Сабақтағы басты тұлға
Қазіргі білім саласында жаңа оқыту стандарттары дендеп енгізілуде. Мен ардагер ұстаз ретінде қазіргі заманға сай білім беру керектігін мойындаймын, артықшылықтары да бар. Дегенмен, ескінің бәрі жарамсыз емес.
Кеңес үкіметі кезіндегі мұғалімдер мен балалар армандай білді. Біз жағдайларға байланысты шешім таба білетін, жасаған тәжірбиелерінен қорытынды шығара білетін, топ-топқа бөлініп жұмыс жасай білетін, сабақта қөрсетілген тақырыптың кілтін шеше алатын, сабаққа қызыға білетін, өз қиялдарымен қөрнекті құралды жасай білетін оқушыларды тәрбиеледік. Сол кездің өзінде химия апталығын өткізгенде окушылардың ішінен сайланған «директор» мектепті басқарып, ал, «мұғалім» химиядан сабақ беретін, тәрбие жұмыстарын жүргізетін. Жаңа бағдарлама бойынша химия пәнінің сағаттары қысқарды. Бұл аталмыш саланың толық меңгеруге кері әсер ететіні сөзсіз.
Мұғалім – өз пәні бойынша дара тұлға. Қазіргі баспасөз бетіндегі мәліметтерден оқитыным – оқушы бірінші орында, пән мұғалімі екінші орында. Дәлірек айтқанда: «Мұғалім ақпарат беруші емес» дейді. Мұғалімнің рөлі сабақта қосалқылыққа түспеуі керек. Өз бетінше желіден білім алуға барлық баланың ой-санасы жетпейді. Сабақта басшы болып, жол сілтеп тұратын мұғалімнің орны ерекше. Әсіресе, негізін түсіндіретін, тәжірибелері қауіпті химия, математика, физика пәндерін басшысыз оқыту – киынның қиыны.
Әрине, мен оқушылардың желімен жұмыс жасау тиімділігін жоққа шығарғым келмейді. Дегенмен, бұрынғы әдістердің заманға сай тиімділерін алып пайдаланып отырса, еш оғаштығы жоқ сияқты. Ескісіз жаңа жоқ. Қайткенде де мұғалім сабақта – басшы тұлға.
Бұл пәндерде мұғалімнің рөлін интернет атқара алмайды. Мысалы, кітапта айтылмайтын химияны түсінудің «құпиясы» болады. Оны тек мұғалім ғана айтып түсіндіреді. Химияда тәжірибелер өте қауіпті, есептерді шығару математикамен байланысты. Соның бәрін жолға салу тек пән мұғалімінің басшылығымен ғана жүзеге асады.
Айнаш ЖАРЫЛҒАСОВА, оқу-ағарту ісінің озық қызметкері.
Жылыой ауданы.