Жарнама
Білім

ТЕКЕЙ ҒАЛЫМНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

 

Алдымен аталған институт ректоры, экономика ғылымдарының докторы, профессор Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары Қауымдастығының бірінші вице-президенті Әли Әбішев жиынға қатысушыларға қош келдіңіз айтып, ғалымды мерей жасымен құттықтады. Осыдан соң белгілі академик Мұфтах Диаров болашақта құны қара алтынмен теңелетін қара суды жер астынан алу картасын жасаған осы Текей екенін жеткізді. Осы мүмкіндікті пайдаланып, институт ректоры ҚР жоғары оқу орындары Қауымдастығы тағайындаған Ахмет Байтұрсынов атындағы орденді ғылымға сіңірген еңбектері үшін Текей Қарамырзиев пен Мұфтах Диаровтың кеудесіне тақты. Айта кету керек, мұндай жоғары наградаға республикада тек санаулы ғалымдар ғана қол жеткізген.

Экономика ғылымдарының докторы, профессор Мәншүк Баймұқашева мерейтой иесінің еңбек және ғылым жолына шолу жасады. Текей Қарамырзаұлы – саналы ғұмырын отандық ғылымға арнаған жан. Кезінде ол Қосшағыл мұнай-кен орнындағы орта мектептің жетінші сыныбын бітіргеннен кейін Гурьев мұнай техникумына оқуға түседі. Қиын кезеңдерге қарамастан,  И.М.Губкин атындағы Мәскеудің мұнай институтында оқуын жалғастырып, оны 1951 жылы үздік бітіріп шығады. Еңбек жолын Құлсары мұнай өнеркәсібі басқармасынан бастайды. 1960 жылы құрылған «Қазақстанмұнайгеофизика» тресінің экономикалық бөліміне басшылыққа тағайындалды. Арада төрт жыл өткенде оны академик Қаныш Сәтбаевтың өзі Қазақ ССР Ғылым академиясына жұмысқа шақырып, Геологиялық ғылыми-зерттеу институтының экономикалық талдау жасау секторының жетекшісі етеді.

Осы институтта жүріп, «Маңғыстау түбегінің жерасты суларын пайдаланудың экономикалық тиімділігі» тақырыбындағы ғылыми еңбегін дайындап, 1993 жылы экономика ғылымдарының докторы атанады. Атырауда орналасқан «Аймақтық экономикалық ғылыми-зерттеу орталығының»  директоры болған тұста көптеген ғылыми жаңалықтар енгізді. Ал,  «Мұнай-газ  саласы экономикасы» кафедрасын басқарған кезде «Менеджмент», «Бухгалтерлік есеп және аудит», «Қаржы» мамандықтары мен «Экономика, бизнес және ақпараттық технологиялар» факультетінің негізін қалады. Сөйтіп, «Құрмет» орденімен, бірнеше медальмен, Білім және ғылым министрлігінің Алғыс хатымен марапатталды.

Міне, республикамыздың түкпір-түкпірінен келген ғалымдардың басын қосқан Текей Қарамырзаұлы – бүгінде  187-ден астам ғылыми еңбек, үш монография, екі кітап және бір авторлық куәліктің иесі. Ақылшы әке, немере-шөберелерінің сүйікті атасы сексен беске келсе де, заманауи компьютерді жетік меңгеріп, темір тұлпарды өзі жүргізетіні қайран қалдырады.

Амандық  САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button