Қытайлық профессорлардан дәріс алады
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университетінде қытайлық Цзинши институты ашылды. Жаңа жоба мұнай инженериясы технологиясы бағыты бойынша жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталып отыр.
Институтта ағылшын тілін меңгерген І курс студенттері дәріс алады. Бұл бастама мұнай-газ саласындағы заманауи технологиялар мен білім беру тәжірибелерін біріктіріп, болашақ инженерлердің кәсіби құзыреттілігін арттыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл бастама «Бір жол-бір белдеу» жобасы аясында қолға алынып отыр.
–Цзинши институты әлемдік деңгейдегі білім беру стандарттары мен технологиялық жетістіктерімен танымал. Жоба арқылы қазақстандық студенттер халықаралық білім беру бағдарламаларына қол жеткізіп, Қытайдың жетекші университеттерінің профессорларынан дәріс алу мүмкіндігіне ие болады, — дейді аталған университеттің Халықаралық қатынастар орталығының жетекшісі Алмагүл Тұрдағалиева.
Жоғары оқу орны мен Jingshi Institute (Petroleum Engineering Technology) ынтымақтастығы елдің мұнай-газ саласындағы кадрларды даярлауға жаңа серпін беріп, ғылыми-зерттеу әлеуетін дамытуға септігін тигізбек.
Айбөпе МҰРАТҚЫЗЫ