Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылмақ
Атырауда И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылады.
Мемлекет басшысы жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу арқылы қазақстандық білім беру жүйесін қайта жаңғыртып, еңбек нарығында бәсекеге қабілетті инженерлерді даярлаудың жаңа моделін құруды тапсырған болатын.
Инженерлер мен ғалымдардың жаңа буынын даярлау мақсатында С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде И.М. Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің (Ұлттық зерттеу университеті) филиалы ашылуда.
И.М.Губкин атындағы Ресей мұнай және газ университеті ондаған жылдар бойы әлемнің 100-ден астам еліне мұнай-газ саласының мамандарын даярлап келеді. ЖОО түлектері өз елдерінің, соның ішінде Қазақстанның жетекші мұнай-газ компанияларында жоғары лауазымдарға ие.
Қазіргі уақытта Губкин университеті бакалавриаттың 19, магистратураның 11 бағыты мен 3 мамандық бойынша оқытады. Аспирантурада ғылыми-педагогикалық кадрларды даярлаудың 17 бағдарламасы жүзеге асырылады.
Губкин университетінің Атырау қаласындағы филиалы талапкерлерден «Мұнай-газ құбырлары мен мұнай-газ қоймаларын салу және пайдалану», «Мұнай-газ технологиялары», «Мұнай мен газдың табиғи резервуарларын геологиялық модельдеу» бағдарламалары бойынша құжат қабылдау науқанын бастады. Талапкерлердің құжаттарын АтМГУ қызметкерлері қабылдайды.
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Ресей жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықтың негізгі бағыттары — ядролық энергетика, геология және мұнай-газ өнеркәсібі үшін кадрлар даярлауды жүзеге асыру екенін айтты. «Нәтижесінде еліміз тек жоғары білікті инженерлерді ғана емес, ғылыми-зерттеу қызметіне дайын жас ғалымдарды да алады деп күтеміз», — деп атап өтті министр.
С.Өтебаев атындағы АтМГУ мұнай-газ саласы үшін кадрлар даярлайтын Қазақстандағы бірден-бір мамандандырылған жоғары оқу орны, 2015 жылдан бастап И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетімен серіктестік байланыста. АтМГУ базасында Губкин университетінің филиалын ашу — білім беру бағдарламаларының трансферін қамтамасыз етіп, бірлескен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыруға септігін тигізеді.
Атырау қаласында И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университеті филиалының ресми ашылуы қыркүйек айының соңына жоспарланып отыр.
-Ғылым мен білімді интернациоландыру – халықаралық байланыстарға айқын жол ашып, университеттерге серіктестік әлеуетті бірге қолдануға мүмкіндік береді,-дейді «С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті» КеАҚ Басқарма Төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова.