Педагог һәм психолог
Өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында өрістеген мәдени революция нәтижесінде елде жаппай сауатсыздықты жою науқаны басталғаны белгілі. Біртуар тұлға, ақын Мағжан Жұмабаев та сол науқанға белсене қатысып, «Сауатты бол!» оқулығын жазды. Оқулықтың жұртқа ұнағаны соншалық, қатарынан төрт рет басылады. «Сауатты болдың» соңғы төртінші рет түзетіліп басылуы Мәскеу қаласында қазақ елінде бұған дейін құлақ естіп, көз көрмеген таралым – 50 мың данамен жарыққа шықты.
Тәрбие – білім бастауы
1913 жылы Мағжанның өмірі мен шығармашылығының жаңа кезеңі басталады. Ол мұсылманша алынуға тиісті білімге жеткенін сезініп, келесі белеске көтерілуді ойлайды. Орыс әдебиеті мен мәдениетінен нәр алып, осының негізінде Батыс және әлем әдебиетімен кеңірек танысуға бел буады. Бірсыпыра даярлықтан соң, 1914 жылы Омбы мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1917 жылы тәмамдайды.
Мағжан 1917 жылғы Ақпан төңкерісінен соң, Ақмола қазақ облысының комитетінде қызмет атқарып, осы комитеттің жұмсауымен Торғай облыстық қазақ съезіне қатысқан. Міржақып Дулатұлының басшылығымен өткен Омбыдағы қазақ съезінің жұмысына араласады. Сол 1917 жылдың желтоқсан айында өткен Жалпықазақтық съезде Мағжан Бекенұлы Алашорда үкіметі жанынан құрылған Ағарту коллегиясының мүшесі болып сайланған еді. Коллегия құрамында Елдес Омаров, Телжан Шонановтармен бірге ел арасында алашты көгертпек қамында білек сыбанып жұмыс істеген. Жалпықазақтық съезінен кейін, енді уездерде құрылтай өткізілуге тиісті болды. Мағжан Алашорда үкіметінің тапсырмасы бойынша Көкшетау қазақтарының съезін ұйымдастырып, өткізеді.
Адам баласымен бірге жасасып, бірге өмір сүріп келе жатқан қоғамның қажетті және тұрақты функциясының бірі – тәрбие. Ол әрдайым толықтырып, жаңартып отыруды, тіпті басқа халықтардың тәрбиелік тәжірибелерін де үйренуді, меңгеруді талап етеді. Ал, оны ұлттық шеңберде қалып қоймай, озық тәжірибеге, ғылымға сүйеніп құру, жетілдіру – маңызды міндеттердің бірі. Міне, осы міндетті қазақ қоғамында алғашқылардың қатарында мол түсінген, тек түсініп қоймай оны іске асыруға баға жетпес үлес қосқан Мағжан Бекенұлы еді. Мағжанның «Педагогикасы» шын мәнінде ғылыми еңбек болғанда ұзаққа арналған маңызы мен мәнін жоймайтын, өз халқына әрдайым нақты пайдасын тигізетін, қоғам мүшелеріне салиқалы ой салатын және олардың назарын үнемі ауадай қажет ұрпақ тәрбиесіне аударатын шоқтығы биік шығарма.
Мағжан тәрбиенің мақсатын өте терең тұжырымдайды, «балаға тәрбие қылу тұрмыс майданында ақылмен, әдіспен күресе білетін адам шығару деген сөз. Қалса өзін, асса барлық адам баласын әділ жолмен өрге сүйрейтін ел шығару деген сөз», — дей келе, тағы да, «тәрбиедегі мақсат сол адамның, ұлттың, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу», — деп тұжырымдайды.
