Теория мен тәжірибе – егіз ұғым

img 20220626 wa0075 Білім

Университеттегі тәжірибе – бұл студенттің өз мамандығы бойынша білімі мен дағдыларын қолдана отырып, нақты жағдайларда өз бетінше жұмыс жасайтын уақыты.

Оқу тәжірибесі жоғары білім беру бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылады әрі оның түріне қарай олар: оқу-таныстыру, өндірістік және диплом алдындағы болып бөлінеді. 

Мен де Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде журналистика мамандығының 1-курсын тәмамдап, оқу-таныстыру тәжірибесінен өту үшін Алматы қаласындағы қара шаңырақ Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетіне арнайы келдім. Мұндағы ойым – журналистік шеберлігімді шыңдап, білікті мамандардың жұмысымен танысу. Гүлнар Тәжиева бас редакторлық қызмет атқаратын университетің «Қазақ Университеті» газетінде мақала жазумен айналысып, оқу тәжірибесінен өттім. Жалпы, оқу тәжірибесінің маңыздылығын түсіне отырып, оның студенттердің білім үдерісінде өте пайдалы екеніне көзім жетті.

Оқу тәжірибесі негізінен студенттерді сапалы дайындап, болашақ кәсіпті игеру үшін қажет. Ол күнделікті іс-әрекеттің нақты мәселелерімен бетпе-бет келе отырып, оларды кәсіпорындар да, оқу тәжірибесін де қолдануға әрі ғылыми-теориялық тереңдетуге мүмкіндік береді.

Оқу тәжірибесі студенттердің өздік жұмысын дамытуға ықпал етеді. Тәжірибе барысында өздеріне жүктелген міндеттер аясында ақпаратты өз бетінше таңдап және талдап машықтанады.

Оқу тәжірибесі студенттік білім берудің қажетті бөлігі болғандықтан, соның арқасында болашақ маманның теориясы мен практикалық іс-әрекеті тоғысады. Оқу-таныстыру – студенттің алғашқы тәжірибесі және болашақ мамандығын түсінуге көмектесетін іс-әрекеттер жиынтығы. Оның өтуі қазіргі уақытта еңбек нарығында сұранысқа ие ЖОО-ның табысты түлектерінің кілті болмақ.

Жанарай Қалим,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің журналистика мамандығының 1-курс студенті

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз