Құрманғазылық жас мұғалім ағылшындарды қалай таңдандырды?
atr.kz/15 қыркүйек, 2020 жыл. Ұстаздардың күн-түні істеп жатқан жұмысын сызып тастауға болмайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқан болатын.
«Бүгінде сабақ болмай жатыр деп айту дұрыс емес. Өйткені, біздің 500 мың әріптесіміздің күн-түні істеп жатқан жұмысын сызып тастауға болмайды. Өте үлкен ауқымды жұмыс жасап жатыр. Әрине, проблемалар бар. Оны біз білеміз» деді аталған баспасөз мәслихатында.
Министр білім беру платформаларына DDoS-шабуылдардың жүріп жатқанын жасырмады. «Педагогтар жазғы уақытта тиісті дайындық курстарынан өтті. Курстар барысында гигиена, киберқауіпсіздік мәселелеріне қатысты білім бердік. ІТ саласы бойынша тиісті дағдыларын дамыту бойынша дәрістер өткіздік. Әріптестеріміз ары қарай да дағдыларын дамыта береді» деді елдің Бас педагогы.
Мемлекет басшысының «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына Жолдауында да білім мәселесіне баса назар аударылды. «Күнделікті мәселелерді шешумен қатар, балалардың бәріне бірдей мүмкіндік туғызу үшін жүйелі шаралар қабылдау қажет. Балаларымыз қай жерде тұрса да, қандай тілде оқыса да сапалы білім алуы керек» деген болатын Президент.
Иә, бүкіл әлемді аяғынан тік тұрғызған вирус білім саласына да көп өзгеріс әкелді. Көкейкесті мәселелері жеткілікті салада тез арада реформа жасауға тура келгені ақиқат. Шәкірттерінің болашағына алаңдаған мұғалімдер армиясы осы уақыт ішінде өзгерістерге тез бейімделіп қана қоймай, қашықтан оқыту режиміне жеке әдістемелік тәжірибелерін енгізу үшін инновациялық ұсыныстар да жасауда. Сондай-ақ, білім берудің интернет-ресурстары мен оқыту платформаларын пайдалана отырып сабақ берудің небір жаңалыққа толы үлгілері де жарыққа шығуда. Бұл үрдістің кең таралуына педагогтар арасында әлеуметтік желі арқылы өтіп отырған конкурстар мен байқаулар, педагогикалық оқулар мүмкіндік беруде.
Британдық Кеңес жобасының финалисі Жуырда ғана бастауыш және орта сынып оқушыларына арналған «Ағылшын тілінен үздік видео сабақ» онлайн байқауы өткен болатын. Үміткерлер тіркеуден өткеннен кейін Ұлыбританиядағы Уорик университетінің қолданбалы лингвистика орталығының директоры Пенни Мосавианның кіріспе вебинарларына қатысып, тіл ұстартты.
Аталған вебинарлар видео сабақ құрудың әртүрлі қағидаларын, әдістері мен құралдарын мұғалімдердің меңгеруіне көмектескені сөзсіз. Одан кейін мектеп оқушылары үшін ағылшын тілінің лексикасы немесе грамматикасы туралы видео сабақ әзірлеу бойынша тапсырмалар беріліпті. Біздің кейіпкеріміз Құрманғазы ауданындағы Абай атындағы мектептің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі Ұлдана Наурызғалиева жалпы білім беретін мектептің 11-ші сыныбына арналған грамматикалық «Question tags» тақырыбын таңдаған.
Байқау Британдық Кеңестің онлайн-ресурстарын пайдалана отырып, бейне сабақ топтамасын жасауға және оқушыларды қашықтан оқытуда қолдауға негізделген. Әрбір вебинардың уақытын, ұйымдастырылуын британдық Кеңестің жоба менеджері Ардақ Бектұрова қамтамасыз етіп отырды.
Қазіргі таңда еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан 200 мұғалімнің ішінен біздің кейіпкеріміз үздік деп танылған 30 финалистің қатарына еніп отыр. Инновациялық жобада жеке және практикалық жұмыстар бойынша видеоны жақсарту үшін кеңестер беріледі. Кейін жобаны жүзеге асырушылар ұсынған тақырып бойынша қайтадан бейне сабақ түсіріп бағалауға жібереді екен.
Ұстаз туралы анықтама беретін болсақ, Ұлдана Наурызғалиева Алматы қаласындағы Абылай хан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген. Еңбек жолын бастағанына – үшінші жыл.
Ұлы Абаймен үндестік сабағы Қаладағы Жапақ Қаражігітов атындағы №16 мектеп-лицейінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанна Маннанова да қашықтан оқытудың өзіндік әдістемесін жасауда. Оның педагогикалық ізденіс жобасы «Ғұламалар үндестігі немесе ақын-жазушылардың ұлы Абаймен сабақтастығы» деп аталады. Ұстаздың айтуынша, қазақ тілі мен әдебиеті пәні сабақтарында данышпан Абай өлеңдерін оқытады екен.
Мәселен, жалпы білім беретін мектептің 9-шы сыныбына арналған қазақ әдебиетіндегі Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанын оқыту кезінде кейіпкерлерге мінездеме бергенде Абайдың «пайда ойлама, ар ойла», «Ғылым таппай мақтанба», «Әуелде бір суық мұз – ақыл зерек» өлеңдерімен салыстырмалы түрде оқытуға болатынын айтады Жанна Ғаділбекқызы. Бұл әдістеменің қазіргі қашықтан оқыту форматымен оқып жүрген шәкірттер үшін берері мол екеніне айрықша тоқталды.
«MektepOnlain», «zoom» платформалары арқылы бейнеконференцияға кірген кезде балалар бұрын білетін Абай өлеңдерінің көмегі мол. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» дастанының кейіпкерлері Өдгүлміш – ақыл-парасат, Одғұрмыш – қанағатынсап, Айтолды – бақ-дәулет, Күнтуды – әділдік бейнелерінің Абай өлеңдерінде көрініс табуына «Ғылым таппай мақтанба» өлеңі толық дәлел бола алады. Ал, бұл өлеңді балалар төменгі сыныптарда жаттап алған. Сөйтіп, екі данышпан сабақтастығы арқасында балалар «Құтты біліктің» негізгі идеясын меңгеретіні сөзсіз» дейді ізденімпаз ұстаз.
«Қашықтан оқыту форматы жүзеге асуда. Әрбір реформа, өзгеріс қоғамда бірден қабылданбайтыны белгілі. Бірақ, «Эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, балаларды қашықтан оқыту қажеттілігін тағы да ескертеміз. Естеріңізге сала кетейін, мамыр айында карантиннен кейін біраз балабақшада кезекші топтарын ашқанбыз. Артынша Нұр-Сұлтан қаласында, Батыс Қазақстан облысында, біраз өңірде балалардың арасында коронавирус тіркелгені белгілі.
Сондықтан қауіпсіздік мәселесі ешқайда кеткен жоқ. Соның бәрін ескеріп отыруымыз керек» деген болатын ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, коронавирус індетінің таралу тізбегі бір баладан бастап жалпы қоғамға жету мүмкіндігі өте жоғары.
«Ашығын айтқанда бала, сынып, мектеп, одан атаана, ұжым, қоғам болып жалғасып кете береді. Сондықтан, бұл бағытты Мемлекет басшысы қатаң бақылауға алып отыр. Оқу процесін жалғастырудың әр кезеңі жіті қаралып, мониторинг қорытындыларын сараптау арқылы жасалып отыр. Түсіп жатқан әрбір сұраққа шұғыл түрде жауап та беріледі. Бүгін әлі де қашықтан оқыту жүйесіне байланысты мәселе де, сұрақтар да жоқ емес.
Алда атқарылар жұмыс та көп. Тұрақты оқу жүйесінің тиімділігі де, нәтижесі мен сапасы да артық екені белгілі. Дегенмен, балаларымызды аман сақтап қалу басты міндетіміз» деді Премьер Министрдің орынбасары.
Ұрпақ амандығы үшін алынып отырған шараларға түсіністікпен қарап, бүкіл қоғам болып ұстаздарға, шәкірттер мен ата-аналарға көмек қолын созуға асыққанымыз дұрыс. Індет қаупі жоғалып, балалар мен мұғалімдер, бүкіл бұқара халық сағынған мектебімен, қоңыраудың сыңғырлаған үнімен қайта қауышатын да күн жетер. Ең бастысы, үмітімізді үзбейік.
Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА