Шетелдік тәжірибенің пайдасы мол
Биылғы 4-8 қараша аралығында Атырау облысы әкімі С.Шәпкеновтің, Атырау облысы Білім беру басқармасының басшысы М.Абуовтың қолдауымен, EdCrunch Academy заманауи білім беруді дамыту институтының негізін қалаушы және бас директоры Н.Қиасовтың басшылығымен Атырау облысының 50 мектеп директоры «АТЫРАУ ЖАҢА МЕКТЕБІ» мектептердің басқарушылық командаларын кәсіби қайта даярлау бағдарламасының 1-модулімен танысып, белгіленген бағдарламаға сәйкес тәжірибелерін толықтырған болатын.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында да педагог мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру, дамыту жөнінде баса назарға салып айтып өтті. «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деген еді.
Міне,осы бағыт аясында бағдарламаға қатысушы мектеп директорларының қатарында ауданымыздың 4 мектеп директоры бар (Аққыстау орта мектебі директоры Т.Халенова, Ғ.Мәсәлімов атындағы орта мектеп директоры П.Хабиев, Новобогат орта мектебі директоры Қ.Наубетов және осы жолдардың авторы). Жалпы бағдарлама мақсаты: Кәсіби қызмет үшін қажетті жаңа құзыреттілікті жетілдіру және білім беру ұйымында Стратегиялық жоспарлау саласындағы кәсіби деңгейді арттыру және деректер негізінде мектепті дамыту бағдарламасын іске асыру.
2-модуль «ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ БЕРУ» халықаралық тағылымдамасы болып бекітілген. Осы бағдарлама аясында 2024 жылдың 30 қараша — 7желтоқсаны аралығындағы тағылымдама сапарымыз — Эстония мен Финляндия елдерінің Таллин және Хельсинки қалаларындағы мектептердің тәжірибесімен танысуға мүмкіндік болды. Дамыған елдердің білім беру жүйесіндегі танысқан, көріп-білген тәжірибелеріміз өзіміз басқаратын білім беру мекемелеріндегі тәжірибемізді оңтайландыруға толық мүмкіндік болғанын бөлісуді жөн санадым.
Тағылымдама бағдарламасы 6 күнге жоспарланған. Құрылған жоспарлы бағдарламаның уақытқа өлшемділігі мен тәжірибелер сапасының жоғары деңгейде болғаны көңілге қонымды болды. Тағылымдама «Білім берудегі серпін: мектепті өзгертетін идеялар» тақырыбындағы хакатон арқылы іске асты.Тағылымдамалық сапарымызда қазіргі заманға сай келетін және 21 ғасыр көшбасшыларының жаңа буынын дайындайтын, партада отырған білім алушының өмір сүру дағдыларын қалыптастыруды мақсат етуге білім беру жүйесінің табанды қалыптасқанын көрдік. Осыған дейінгі мектепті басқаруға негізделген білім жетілдіру курстарым, жаңартылған білім беру бағдарламасын апробациялау кезеңдеріндегі тәжірибе алмасуларым, Назарбаев Зияткерлік мектебі тәжірибесімен үздіксіз шығармашылық байланыста отырып кәсіби дамуға, яғни өзгерісті шынайы түрде қабылдап, тәжірибеге батыл енгізе бастағаным шетелдік әріптестерімнің тәжірибесінің нәтижесін растағандай болды.
Мен шетелдік мектептердің оқыту жүйесінен не байқадым?
* Білім алушылардың мектеп формасы еркіндікке негізделген;
* Білім алушыларға алаңсыз білім алу ортасы қалыптасқан;
* Білім алушыларға қолжетімді ақпараттық құрылғылар мен ресурс-тар қарастырылған;
* Мектеп ішінде білім алушылар даусынан көтеріңкі мұғалімнің дауысы естілмеді;
* Сабақ уақытының ұзақтығы — 75 минут, кейбір мектептерде — 90 минут;
* 1-2 сыныпта 20 сағат, 3-6 сыныпта 22-25 сағат, 7-9 сыныпта 30 сағат жүктемелер бекітілген;
* 3 қадамдық қолдау жүйесі бар (жалпы қолдау, қарқынды қолдау, арнайы қолдау);
* 1 сыныпта 3 мұғалім сабақ береді;
* Франция, Англия елдерінде «ДОС» мектептері бар, ынтымақтасқан байланыс орнатады;
* 1-6 сынып бастауыш саты, 7-9 сынып ортаның төмені (9-сыныптан кейін білім алушының қалауы мектепте оқуы), 10-11-12 сынып ортаның жоғары (гимназистер деп аталады, мамандыққа қарай бағытталып оқиды), 18 жасқа дейінгі балалар мектепте оқиды;
* 8-сыныптан кейін білім алушыға шығармашылық жұмысын қорғау міндеттелген;
* 11-сыныптан кейін зерттеу жобасын қорғау міндеттелген;
* Әр пәнге арналған күн белгіленеді, сол күні өткен сабақтар белгіленген пәнді сабақтарына кіріктіреді;
* 1-12 сынып оқушылары тегін оқулықпен, тегін тамақпен қамтылған;
* Аптасына 3 сағаттық міндетті мұғалімдерге кәсіби кездесу өткізіледі;
* Пән сабақтарында негізгі тақырып бірдей, десек те мұғалім білім алушылардың мақсаттарын айқындайды және білім алушының мақсатына қарай әрекет етеді;
* Сабақтан кейін мұғалімдер өзара сабақ әрекетін талқылайды;
* 10 жыл сайын Ұлттық оқу бағдарламасы өзгеріп отырады;
* Оқытуды және үйретуді өте жақсы орындауымыз керек деген ұстанымды мақсат етеді;
* Әр оқушы үшін жеке оқыту және дамыту траекториясын құру қалыптасқан;
* Мектептен тыс оқыту (кафеде, табиғат аясында, музейде…) іске асырылады;
* Жасанды интеллект арқылы білім алушылардың жобалық жұмыспен айналысуы;
* Бағыттарын таңдауға мүмкіндік берілген, кәсіптік бағдар беру жүргізіледі;
* Мұғалімдерге өзін-өзі талдау жүргізу мүмкіндігі беріледі;
* Мектеп директоры мұғалімдердің өзін-өзі талдау нәтижесімен танысып, «Дамытушы беседа» арқылы мұғалімге қолдау білдіреді;
* «Сенім» қағидатын ұстанады. Мемлекет әр мектептің директорына сенеді, директор мұғалімдерге сенеді, мұғалімдер білім алушыларға сенеді, білім алушылар болашақтарына сенеді;
* Білім алушылардың жеке қажеттілігін ескеруге басымдық береді,шығармашылық пәндерді оқыту сапасы жоғары;
* PISA тапсырмаларына күнделікті сабақтың оқу бағдарламасы негізделеді;
* Білім алушылар қысқа мерзімді жобалармен айналысады;
* Гимназистер төменгі сынып білім алушыларына бекітіліп, белгілі тақырыпта жобаларды іске асырады;
* «Билейтін қоңырау» ұйымдастырылады;
* «Біздің мектеп сіздерге жақсы өмір сүруге қанат береді» деген ұстанымды алға тартады;
* Сабақта негізгі тақырып барлығына бірдей, бірақ білім алушылардың мақсаттарын айқындап, мұғалімдер соған қарай әрекет етеді;
* Сабақтан кейін мұғалімдер өзара талқылау өткізеді.
Тағылымдамалық сапарда болған шетелдік мектептердің тәжірибесіне бұндай өзгерістерді әкелу де оңайға соқпаған. Финляндия елінің VANTAA қаласындағы «Hameenkylan koulu» мектебінде осындай өзгерісті енгізуді 8 жыл бұрын бастаған екен. Мектеп директоры Пааси мырза: «Ұлттық оқу бағдарламасында жаңалық болса, мұғалімдер соған дайын болуы керек, біз кәсіби мамандығымыз үшін өзгерістен қаша алмаймыз, өзгерістен тығылып қала алмаймыз» деп өз таныстырылымында анық айтып өтті. Мұғалімдер бірлесіп жұмыс істегенде бір-бірінен үйренетінін, бірін-бірі үйрететінін, дамитынын, тәжірибелеріне өзгерістер енгізетінін түсіндім. Тағылымдаманың әр күнгі өткен шарасынан кері байланыс арқылы рефлексия алынып, өз мектеп тәжірибеміздегі айырмашылық пен ұқсастық кестесі толтырылып отырды.
Тағылымдаманың соңғы күні тағылымдама жұмысының нәтижелері бойынша қорытынды Хакатон өткізілді. Мақсаты — мектеп басшыларының шығармашылық ойлауын ынталандыру, тағылымдамадан өту процесінде алған білімдерін, бақылаулары мен ақпараттарын пайдалана отырып, өз мектебінің білім беру процесіне жаңа технологияларды, тәсілдер мен әдістерді енгізуге және бейімдеуге ықпал ету. Тағылымдамаға қатысушылар топқа бөлініп, берілген қадамдар бойынша жобалар жасап шығарып, сараптамалық кеңеске таныстырды. Соңында сараптамалық кеңестің кері байланысы беріліп, тағылымдама қорытындыланды. Барлық қатысушыларға «ШЕКАРАСЫЗ БІЛІМ БЕРУ» халықаралық тағылымдамасынан өткені үшін сертификаттар табысталды.
Иә, өзгеріс те, даму да үздіксіздікке айналуы керек, ең алдымен, мектеп басшылығы өзгеріске келуіміз керек, өзіміз дами отырып, өзгені дамытуымыз керек! Өзгеріс пен даму оңайлықпен келетін немесе уақытқа тәуелді болмайтын әрекетке жатпайды. Сондықтан кәсіби қызметке деген, ел болашағына деген жауапкершілік санамызда қалыптасса ғана нәтиже алуға келеміз, яғни «Бақытты ел» болуға мүмкіндік аламыз деп тағылымдамалық түйін жасадым.
Табила ИСМАГУЛОВА,
Атырау облысы Білім беру басқармасының
Исатай ауданы білім бөлімі «Мектеп-гимназиясы» КММ
директоры