Жарнама
Білім

«Сөйлемейтін» баланы сөйлететін тәсіл қолданысқа енгізілді

Қазір өміріміз түгелдей цифрландырылып, күнделікті тұрмысқа жаңа технологиялар әбден еніп алды. Алайда, цифрландыру сәнге айналған үрдіс емес. Оны  ұлттың бәсекеге қабілеттілігін арттырудың негізгі құралы деп бағалаған жөн болар. Бір қызығы, цифрлық технологияны тек электрондық портал арқылы мемлекеттік қызметтерді пайдалануға мүмкіндік беретін құрал деп түсінетіндердің қарасы қалың. Ал, біз айтып отырған заманның озығы қай салада болмасын, жұмысты жеңілдетуге ықпал етіп отыр.

Жүйенің артықшылығы қандай?

Білім саласы қызметкерлерінің тамыз кеңесінің секциялық отырысында мектепке дейінгі білім берудегі инновациялар тақырыбы қаузалды. Әдістемелік орталық әдіскері Зухра Керееваның айтуынша, білім берудегі цифрландыру – бұл дәстүрлі білім беруден цифрлыққа көшу, яғни цифрлық, электронды, «компьютерлік» түрде ұсынылған цифрлық білім беру ресурстарын қолдана отырып білім беру.

– Цифрлық технологияларды енгізу дәстүрлі оқыту құралдарымен салыстырғанда артықшылықтарға ие. Алдымен, ақпарат тезірек беріледі, қозғалыс, дыбыс, анимация балалардың назарын ұзақ уақыт бойы өзіне аударады және олардың зерттелетін тақырыпқа деген қызығушылығын арттыруға көмектеседі. Материалды тиімді игеруге, балалардың есте сақтау қабілетін, қиялын, шығармашылығын дамытуға ықпал етеді. Қабылдауды және жақсы есте сақтауды жеңілдететін көрнекілікті қамтиды. Бұл ретте есте сақтаудың үш түрі енгізіледі: көру, есту, моторлық. Сонымен қатар, слайдшоулар мен бейне фрагменттер қоршаған әлемнен байқау қиын болатын сәттерді көрсетуге мүмкіндік береді. Мысалы, гүлдің өсуі, планеталардың Күнді айналуы, толқындардың қозғалысы, жаңбырдың жаууы,-деп түсіндірді маман.

Күнделікті өмірде көрсетуге және көруге болмайтын немесе қиын өмірлік жағдайларды модельдеуге болады екен. Яғни,  цифрлық технологиялар – мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істеудің қосымша мүмкіндіктері.

Балабақшаның тың бастамасы, озық әдісі

Мультипликация – мектеп жасына дейінгі балалардың цифрлық сауаттылығын арттырудың құралы. Оның мақсаты – балалардың мультфильмдерді жасау арқылы коммуникативтік, әлеуметтік-эмоционалды дағдылар, танымдық, шығармашылық дағдыларды дамытуға бағытталған педагогикалық процесті жаңарту. Бұл туралы Атырау қаласындағы №39 «Ақкөгершін» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Клара Базарбаева егжей-тегжейлі баяндады.

Білгеніміздей, «Цифрлық сауаттылық» бағдарламасы – бүгінгі күннің талабы. Аталған балабақша қызметкерлері балалардың танымдық және коммуникативтік дағдыларды дамытатын «Мультипликация» жобасын іске асырған.                                                     

– Бұл жобаны біз 2021 жылдың қыркүйек айында бастаған болатынбыз. Оны әрі қарай дамыту мақсатында «Мультстудия» кабинетін ашып, цифрлық фотоаппаратпен, жарықтық шамды, айфон телефонын қолдану және ноутбукпен монтаждау арқылы қолдана отырып түсірдік. Алғашында эксперимент ретінде қолданып көргенбіз, себебі «балалар үйрене ала ма, жасай ала ма?» деген сұрақтар туындаған еді. Алдымен перспективалық жоспар құрылып, соның негізінде бір жылға қанша мультфильм түсіре алатындығымызды есептедік. Егер балалар тез икемделіп, үйреніп кетсе 9 айда  2 мультфильм түсіруге мүмкіндігіміз болды.                                                                          

Ең алғашқы мультфильмді түсіруге 3-4 ай уақыт кетті. Балалар өздері оқиға ойлап тауып, оның кейіпкерлерін жасап, «Достардың дауы» атты ермексаздан жасалған алғашқы мультфильм жарық көрді. Ол мультфильмді әр топтарға көрсеттік, балаларға ұнады. Қолымыздағы  цифрлық фотоаппаратпен, жарықтық шамды, айфон телефонын, құлаққаптар мен ноутбукты пайдалану арқылы 6 мультфильм жарық көрді. Олар «Достардың дауы», «Менің балабақшам», «Қонжықтың бір күні», «Африка», «Қызықты әлем», «Күлгіштер» деп аталатын жаңа жобалар, — деді Клара Мұратқызы.

Оның айтуынша, мультипликация жобасы өзінің жемісін бере бастаған. Яғни аталған балабақша тәрбиешісі, жобаға жауапты Динара Нұржанова жыл сайынғы өткізілетін қалалық, облыстық педагогикалық оқулар байқауына қатысып, 1-ші дәрежелі дипломмен марапатталып, бөбекжай-бақшаның атын республикалық деңгейде танытыпты. Алматы қаласында өткен «Педагогикалық идеялар фестивалі» конкурсының республикалық кезеңдерінде жеңімпаз да атанған. Алдағы уақытта бөбекжай-бақшасы студияларын жаңартып, оны цифрлық технологиялармен жабдықтап, яғни мультстанок және басқа керекті құралдар алып, сол арқылы қазіргі цифрлық сауаттылықта кең таралып жатқан жасанды интеллектіні қолдану арқылы жаңаша әдіспен мультфильм шығару жоспарлары бар.

Балаға пайдасы көп жаттығу

Мектепке дейінгі мекемелерде жаңа технологияға негізделген әдіс-тәсілдерді, цифрлық білім беру құралдарын қолданудың маңызы зор. №36 мектеп-гимназиясы директорының бастауыш сынып бойынша оқу жұмысы жөніндегі орынбасары Гүлмира Қуанышева қазіргі таңда көптеген интерактивті бағдарламалық бөлімдер, қозғалмалы және 3D объектілер құруға мүмкіндік беретін векторлық және графикалық жабдықтар көптеп шығарылғанын, оны қолданып жатқандарын айтты. Осындай құралдардың бірі – ойын платформалары. Оны қолданған тәрбиеші уақытты тиімді және ұтымды пайдаланады және балалардың қызығушылықтарын арттыра алады екен.

 – Цифрлық білім беру негізінде құрылған интеллектум ойындар мен ойын-жаттығулардың балалар үшін пайдасы өте көп. Себебі, оқу іс-әрекетінде балалар өз ойларын қорытуға, логикалық ойлауға, шығармашылықпен жұмыс істеуге, топ ішінде бір-бірімен сыйласуға, ынтымақтастыққа, жауапкершілікке, ұйымшылдыққа, барлық мәселелерді бірлесіп шешуге үйренді. Көп сөйлемейтін балалардың өзі топта топтық, ұжымдық тапсырмаларды орындаған кезде белсенділік танытады, өздеріне берілген тапсырманы басқалардан қалмай жауапкершілікпен орындауға ұмтылатын болады. Заманауи инновациялық технологияларға негізделген интеллектум ойындары мен ойын жаттығулары балаларға өте қызықты деп санаймын,-деді Г.Қуанышева.

  Бұдан бөлек отырыс барысында ұстаз-тәрбиешілер мен әдіскерлер мектепке дейінгі ұйымда цифрлық оқыту технологиясын қолдану, балалардың танымдық қабілеттерін дамыту үшін интерактивті оқу ойындарын пайдалану секілді тың тақырыптар туралы еркін пікір алмасып, тәжірибелерімен бөлісті.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button