Мағжан – өз халқының патриот-педагогы. Сондықтан, оны өз халқының болашағы үнемі толғандырған. Ол тәрбиенің басты міндеттерінің бірі – бала бойында ұлттық сезімдерді ерте қалыптастыру, оқушыларды халықтың рухани мәдениеті мен әдет-ғұрпы, салт-дәстүрімен кеңінен қаруландыру қажет деп санайды. «Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, бұрын қолданылып келе жатқан тақ-тақ жол болғандықтан, әрбір, тәрбиеші сөз жоқ ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесімен тәрбие қылуға міндетті», — деп жазады.
Ұлтсыз мектеп
Кеңес өкіметі жылдарында «тек бір халықты – кеңес халқын құрамыз» деген уақытта 75 ұлыс пен халық жойылып кетті. 1934 жылы Кеңес Одағы бойынша мектептердегі оқу 104 тілде жүргізілсе, 1988 жылы оқушылар КСРО-да небары 39 тілде ғана білім алды. Мектеп іс жүзінде ұлтсыз мектеп болды.
Мағжанның данышпандығы сонда, ол осыны көріп-білгендей, ХХ ғасырдың басында қазақ мектебі құрылып жатқан кездің өзінде көрегендікпен болжай білді. Сол кезде жазған мақаласында: «Қазақтың тағдыры, келешегі, ел болуы да – мектептің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді берік һәм өз жанымызға қабысатын, үйлесетін негізде құра білсек, келешегімізге тайынбай-ақ серттесуге болады. Сондай негізде құра алмасақ, келешегіміз күңгірт», — деп көрсетті. Бұдан артық анық, дұрыс болжам айту қиын. Ұлы адамдар болары болып, бояуы сіңген іске қорытынды жасамайды, олар білгірлікпен болашақты бағдарлай алады. Мағжан да осындай мінез танытты.
Қандай тәрбие немесе тәрбиешінің, басқаның әсері мен үлгісі болмасын, сайып келгенде адам өзін-өзі тәрбиелейді, адам тәрбие ісіне араласқанда ғана оның ықпалы күшті болады. Мектептің, отбасының міндеті – баланы өзін-өзі тәрбиелеуге дайындау, яғни өз тіршілігі мен іс-қимылына сын көзімен қарауға, өз мінез-құлқына бақылау жасауға, оны үнемі жетілдіруге үйрету. Сондықтан да педагогика ғылыми тәрбиенің белсенділік сипаты бар деп санайды.
Мағжан баланы жас күнінен тәртіпке үйретудің қажеттілігіне баса назар аударады, бұл арада оның халықтың қалыптасқан әдет-ғұрып мәдениетіне сүйенгені анық. «Баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын темір тәртіпке бағындыру, баланы еркіне жіберу, оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру, оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді» деген қорытындыға келеді.
Мағжан Жұмабаев «Педагогика» оқулығында тәрбиенің міндетін: «Тәрбие қандай да болса жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс өсуіне көмек көрсету», — деп сипаттайды. Ал тәрбиенің түрлерін: «Тәрбие төрт түрлі: дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі, құлық тәрбиесі. Егер де адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, тәрбиесі түгел болғаны», — дейді.
Ол адам тәрбиесін тек педагогика ғылымы ғана шеше алмайтынын, Константин Ушинский көрсеткендей, бүкіл антропологиялық ғылымдардың жиынтығы қажет екенін жақсы түсінген. Ғалым өз еңбегінде психологияға ерекше мән береді, ол тәрбиешінің, ата-ананың басты парызы – баланың жан дүниесін, психикасын, оның дамуы мен өзгеруін жақсы білу деп санайды. Бұл орайда ол баланың бүкіл өсу процесін байыптылықпен зерттеп, нерв жүйесін, оның дамуын, сезім мүшелерінің атқаратын қызметі мен алатын орнын, Мағжан баланың есі мен абайын, бала өміріндегі қиялдың орнын, ойлау жүйесін, т.б. жеткілікті білгірлікпен талдайды.
Осының барысында, Мағжанның бірқатар қорытындылары үлкен ой салады, мәселен ол: «жын, пері, жалмауыз кемпір, жын-шайтан секілді ертегілерді балаға айту мүлдем дұрыс емес, мұндай ертегілер баланы бұзады, жасық қылады», — деп қорытындылайды. Демек Мағжан сол уақыттың өзінде жаман мысалдардан, қылықтардан сақтандырған.
Ендеше, қазіргі мылтық ату, адам өлтіру, бауыр еті – баласын азаптау, жалаңаш адамдарды теледидардан көптеп көрсетуге мүмкіндік берілуі тәрізді адамшылықпен үндеспейтін қатыгездіктердің жалпы тәрбие талабымен мүлдем қабыспайтындығын қалай түсіндіруге болады?!
Оқыту процесі баланы ойлай білуге үйретуі шарт, тек ой елегінен өткізіп, қабылданған білім ғана қажетке жарайды, керісінше алынған білім жаттанды, өмірі қысқа болады. Сондықтан да көрнекті педагог К.Д.Ушинский «қиялдау – оңай, ойлау – қиын» деген болатын. Осы пікірді нақтылап, дамыта түскен Мағжан: «ойлай білетін адам – шын мағынасындағы адам» деп анық, маңызды, көпшілікке түсінікті қорытынды жасайды және тәрбиешінің ойлана білуге үйретуінің бала келешегі үшін өте маңызды орнын көрсетеді.
Мағжан айтқан өсиет
М.Жұмабаевтың педагогикалық еңбегінің бір бөлігін психологияға арнауы тектен-тек емес, бұл педагогқа психологияны міндетті түрде меңгеруді, бала психологиясын жан-жақты бөлуді, баланы бақылауды ғылыми тұрғыда білімділікпен жүргізуді ұсынады. Ол да Абай секілді халқының жақсы, жағымды жақтарымен бірге, оның ойындағы, әсіресе тәрбиедегі мінездердің бетін аша отырып, оны жою жолдарын да көрсеткен. Баланы дұрыс тамақтандыру, денесін салауатты қалыптастыру, оны қоршаған адамдардың бойындағы кемшіліктерді түзеуді ұсынады, ол: «баланы таба білсең, ерінбей баға да біл» деген афоризмге айналатын қорытынды жасайды.
Шынында да, соңғы 20-30 жыл ішінде көптеген ата-аналар ұрпақ тәрбиесіне атүсті қарады, бала тәрбиесін материалдық жағдай жасау деп түсініп, оған үйде барынша қажетті мүмкіндік туғызумен шектелді. Сонымен, мәселенің екінші және ең басты жағын, яғни күнделікті тәрбие мәселесін бетімен жібердік.
Мағжан «Педагогикасында» оқыту мен білім беру теориясы болып табылатын дидактикаға біраз орын берілген. Баланы дұрыс оқыту, терең білім берудің жолдары мен тәсілдерін сөз етіп, пәндер арасындағы байланыстың, баланың білімін жүйелеудің маңызына назар аударады, «бір нәрсенің еске тез алынуы мен естен шықпауы үшін бұрын есте бар нәрсеге байлануы шарт. Балаға білім бергенде жақыннан алысқа, таныстан жатқа көшіп, жаңа білімді ескі білімге байлап беру керек» деп үйретеді. Бұл талаптар – қазіргі дидактиканың негізгі талаптары.
Баланы оқыту – нағыз өнер
Баланы оқыту – нағыз өнер. Мұғалімге білімділікпен бірге сөзсіз шеберлік, өз білімін балаға жеткізе алатын шеберлік қажет. Бұл – аксиома. Мағжан да бұл талаптың астын сызып көрсетеді. «Мұғалімнің шеберлігі өзі білген білімнің бәрін балаға тез білдіруде емес, еппен, басқыштап білдіруде. Сабақ оқытуда мұғалімнің сөзі жинақы, жігерлі, қызықты болуға тиісті» деп ескертеді.
