Жарнама
Білім

Педагогтер жасанды интелект бойынша оқытуға дайын

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында: «Жасанды интеллектімен жұмыс істеу құзыретін қалыптастыру мектеп қабырғасынан қолға алынуға тиіс» – деп атап өтті.

03aeff4a 055b 4986 a03a 5e3a6cca7700

Цифрлық технологиялар жаһандық еңбек нарығын жылдам өзгертіп жатыр. Әлемде жасанды интеллектімен жұмыс істеудің қыр-сырын меңгерген мамандарға деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Президент айтқандай, жұмыс үдерістерінің едәуір бөлігі цифрлық технологияларды енгізу арқылы автоматтандырылатыны анық.

Оқу-ағарту министрлігі бұл бағытта кешенді жұмыстар атқаруда. Биылғы жаңа оқу жылынан бастап 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі барлық оқушылар үшін оқу процесіне жасанды интеллект негіздері енгізіле бастады.

Басты мақсат – балаларды ЖИ базалық технологияға айналған бүгінгі қоғамда оны сауатты басқару мен қолдануға үйрету.

Жас ерекшеліктеріне қарай бейімделген оқу бағдарламасы аясында ЖИ қолдану және оның этикасын түсіндіретін интерактивті модульдер қарастырылған. Барлық оқушыларға қолжетімді «Day of AI» онлайн курсы да енгізілуде.

Сонымен қатар қазақстандық педагогтердің цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған оқыту бағдарламасы жалғасуда. Жаңа оқу жылында 200 мыңнан астам мұғалім жасанды интеллектіні білім беру процесінде тиімді пайдалану бойынша курстан өтті. Қатысушылардың 140 мыңға жуығы куәлік алды. Әсіресе, Шымкент қаласы, Түркістан және Жамбыл облысының педагогтері белсенділік танытты. Қатысушылардың басым бөлігі – бастауыш сынып мұғалімдері.

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне қарасты «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы ЮНЕСКО-мен бірлесіп, халықаралық тәжірибе негізінде әзірлеген бағдарламаны қазақстандық педагогтерге бейімдеді. Курс барысында мұғалімдер ЖИ құралдарын тиімді әрі этикалық тұрғыдан дұрыс қолдануды, промпт жазуды, сабақ жоспарлау, тестілеу мен оқу материалдарын әзірлеуді меңгереді.

Бағдарламаға Қазақстанның кез келген өңіріндегі педагог reg.orleu.edu.kz сайты арқылы тіркеліп, LMS платформасында өзіне ыңғайлы уақытта тегін онлайн қатыса алады.

Мемлекет басшысының Жолдауы – ел дамуының айқын бағдары. Ол әрқайсымызға зор жауапкершілік жүктейді. Жаңа міндеттерді жүзеге асыру – бүкіл қоғамның бірлескен еңбегінің нәтижесінде ғана мүмкін.

Бүгінгі ұрпақ – еліміздің ертеңі. Сондықтан Жолдауда айтылған бастамаларды жүзеге асыру әрқайсымыздың азаматтық борышымыз деп білемін.

Эльмира ТҰҢҒАТАРОВА,

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің бас сарапшысы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button