Қазақ ғылымының жарық жұлдызы

ekepp Білім

Биыл академик Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл

Дарынды қазақ халқы өз тарихында көптеген ғалымды өмірге әкелді, солардың арасында Қаныш Сәтбаевтың тұлғасы құзар шыңға ұқсайды.

Егер соңғы жүз жылда қазақ ғылымын әлемдік деңгейге көтерген ғалым кім дейтін болсақ, алдымен ауызға оралары ол академик Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болар еді. Соған сай оның атын кезінде тек Қазақстан емес, күллі Кеңес Одақтас республикалары, қала берді алыс-жақын шетелдіктердің көбі білді. Өкініштісі ол ұзақ ғұмыр кешкен жоқ, бар-жоғы 64 жасында қайтыс болып кетті. Бірақ ол артына ұшан-теңіз еңбек қалдырды.

Кейбір мамандар Қ.Сәтбаевтың артына қалдырған негізгі үш мұрасы ретінде Жезқазғанды, Ғылым академиясын, Геологиялық институтты атайды, кейбірі бұл санды тоғызға жеткізеді. Негізінде академиктің ауқымы кең, жарқын қырларына сан жетпейді. Ал оның ғылымдағы еңбектерінің шырқау шыңы – формациялық металлогениялық талдаулар мен қазба кен орындарының болжамын жасаудың жан-жақты тәсілін табу, әдісін көрсету болып табылады. Орталық Қазақстанның металлогениялық болжам картасы әлемдегі теңдессіз ғылыми еңбек ретінде тарихқа енді. Осы еңбектері арқылы ғалымның кемеңгерлік қырлары жарқырай көрініп, есімі жер жүзіне мәшһүр болды. 1958 жылы академик Қ.Сәтбаев бастаған бір топ қазақстандық ғалым-геологтарға Орталық Қазақстанның металлогениялық картасын жасаудағы еңбегі үшін Лениндік сыйлық берілді.

Жастайынан аса зеректігімен танылған ол 1899 жылдың 12 сәуірінде қазіргі Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы Ақкелін болысында өңірге белгілі би Имантайдың отбасында дүниеге келді. Азан шақырып қойған аты Ғабдолғани. Әйтсе де анасы Әлима оны кішкене кезінде еркелетіп Ғаныш атайды да кейін мектепке барғанда журналға есімі Қаныш деп тіркеледі. Ол алғашқы сауат ашу қадамын ауыл молдасынан бастайды да, кейін Шорман ауылындағы төрт жылдық мектепті үш жылда аяқтап, одан әрі Павлодардағы екі сыныптық орыс-қазақ училищесін де мерзімінен бір жыл бұрын бітіреді.

1914 жылы Семей мұғалімдер семинариясында төрт жыл оқып (оны да мерзімінен бұрын), бастауыш мектептерде орыс тілінен сабақ беру куәлігін алады да артынша Семейдегі Алаш қалашығында қазақ мектептерінде сабақ бере бастайды. Осы кезде ол Троицк медресесін тәмамдаған Мәннап Тұрғынбаев, Томск университетінің түлегі Ғарифолла Нығметуллиндермен танысып, солардың бағыттауымен болашақта Томскінің технология институтына түсу ниетінде дайындала бастайды. Өкінішке қарай,  ол осы кезде өкпе ауруына шалдығып, Семейде қалу мүмкіндігі болмай туған ауылына қайтуға тура келеді. Мұнда ол қарап жатпай емделумен бірге ауылындағы түрлі мәдени-ағарту жұмыстарына араласып, азғана уақыт халық судьясы атанады. Сол кезде осы жақта өзі сынды қымыз ішіп, денсаулығын түзеп жүрген геолог ғалым М.А.Усовпен кездеседі. Екеуі тез арада тіл табысып, ол мұның Томск технология институтына түсу ниетін қолдайды, тіпті оқуға түсу үшін математикадан үлкен дайындық керектігін айтады, соған сай дайындық жұмыстарын жүргізеді. Бір деректерде қазақ зиялысы осы Томск институтының түлегі, қазақтың алғашқы математика профессоры Әлімхан Ермековтың өзі де Қаныштың бұл ниетін қолдап, кеңес бергені туралы айтылады. Ақыры қалаған оқуына да түседі және М.А.Усовпен байланысын үзбей, математикадағы білімін дамыта береді.

Осы кезде жас студент болашақта қазақ балалары үшін үлкен өндірістік оқу орындарына түсу үшін математикадан аса сауатты болу керектігіне қатты мән беріп, аталған пән бойынша оқулық дайындауды қолға алады. Нәтижесінде «Алгебра» атты кітап жазады. Қазақ тіліндегі бұл алғашқы оқулық (1923 ж.) екі нұсқадан тұрады. Біріншісі – араб графикасында (592 парақ), екіншісі – латын әліпбиінде (1467 бет) жазылған. 1924 жылы оқулық Білім Наркоматында бекітіледі.