Адамның тәртіпті болып қалыптасуы оның өз ісіне жауапкершілікпен қарауынан туындайды. Бала жас күнінен жауапкершілікке үйретілуі тиісті. Алайда, көпшілігінде осы жауапкершілік көрінбейді. Оны көптеген отбасы да, мұғалім де қалыптастырмайды. Басым көпшілік мектепте мұғалім бала аузын ашса «үш» не «төрт» қояды, баладан жүйелі жауап алмайды, оның біліміне қанағаттану қиын. Қазіргі жаңартылған білім беру жүйесі де баланың жауапкершілігін қалыптастыруға атүсті қарайтындай. Балаға нақты талап қоймай, білімін дұрыс бағаламау жауапсыздыққа үйретеді. Мағжан да «бала өз істеріне жауапты болуы тиіс» деп көрсетеді. Демек оның өте қиын әрі күрделі болып отырғандығы. Сондықтан, балаларды тәрбиелеуде белгілі бір нақты, тұжырымды, қатаң мемлекеттік жүйе қалыптастыру керек.
«Болашақ мұғалімдерді оқытуда қазақ баласының жан дүниесін Мағжан «Педагогикасындағы» ойлармен нәрлендіретін кез келді. Мағжан педагогикасы – аса сезімтал, бала жүрегін жараламайтын адамгершілікті педагогика…»
Алма Қыраубаева,
филология ғылымдарының докторы, профессор
М.Жұмабаевтың педагогикалық-психологиялық көзқарастарымен жақын таныса отырып, төмендегідей ұсыныстарды жөн деп санаймыз:
1. Бала білімді болсын десек, мұғаліміміздің білімі терең, әрі
тағылымды болуы керек;
2. Мектептегі ең басты тұлға – мұғалім, сондықтан мұғалім байсалды, сабырлы, жаны жайдары, көңілді болуы тиіс. Тек баланың білімін жетілдіріп қана қоймай, сонымен бірге этикалық, эстетикалық тәрбие бере білуі қажет;
3. Мектеп кішкене бір мемлекет тәрізді. Сондықтан мектеп баланың алғашқы адамдармен танысып, қарым-қатынасқа
түсетін ортасы, әрі білім ордасы;
4. Ұлт болып ұйысуымыз мектепке байланысты. Ең маңыздысы – ұлт тәрбиесі. Болашақта әрбір оқушы «өз ұлтым», «өз елім» деп жұлқынып тұруы керек;
5. Мұғалім мен оқушының арақатынасы тек сабаққа, білімге байланысты емес, сондай-ақ достық
қарым-қатынасты ұстануы қажет;
6. Балаларды, тек мұғалім тәрбиелемеуі керек, ол жеткіліксіз, сонымен қатар отбасылық, қоғамдық тәрбиені де міндетті түрде алуға тиісті;
7. Бүгінгі өміріміздегі көкейкесті проблемалардың бірі – бала тәрбиесі.
Көрнекті педагог М.Жұмабаев «Педагогика» еңбегінің соңғы бөлімінде «тәрбиеші қауымға бар күшін, бар білімін жұмсап, жалықпай, шаршамай балаға үйрете беру керек» дегенді мықтап ескертеді. Ал біздің болашағымыз – балалар хақында: «…Балалық шақта алынған әсер өмір бойы естен шықпайды, балалықта ылғи жағымды әсер алса, адам өмір бойы шат көңілді. Балалықта жағымсыз әсер алса, қорлық, жоқшылық көрсе, адам өмір бойы қасіретке бейім болмақ. …Бала ылғи іске ұмтылады. Бала еліктемпаз. Еліктемейтін адам болмайды. …Баланы өз күшіне өзін сендіріп, үйрету керек. Қолынан түк келмейді дей берсең, бала жасқаншақ, жасық болады. Балаға ылғи пайдалы іс беру керек», — деп тәрбиелік мәнді ой тастайды.
Міне, құндылығы аса жоғары, осындай Мағжан пікірлері ұрпақ тәрбиесін мұрат еткен әрбір болашақ маман үшін таусылмас қазына болатындығы күмәнсіз ақиқат.
Айдар САБЫРОВ,
Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің доценті,
Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері