Steam білім беру орталығы «ашық есік күнін» өткізді
Атыраудағы ең ірі STEAM білім беру орталығы – JasSpace ашық есік күнінде ата-аналарға, оқушыларға керемет мүмкіндіктер ұсына отырып, жобалар жасау мен конкурстарға қатысуға баулиды.
Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды. Ашық есік күні тәлімгерлер «Анатомия», «Жасушалық биология», «IT негіздері», «Инженерияға кіріспе», «Журналистика», «Робототехника» курстарынан шеберлік сағаттарын өткізді.
— «Chevron» компаниясының қолдауымен Орталық Азияның Еуразия қорының іске асыруымен екінші жыл қатарынан өткізіліп келе жатырған «JasSpace кеңістігі» деп аталатын жоба бар. Бұл Steam бағыты бойынша 7-11 сынып оқушыларына білім беретін кеңістік. Бұл кеңістіктің ерекшелігі қосымша білім беру саласында 7-11 сынып оқушыларын әртүрлі ғылыми, технологиялық, инженерлік, өнер, сонымен қатар математика бағыттарында ерте кәсіптік бағдарлау. Сондай-ақ STEAM — бұл кіріктірілген, интеграцияланған әдіс. Қазір бізде 16 білім беру бағдарламасы іске асырылып жатыр. Тоқталып өтсем, ғылыми бағытта — химия, жасушалық биология, экология, анатомия жүзеге асырылады. Ал техникалық бағыттар бойынша — робот техникасы, 3D модельдеу және басып шығару, лазерлік кескіндеу мен нақыштау, фрезерлік станок және ағашпен жұмыс, сонымен қатар веб-әзірлеу түрінде әртүрлі сайттарда жұмыс жасауға болады. Өнер бағытында – видеография, журналистика және ораторлық өнер сынды өзекті бағдарламалар бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Жалпы бұл жоба еліміздің өсіп келе жатқан жаңа жастары үшін керемет мүмкіндік деп айта аламын, — деді жоба менеджері С.Ногайбаланова.
Сондай-ақ оның айтуынша, жоба аясында жалпы саны 10 тәлімгер жұмыс жасайды. Бұл тәлімгерлер биыл екінші жыл қатарынан жасағандықтан былтыр жоба аясында 6 мыңнан астам атыраулық оқушы қамтылды. Биыл JasSpace өзінің ашық есік күнін жариялап, кейбір бағдарламаларға өзгеріс енгізді.