Профессор Төлеген Оспанов аталған еңбектің бес түрлі ерекшелігін атап өтеді. Олар ең алдымен, кітап-ана тіліміздегі төл оқулық. Сондай-ақ ол сол кездегі ең таңдаулы құрал және ол бар-жоғы оқу құралы ғана емес, сол пәннен сабақ беретін ұстаздардың теориялық, әдістемелік білімін, тағы да пәндік атау атауларды қалыптастыратын ең тиімді бағдарламасына айналды.

Бастапқы кездерде Кеңес үкіметі Геология министрлігінің комитеті: Жезқазған өңірінің кен байлығы мөлшері көп болмауы тиіс, сондықтан мұнда «тек ұсақ өнеркәсіп орындар ғана ашу жөн, барлау экспедициясын басқа жаққа көшірелік, күрделі геологиялық барлау қажет емес» – деп қарсылық білдіреді. Болашақ академик Қ.Сәтбаев мұндай пікір білдіргендерге геологияның кен барлау жұмыстарында тиісінше математикалық аппаратты шебер деп оңтайлы, нақтылы жоғары деңгейде қолданып, теориялық және практикалық маңызы зор ғылыми дәлелдеулерге негізделген мақалалар жазып, іс жүзінде тойтарыс береді.

Расында да, Қ.Сәтбаев сол өткен ғасырдың 30-жылдарында қазіргідей кен барлаудың озық технологиясы мен әдістері жетілмеген кезде, яғни, магнитометрлік, электрондық қондырғылардың, ғарыштық зерттеулердің өндіріске толығынан ендірілмеген кезінде тең шамалы фигуралар ұғымы бойынша үшбұрыштар ұқсастығын шебер қолдану арқылы қазба байлық мөлшерін бағалау және анықтау тәсілінің ғылыми негізін жасап, дүниежүзілік формациялық металогендік анализдің кешендік әдісін ашуда математиканы кеңінен қолданғанын дәлелдейді.

Кейіннен Жезқазған университетінің доценті Ө.Жәлелов жас инженер Қаныштың кен мөлшерін анықтау мен болжаудағы геометриялық ілімді көрегендікпен қолдануына зерттеулер жүргізіп, оны «Қаныш үшбұрыштары» деп атау туралы мазмұнды мақалаларын түрлі деңгейдегі басылымдарда жариялаған [проф.Мұқаев Ш.А.].

Қаныш Имантайұлының бар өмірі республиканың ғылымын дамытуға арнала тұрса да негізгі еңбегі өз мамандығына сай жер асты кендер геологиясы-минералды ресурстарды зерттеуге арналғаны белгілі. Әуел баста Жезқазған кенін зерттеу мен Орталық Қазақстанның металлогендік және болжам картасын жасауға ерекше ден қойды. Соның нәтижесінде 1926-1929 жылдары кен орындары мардымсыз өңір болып есептелген Жезқазғанды ол бұдан былай мыс қоры мол аймаққа айналдырды. Тұтас Сарыарқа бойы, Алтайға кенді өңірлер деген жаңа атау әкелді. Жезқазған, Қарсақбай, Атбасар, Спасск, Қарағанды тас көмірі, қара металлургия, Қаратаудың полиметалы, Атасу темір-марганеці қорларын анықтап, ірі өндірістік орындарға айналдыруға үлес қосты.

Жезқазған мен Ұлытауда тек мыс қана емес, жоғарыда айтқан темір, марганец, көмір, қорғасынның барлығын нақтылап, оларды екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында ел қорғауға пайдалануға негіз болды.

1942 жылы Қ.Сәтбаев Жезқазғанға арналған ғылыми еңбегі үшін геология-минералогия ғылымдарының докторы атағына ие болды. Сол жылы «Жезқазған ауданының кен орындары» атты ғылыми еңбегі үшін Мемлекеттік сыйлық берілді. Соғыс кезіндегі ауыр жылдарда ғалым өзінің бар күш-жігерін Отанды фашизмнен қорғау ісіне арнады. Басқа да көптеген қауырт жұмыстардың ішінде өзі ашқан Жездідегі марганец қазба байлығын Отан қорғау игілігіне тез арада аттандыру тамаша ерлікпен пара-пар еді.

