САН ЕМЕС, САПА ҚАЖЕТ

Еліміздің өркендеп, алпауыт елдердің қатарынан көрінуі үшін ағылшын тілін балаларға үйретуді, меңгертуді ертерек бастаған абзал. Себебі, халықта «Бастауыш мектеп - білім негізінің баспалдағы» деген сөз бар. Ғалымдар да балалардың кішкентай кезінде тілді қиналмай, әрі еркін меңгеретіндігін дәлелдеген.

 

Мектеп жасындағы оқушылар өз ана тілін толық әдеби нормада меңгерсе, орыс және ағылшын тілдерінде де өз ойларын еркін жеткізе алатын болуы керек.

Көп жағдайда ересек балалар ағылшын тіліне тән спецификалық дыбыстарды дыбыстауда бір-бірінен ұялса, ал бастауыш сынып балалары спецификалық дыбыстарды дыбыстауда қысылып, қымтырылмай еркін айтады. Сол себептен де болар, бастауыш сынып оқушыларының ағылшын тілін үйренуге деген мотивациясы айтарлықтай жақсы. Олардың білім алуға деген қызығушылығы әр сабақ сайын артып отырады. Ерте жастан ағылшын тілін үйретудің тиімділігін оқушылардың тілге деген құштарлығынан, жаңа сөздерді жаттау қабілеттерінің ересек оқушыларға қарағанда жоғары болуынан және оқулықтан, жұмыс дәптерінен тапсырмалар орындағанда тиянақты, ұқыпты орындайтындарын байқауға болады. Оқушылардың ағылшын тілін үйренудегі тағы бір жақсы жағы – бастауыш сынып оқушыларында сөз қоры едәуір ұлғаяды. Ағылшын тілі пәні мұғалімдері қазіргі кезде ағылшын тілін оқыту сапасын жақсарту мақсатында тіл үйрету саласында әлемдік озық тәжірибелерді, жаңа технологиялар мен әдістерді барынша қолдануда.

Ал, ескі әдіс-тәсілдермен жаңа ұрпақ, болашағымыздың кепілін дайындай алмаймыз. Сол себептен де, балалардың қызығушылығын оятып, ынталандырып, белсенді қатыстыру үшін сабақта жаңа әдіс-тәсілдерді ұтымды және орынды пайдаланудың маңызы ерекше зор.

Әсерлі, сәтті өткен сабақты мұғалім де, оқушы да ұмытпайды. Әсіресе, баланың ойында сәтті өткен сабақ пен мұғалімнің тұлғасы өмір бойы жатталып қалады. Қоңырау сыңғырлағанда, оқушы дәлізге тұра шаппай, сынып бөлмесінде ғажайып, сиқырлы әлем қалып бара жатқандай, қимастық сезіммен шығатындай әсерде болғаны дұрыс. Сол себептен кез келген жұмысты мектеп әкімшілігіне есеп беру үшін емес, оқушы, ата-ана және өзіңіздің ұстаздық абыройыңыздың алдында есеп беру үшін ұйымдастыруға шақырамын.

Райгүл ЖАЙКИНА,

№2 бастауыш мектебінің ағылшын тілі пәні мұғалімі,

Мақат ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз