«ҚазМұнайГаз» оқушыларды үздік білім ұяларында оқытпақшы (+ФОТО)
«ҚазМұнайГаз» жыл сайын мыңға дейін жаңаөзендік оқушыны еліміздегі үздік мектептер мен колледждерде оқытпақ.
«Өзенмұнайгаз» АҚ «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолдауымен және мемлекеттік органдармен бірлесіп «Жарқын болашақ» жобасын іске қосады. Аталған әлеуметтік жауапкершілік жоба аясында Жаңаөзендегі дарынды оқушылардың еліміздің үздік мектеп-интернаттары мен колледждерінде оқуына қолдау көрсетіледі. Осы жылдан бастап әрі жыл сайын 1000 жуық жаңаөзендік жастар нақты ғылымдарды тереңдетіп оқытудан бастап шығармашылық және спорттық таланттарын дамытуға дейін түрлі бағыттар бойынша сұранысқа ие мамандықтарды оқуға мүмкіндік алады. Жоба 2025 жылға дейін жоспарланған. Осы кезең ішінде 4 мыңға дейін оқушы білімдерін жетілдіре алмақ.
«Жарқын болашақ» жобасының мақсаты – сапалы білім алуға қолжетімділікті қамтамасыз ету, оқушылардың білім сапасын, сондай-ақ олардың еңбек нарығында бәсекеге қабілеттілігін арттыру.
Жоба осы жылы 2 бағыт, атап айтқанда оқушылардың академиялық ұтқырлығы және сұранысқа ие мамандықтар бойынша колледждерде оқуы бойынша іске қосылады. Бұл ретте республикалық мамандандырылған мектеп-интернаттарда оқу үшін мемлекеттік квоталар бөлу қарастырылуда. Ал осы мектеп-интернаттарда және колледждерде ақылы негізде оқу Ұлттық компания есебінен жүргізіледі. Оқу ақысымен қоса, тұратын орыны, жолақы және басқа да шығындар өтеледі.
Жаңаөзендік оқушылар Қазақстанның түрлі қалалары мен аймақтарындағы мектеп-интернаттар мен техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерін (колледждер) таңдап, іріктеуден өте алады. Білім беру мекемелерінің арасында Ақмола облысындағы дарынды балаларға арналған IQanat High School of Burabay мектеп-пансионаты, ҚР ірі қалаларындағы физика-математика бағытындағы жоғары білікті мектеп-интернаттар, спорт бағытындағы мектептер (олимпиадалық резерв мектептері), ҚР ірі қалаларындағы «Жас маман» бағдарламасы бойынша жаңғыртылған колледждер, өнер саласындағы колледждер және әскери мектептер және «Жас ұлан» колледждері бар. Мектеп-интернаттарға қабылдау және колледждерге түсу жасы оқу орындарының ішкі ережелерімен реттеледі.
Бұл ретте оқу орындарының білім беру жүйесі, оның ішінде жайлы жатақхана, тамақтану объектілері, медициналық қызмет, білікті психологиялық-педагогикалық және басқа да қызметтер барлық талапқа сай болуы тиіс.
Бағдарламаға серіктес болған мектептер мен колледждердің арнайы комиссиялары Жаңаөзендегі балалар арасынан алдын ала іріктеу жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ мектеп оқушылары мен олардың ата-аналарын оқу бағдарламаларымен таныстыру мақсатында білім беру мекемелерінің жәрмеңкелері өткізілмек.
Айта кетсек, бағдарламаға қатысатын мектептер мен колледждердің тізімі алдағы уақытта кеңейтілетін болады. Сондай-ақ жоба аясында колледж түлектерін өңірлерде жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету қолға алынбақ.