Академиктің бұлардан басқа ұйымдастыру-басшылық жұмыстары нәтижесінде көптеген игі істер жүзеге асты. Алматының өзінде Орталық Азия геофизика тресі ұйымдастырылып, Қазақ КСР Геология және жер қойнауын қорғау министрлігі құрылды, Қазақстан Ғылым Академиясы ашылды, оған қарасты қамту салалары, институттар, зертханалар мен секторлар, базалар жұмыс істеді. Осыған сай салалық ғалымдар дайындалды, ғылымдар да дамыды. Солардың жарқын көрінісі-Жезқазған кен-металлургия комбинаты, Қарағанды, Балқаш металлургия зауыттары, Ертіс-Қарағанды каналы, Маңғыстау, Мұғалжар, Торғай өңірлерінің табиғи байлықтарын анықтап, игеруге бағыт басталды.

Алпысыншы жылдары Жаңаөзен, Жетібай, Теңге, Қарақия мұнай кен алаңдары біртін-біртін өнім бере бастады. Уранның мол қоры ашылды. Бұл туралы кезінде КСРО-ның орта машина жасау министрі болған Кеңес Одағының үш мәрте Еңбек Ері Ефим Павлович Славскийдің Қазақстандық ғалымдармен кездесуінде өз кеудесіндегі үш Алтын Жұлдызды нұсқап, «Осы үш Жұлдыздың бірісі менікі емес, ол сіздердің отандастарыңыз Қаныш Имантайұлына тиесілі болатын. Марапат бізге Маңғыстау түбегін игеріп, кен көздерін ашқанымыз үшін берілгенді. Кезінде Қаныш Имантайұлы айтқанынан қайтпай «Біз қалайда Маңғыстауды игеруіміз керек» – деп тұрып алған-ды. Ақыры аса мол байлыққа кезіктік. Мұнай теңізіне, уран байлығына тап болдық» деген екен.

Қ.Сәтбаевтың ғалым ретінде тарихи көзқарысының кеңдігі оның далалық зерттеушілік талантын ашқан тағы бір жаңалық – Қарсақбайдың Алтыншоқысынан Ақсақ Темірдің жазуы бар көлемді тасты табуы мен алғашқы нұсқада оқып, оны бүгінгі заманғы ғалымдардың назарына ұсынуы еді. Бұл сайып келгенде кезінде әлемдік жаңалық еді. Тас сол кезеңде Ленинградтағы Эрмитражға жеткізіліп, жалпыхалықтық қызығушылық туғызды.

Алтын Орданың шаңырағын шайқалтпау үшін жан аямай күрескен қаһарман Ер Едігені тек қазақ емес, күллі өзбек, қырғыз, қарақалпақ, түркімен, татар, ноғай, башқұрт халқы өзіміздің батыр бабамыз деп жырға қосты. Олардың ұзын саны елуден астам нұсқа деп есептелінеді. Соның бірін XIX ғасырдың ортасында халқымыздың адал перзенті Шоқан Уәлиханов ел аузынан қағазға түсірсе, осы жырды Кеңес дәуірінде өзге тілдермен шұбарланған түпнұсқасын қайта қарап, өңдеп және алғы сөзін жазып, Мәскеуде жаңадан ұйымдастырылып жатқан КСРО халықтары баспасынан жеке кітап етіп шығарған Қаныш Сәтбаев болатын. Аталған жыр араға сексен жылдай уақыт салып, тәуелсіздік жылдарында ғана қайта басылды.     

Қ.Сәтбаев өз өмірінде республикадағы түрлі археологиялық қазбаларға қатысқан емес. Дегенмен ол Қазақ КСР Ғылым  Академиясының тұңғыш Президенті ретінде бұл салаға да ерекше назар аударды. Нәтижесінде тарих, археология және этнография институттарын ашып, түрлі экспедициялардың жұмыс істеуі, ұлттық археология мектебінің қалыптасуына, археолог ғалымдардың өсіп шығуына мүмкіндік негіз қалады. Сайып келгенде мұндай қамқорлығын тек археология емес, ғылымның басқа салаларынан да көруге болар еді. Бір-ақ мысал. Ол 1931 жылы қазақтың 500 ән-күйін жинап, қағазға түсірген А.Затаевичке еліміздің ең таңдаулы деген 25 әнін өзінің әсем даусымен орындап беріп, орыс тілінде ғылыми түсініктеме берген.

Ол жұмыста жүріп қайтыс болды. Халқына, еліне сіңірген қызметі үшін төрт рет Ленин және II-дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік және Лениндік сыйлықтардың лауреаты болды. Геология-минералогия ғылымдарының докторы, КСРО Ғылым Академиясының академигі атанды. Бірнеше рет Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайланды. Ол Қазақстаннан шыққан алғашқы академик.

Ерсайын ИХСАНОВ,

ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі,

физика-математика ғылымдарының докторы, профессор,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

Өтепберген ӘЛІМГЕРЕЕВ,

ҚР Ұлттық Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі,

Атырау облысының Құрметті азаматы

Коллажды жасаған Айнагүл ЖОЛДЫБАЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз