Жарнама
Білім

Сындарлы сынақ – болашаққа бағдар. Облыста Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары деңгейде ұйымдастырылды

   Облыста мектеп бітіруші түлектердің 11 жыл бойы алған білімін таразылайтын Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы ұйымшылдықпен аяқталды. Биыл аймақ бойынша 4633 оқушы мектеп бітірсе, соның 3110-ы аталған сынақтан өтті. Бұл мектеп түлектерінің жетпіс пайызға жуығын құрап отыр. Ал, халықаралық байқаулардың жүлдегері атанған 34 түлек ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен тестілеуден босатылды.

    Биылғы бір ерекшелік – бұған дейін тестілеу сегіз бөлімшеде өтіп келсе (жеті аудан орталығы мен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде, — ред.), осы жолы түлектер 3 маусым күні алғаш рет Атырау мұнай және газ институтында сынақ тапсырды.

    №717 Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің Ұлттық Бірыңғай тестілеу өткізу бөлімшесінде үш кезеңде Атырау қаласындағы орта мектептер мен облыстық мектептердің 1838 түлегі өз білімдерін сынаған болатын. Соның ішінде Ж.Досмұхамбетов атындағы лицейдің түлегі Жадыра Қаттар тек екі сұраққа ғана қате жауап беріп, облыс бойынша ең жоғары – 123 балл жинады.

   Түлектерді ҰБТ-ге психологиялық бейімделуін қалыптастыру және технологиясымен таныстыру мақсатында сынама тестілеу жүргізілді. Алдын ала әзірліктер барлық аудандар мен облыс орталығында қамтылып, сынақ шаралары атқарылды. Оқушылар мен ата-аналарға тестілеу ережесі толықтай түсіндірілді. Соның нәтижесінде биыл бұл шара жоғары деңгейде өтіп, аудиторияларға тыйым салынған құралдармен кіру сияқты ереже бұзушылықтар орын ал-ған жоқ. Бес лекте де тестілеу өз уақытында басталды. Мамандардың айтуынша, биыл сынақ сұрақтары 30000 тапсырмамен толықтырылса, оның 3000-ы логикалық болып табылады.

  Ал, мектеп бітірушілер болса, тестілеудің жоғары деңгейде өткендігін, комиссия, құқық қорғау саласының қызметкерлері тарапынан еш қысым бай-қалмағанын, логикалық сұрақтардың көбейгенін, барлық тапсырмалар мектеп бағдарламасына сай болғандығын айтады.

  Құрманғазы ауданынан жалпы «Алтын белгіге» 11 үміткер бол-ған. Оның екеуі өз білімдерін ақтады. Олар – Еңбекші орта мектебінің түлегі Дәурен Махамбет пен Ломоносов атындағы орта мектептің шәкірті Әйгерім Қайыржанова.

 — Ұлттық бірыңғай тестілеуде биыл барлық ереже талаптары сақталды. Таңдау пәнім – физика болды. Емтиханда қисынсыз сұрақтар кездеспеді. Логикалық бағыттағы тапсырмалар басым болды. Ата-анамның, ұстаздарымның сенімін ақтағаныма қуаныштымын, — дейді 118 балл жинап, «Алтын белгі» иегері атанған Дәурен Махамбет.

  Биыл ҰБТ өткізу форматындағы басты ерекшелік – білім сынағында жоғары білім алуға мүмкіндік беретін шектік 50 балл жинамаған түлектерге кешенді тестілеуден өту мүмкіндігі берілді. Бұл жағдайда аталған түлектер тамыз айында өткізілетін кешенді сынаққа қатыса алады. Қайта тапсыру ақылы түрде 2242 теңге төлеу арқылы жүзеге асырылады. Оның нәтижесі бойынша шектік деңгейді ала алмаған талапкерлер жоғары оқу орнына шартты түрде қабылдануы мүмкін.

  — Ұлттық бірыңғай тестілеуде биыл барлық талаптар сақталды, ереже бұзылмады. Аудиториядан шығарылған оқушылар болған жоқ. Сынақ қорытындысы бойынша облыстық мектептер өте жақсы көрсеткішке жетті. Сонымен қатар, Исатай, Махамбет және Қызылқоға аудандары түлектері жақсы деңгей көрсетті. Ал, Атырау қаласы бойынша №17 мектеп-лицейін ерекше атап кеткен жөн. Мұнда бес түлек «Алтын белгісін» қорғаса, бір оқушы «Үздік аттестат» алып отыр. Орта ұпайы – 91,7. Сонымен қатар, №31 мектеп-гимназия, №35 техникалық мектеп-гимназияларының түлектері сәтті тапсырды, — дейді облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Злиха Дүйсекенова.

Айгүл ЕРТІЛЕУ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button