Жарнама
Білім

Құрманғазыда жаңа форматтағы екі мектеп бой көтеруде

Құрманғазы ауданында «Самұрық-Қазына» қорының тапсырысы бойынша мемлекеттік жоба аясында екі бірдей жайлы мектеп салынып жатыр. Соның бірі — аудан орталығында ескі Ломоносов атындағы мектептің орнына салынып жатқан жаңа ғимарат, ал екіншісі — шалғайдағы Ақкөл ауылында бой көтеруде. Бұл — оқушылар мен әріптестеріміз үшін зор қуаныш. Олар алдағы уақытта осындай тамаша жағдайда білім алып, еңбек ететін болады.

Әрине, қазіргі мектептердің бәрінде де білім алуға мүмкіндік бар, дегенмен жаңа форматтағы осындай заманауи мектептерде барлығы өзгеше. Біз оқушылар үшін анағұрлым жайлы жағдай жасалып жатқанын көріп отырмыз, әсіресе материалдық-техникалық жабдықталуы жағынан. Мұнда тек білім алуға емес, демалуға да арналған арнайы аймақтар бар. Жайлы мектептің ерекшелігі — мұндай демалыс орындары әр блокта оқушылар мен мұғалімдерге арналып жеке қарастырылған.

Инклюзивті білім беруге де айрықша мән беріліп отыр. Ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған кең сыныптар және бөлек санитарлық тораптар қарастырылған.

Мұндай мектептер заманауи бейнебақылау жүйесімен жабдықталған, тіпті мұғалімдерге арналған жеке буфет те бар. Мұның барлығы мұғалімдердің де, балалардың да, жалпы мектеп ұжымының жұмыс сапасына оң әсер етеді деп ойлаймын.

Айта кету керек, жаңаратын тек мектеп ғимараты ғана емес. Оқыту жүйесі де жаңғырады. Осы мақсатта әріптестерім біліктілікті арттыру курстарынан өтіп, оқу процесіне жаңа технологиялар мен әдістемелерді енгізуде. Балалардың да оқуға деген көзқарасы өзгеріп келеді.

Барлық мектеп осындай жайлы, заманауи болса екен деймін. Ондай жерде адамның ойлау жүйесі де жаңаша қалыптасатындай.

Бақытгүл ӨТЕГЕНОВА,
Абай атындағы орта мектептің мұғалімі
Құрманғазы ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button