш қабылдау кезеңі 10 наурыз – 25 сәуір аралығында жүзеге асады. Тестілеуден босатылатындар қатарына жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың соңғы үш жылдағы жеңімпаздары, автономиялық білім беру ұйымдарының, халықаралық мектептердің бітірушілері жатады. Оларға тест қорытындысы бар сертификат беріледі. Халықаралық алмасудың желісі бойынша оқитындар, денсаулығы мен отбасы жағдайына байланысты қатыспағандар (жақын туыстары қайтыс болған жағдайда, төтенше жағдайларда) арнайы анықтамалары болған жағдайда кешенді тестілеуге жіберіледі.
ҰБТ бес пән бойынша: қазақ немесе орыс тілі (оқыту тілі), математика, Қазақстан тарихы, орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілі және қазақ тілінде оқытатын мектептерде орыс тілі және таңдаған мамандыққа байланысты бекітілген мамандықтар тізбесіне сәйкес таңдау пәні бойынша пәндердің біреуіне сәйкес өткізіледі. ҰБТ нысанында тапсырылатын мектеп бітірушінің таңдау пәндеріне: география, физика, биология, химия, дүниежүзі тарихы, қазақ әдебиеті (орыс әдебиеті), шет тілі енеді.
Шығармашылық немесе арнайы дайындықты қажет ететін мамандықтарды таңдаған бітірушілер үшін төртінші пәнді таңдау ерікті, олар одан кейін қосымша шығармашылық емтихан тапсырады. Педагогикалық мамандықтарға түсуге жоспарлаған бітірушілер үшін таңдау пәні бекітілген тізбеге байланысты таңдалып, ары қарай арнайы емтихандар (психологиялық тестілеу және педагогикалық жағдайды шешу) өткізіледі.
ҰБТ жалпы білім беретін оқу бағдарламалары негізінде әзірленген тест тапсырмаларының көмегімен өткізіледі, олардың мазмұны көрсетілген бағдарламаның шеңберінен шығуы мүмкін емес. Әрбір пән бойынша тест тапсырмаларының саны – 25. ҰБТ-ның нәтижелері 125 балдық жүйе бойынша бағаланады және жалпы орта білім туралы аттестат алу үшін бес балдық жүйе бойынша бағаға ауыстырылады. Аттестатқа ҰБТ шеңберінде тапсырылған жалпы білім беретін пәндер бойынша жылдық баға – есептелген орташа арифметикалық баға қойылады.
Дау тудыратын жағдайда, бағаны дөңгелектеп көтеру жағдайы жасалады. Тестілеу ҰБТ өткізу пунктінде 1-15 маусым аралығында өтеді, оған толық 3,5 астрономиялық сағат беріледі. Тестілеуге қатынасушы тестілеуге кірер алдында өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжат және ҰБТ-ға кіруге рұқсаттамасын, қара сиялы қалам алып келуі қажет.
Бітірушілерге тестілеуге келген кезеңде калькулятор, фотоаппарат, ұялы байланыс құралдарын (пейджер, ұялы телефон, планшет және басқаларын), ноутбуктар, плейерлер және анықтамалық құжаттарды (Менделеев кестесі мен тұздардың ерігіштік кестесінен басқа) қолдануға және аудиторияға алып кіруге қатаң тыйым салынады.
Ұлттық тестілеу орталығының Атырау облыстық №30 филиалы қызметкерлері қала мектептерін аралап, ата-аналармен, оқушылармен арнайы кездесті. Олар бұл жүздесулерде биылғы оқу жылындағы ҰБТ тапсыру ережелері, өзгерістері туралы кеңінен әңгімелеп, түсінік жұмыстарын жүргізді.
Айнагүл ДҮЙСЕКЕНОВА,
Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиал жетекшісі,
Атырау қаласы.