Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланды
Атырау облысында 9-11 сынып оқушылары арасында жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиаданың облыстық кезеңі қорытындыланды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Марапаттау шарасында облыс әкімінің орынбасары Жасұлан Бисембиев олимпиада қатысушыларын құттықтап, атыраулық оқушылардың жетістіктеріне тоқталды.
«Дарынды балаларға арналған олимпиаданы өткізу елімізде дәстүрге айналған. Олимпиаданың жарқын табыстарға қол жеткізетін дарынды жеткіншектерді тәрбиелеуге ықпалы зор екенін және болашағына жол ашатын үлкен мүмкіндік.
Облысымыздың мақтаныштары соңғы үш оқу жылында тек қана республикалық, халықаралық зияткерлік олимпиадалардан 42 алтын, 87 күміс, 126 қола медальдарын иеленіп, 2021, 2022 және 2023 жылдары республикалық командалар арасында үздік үштіктер қатарынан көрінді. Оның ішінде Халықаралық олимпиадалардан 60 жүлдегеріміз бар.
Облыс әкімдігі жүлдегер оқушылар мен оларды дайындаған ұстаздарына ақшалай сыйақылар тағайындады», — деп атап өтті Ж.Бисембиев.
Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары өз сөзінде биыл «Талантты ұстаз», «Үздік 30» мектеп, «Дарынды оқушы» номинациялары бойынша үздіктерді анықтаудың өлшемшарттары белгіленіп, бекітілгенін және ауыл мектептері мұғалімдерінің олимпиада тапсырмаларын шешудегі біліктіліктерін арттыру мақсатында оқу-әдістемелік кеңестер жұмысы іске қосылатынын алға тартты.
Білім бәйгесінде оза шығып, жоғары нәтиже көрсеткен жүлдегер оқушылар наурыз айында өтетін республикалық олимпиадада облысымыздың атынан сынға түсетін болады. Осы ретте облыстық Білім беру басқармасы республикалық олимпиадаға дайындау үшін оқу-жаттығу жиындарын өткізеді.