Жарнама
Білім

Қазақстан-Қытай: Білімде жоқ шекара

«Білім – инемен құдық қазғандай» деген мақал қай дәуірде де өз маңызын жоғалтпайды. Қазіргідей жаһандану дәуірінде ғылым мен технология шекараға бағынбаса керек. Сол себепті де бүгінгі білім беру жүйесі халықаралық серіктестікке, ортақ ғылыми-зерттеулерге, озық тәжірибе мен технология алмасуға иек артады. Осы тұрғыдан алғанда, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің Қытайға жасаған ресми сапары – замана көшінен қалмай, соны бастауға ұмтылған келелі қадам.

Биылғы мамыр айының ортасында білім саласынан бір топ қазақстандық Үрімші қаласында өткен халықаралық форум мен Қытай білім көрмесіне қатысып қайтты. Мұндай басқосу әлемнің түкпір-түкпірінен келген жоғары оқу орындары өкілдерін бір арнаға тоғыстырды. Озық ойлы ғалымдар мен білім саласының жетекшілері заманауи білім берудің өзекті мәселелерін, халықаралық ынтымақтастықтың жаңа қырларын ортаға салды.

Жиынға Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қатысып, Қазақстанның білім беру саясаты мен стратегиялық мақсаттары жөнінде баяндама жасады.

Қарамай сапары

Осы сапарда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің басқарма төрағасы-ректоры, профессор Гүлзада Шакуликова бастаған делегация Қытайдың мұнай-газ саласындағы жетекші білім ордаларымен ынтымақтастық орнату бағытында бірқатар келісім орнатқан.

Соның бірі Қарамай қаласында өтті. Қытай мұнай университетінің Бейжің–Қарамай кампусы мен Қарамай кәсіптік-техникалық колледжіндегі кездесу достық ниеттегі іскерліктің көрінісіндей іспетті. Ғасырлар тоғысындағы жібек жолының жаңғырығы болған бұл ынтымақтастық қос елдің рухани-мәдени, ғылыми-танымдық сабақтастығын жалғастырғандай болды.

Кездесу барысында білім мен ғылым саласында стратегиялық маңызы бар бірнеше құжатқа қол қойылды. Атап айтқанда, Қазақстан-Қытай ғылыми орталығын құру, мұнай-газ инженериясы бағыты бойынша PhD ғылыми тағылымдаманы ұйымдастыру, магистранттарға тәжірибелік бағдарламалар жасау, бірлескен жазғы және қысқы мектептер өткізу, академиялық ұжым мен студенттердің өзара алмасуын жандандыру, өндірістік тәжірибе мен зертханалық жұмыстарды бірігіп жүргізу, халықаралық ғылыми конференция мен семинарларға бірлесе қатысу секілді бастамалар бар.

«Цзинши институты» – тіл мен таным үндестігі

Сапардың екінші күні атыраулық делегация Қарамай кәсіптік-техникалық колледжіне арнайы ат басын бұрып, бұрыннан іске асып жатқан «Цзинши институты» жобасының барысымен танысты. Былтырғы тамыз айынан бері аталған жоба аясында Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің студенттері қытай тілін меңгеріп, кәсіби салада тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік алды.

Екі жақты кездесу барысында студенттерге арналған «3+2» бағдарламасы мақұлданды. Бұл жүйе бойынша Қарамай колледжінің студенттері үш жыл өз елінде, екі жыл Атырау университетінде білім алып, қос диплом иесі бола алады. Бұл – ғылым мен технологияға құштар буынға ашылған алтын көпір.

Ғылым жолындағы сабақтастық

«Ғылым – теңіз, білім – кеме» десек, сол кеменің бағытын айқындайтын – университеттер арасындағы осындай стратегиялық серіктестік. Қытай мұнай университеті мен Сафи Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті бірлесіп ғылыми зертхана ашу туралы бастаманы да күн тәртібіне қойды.

Алдағы маусымда Қытайдан 25 студент пен 3 профессор Атырауға келіп, жазғы мектепке қатысады. Ал біздің университеттің 15 үздік студенті жаз айларында Қытайда білім жетілдіріп, тәжірибе жинақтамақ. Бұл – теорияны тәжірибемен ұштастырудың озық үлгісі.

Білім – ұлттың қуаты

Иә, Атырау мұнай және газ университетінің бұл сапары – еліміздің білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған ірі бастама. Сапар қорытындысы бойынша университет ректоры Гүлзада Тәңірбергенқызы сапалы білім мен ғылымның дамуы шекарамен шектелмейтініне назар аударды.

–Біздің мақсатымыз – студенттерге халықаралық деңгейдегі білім беру, оларды әлемдік ғылыми кеңістікке жолдама алатындай дәрежеде тәрбиелеу. Қытай еліндегі әріптестермен арадағы осы келісімдер – нақты нәтижеге жетуге бағытталған жүйелі жұмыстардың көрінісі. Бұл байланыс студенттерге, жас ғалымдарға жаңа мүмкіндік есігін ашады. Әлемдік тәжірибемен алмасу – дамудың басты кепілі. Білім арқылы ел мен ел, мәдениет пен ғылым тоғысады. Біз соған куә болып отырмыз, — деді ректор бізбен әңгімесінде.

Ал, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті халықаралық ынтымақтастық орталығының директоры Алмагүл Тұрдағалиева бұл сапар екі ел арасындағы байланысты нығайтатын маңызды оқиға болғанын тілге тиек етті.

–Білім саласындағы халықаралық серіктестік бірлескен академиялық бастамаларды іске асыруға жаңа серпін береді. Бүгінгі күн – білімі мен білігі ұштасқан, әлемнің кез келген елімен терезесі тең маман даярлауды талап етеді. Ал осы жолда шетелдік серіктестіктермен қарым-қатынас орнату маңызды роль атқарады, — деген пікірімен бөлісті делагация мүшесі.

Иә, халық даналығы «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» демей ме?! Ел ертеңін ғылыммен көркейтер, ғылымды ұрпақпен өрістетер университеттің бұл сапары – келешекке салынған сара жол.

Майра ЕРҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button