Парасат салтанаты
Атыраудың дархан да кең өлкесі – Жылыой өңірі бабалар жырының өшпес тақырыбына айналып, сүйсіне жырлаған, жаймашуақ, көкорай шалғынға бөленіп, аспан жұлдыздарының тамсана да, таңғала көз салған кең шалқар даласы, батыс елінің мақтанышпен құшағын жая жайлайтын, шалғыны – бидайығы мен жусаны, көдесі мен ажарығы аяққа оралып, жел соқса ән салып, күй тартып жататын жайлауы.
Жөндеушіліктен басталған сара жол
Астында байлығы төгілген, түртсең майы шығатын бір кездегі Жылыойдың еркесіндей, даланың жалғыз перзентіндей Құлсары деген шағын да болса, даңқы жер жарған қалаға қарасты мөлдір ауасына тоймайтын сол дархан даланың қақ төріндегі ауылда біздің кейіпкеріміз Асхаттың балғын балалық шағы өтіпті.
Ол Сәлім аға мен Сәлима ананың үшінші ұлы екен. Сәлім Иманғали ақсақалдан тараған қарапайым шаңырақтың иесі болып, сол мекенде елдің тыныштығын қорғаған ішкі істер бөлімінде жұмыс атқарыпты. Зайыбымен орташа ғана дәулетпен ғұмыр кешкен отбасында еңбекқорлық деген дәстүрдің жетегінде ғұмыр кешті. Қарапайым шаңырақтың ішкі дүниесі де тәрбиенің үлгілі бағытын жалғастырған. Үлкен сыйластық, адамгершілік, бауырмалдық, тату-тәттілік туы биік болды.
Асхат Сәлімұлы поселкедегі А.С.Пушкин атындағы орта мектепте оқып, үлгілі, тәртіпті оқушы атанған екен. Мектептегі мұғалімдердің нағыз ұстаздық қарым-қатынасы шәкіртке ерекше әсер етеді. Асхат әуелі өзінің отбасынан және мектептің тамаша педагогтарынан тәлім алады. Соның нәтижесінде орта оқу ордасын үздік бітіреді. Әкесінің еңбекке деген көзқарасының биіктігінен кәмелетке жаңа толған жас еңбектің дәмін татып, бір жылдай үй-ішіне көмегін тигізуді ойлап, Құлсары автобазасының слесарі және электригі болып жұмыс істейді. Бұлайша мектептен кейін еңбек ету отбасындағы ағалары Жеңіс, Кеңес, апасы Розадан дәстүр болып қалыптасқан үрдіс еді. Еңбектің дәмін тату азаматтық қалыптасудың жолы болса керек.
Асхат Сәлімұлы жоғары білім алуды мақсат тұтып, 1971 жылы Гурьев мемлекеттік педагогика институтына оқуға түсіп, тарих мамандығы бөлімін озық дәрежеде бітіреді. Талапты жас студент кезінде-ақ өзінің ғылымға икемділігін байқатып, оқытушылардың көзіне түседі. Ол студенттер арасындағы ғылыми конкурстарға қатысып, институттағы ғылыми конференцияларда баяндамалар жасайды.
«Ғылым таппай, мақтанба…»
Оқуды бітірісімен Гурьев қаласындағы теміржол транспорты техникумының оқытушысы болып жұмыс жасайды. Кеңес әскері қатарындағы әскери міндетін өтеп келгеннен кейін Гурьев мемлекеттік педагогика институтына педагогика пәнінің оқытушысы ретінде жұмысқа қабылданады. Ол институтта алғаш жұмыс істегеннен бастап, тек оқытушылықпен айналысып қойған жоқ, сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмысының әдістемесін белсенді меңгерді.
Асхат Сәлімұлы 1982 жылы Ы.Алтынсарин атындағы педагогикалық ғылыми-зерттеу институтының жанындағы аспирантураға оқуға түседі. Жас ғалымның ғылыми-зерттеу жұмысының тақырыбы «Қазақстан мектеп оқушыларының қоғамдық еңбек бірлестігін дамыту» болды. 1985 жылы педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін Абай атындағы Қазақтың мемлекеттік педагогика институтының Ғылыми Кеңесінде кандидаттық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Сөйтіп, педагогика ғылымдарының кандидаты дәрежесін алады.
А.Иманғалиевтың зерттеулерінде мектеп оқушыларының дене тәрбиесі проблемасы ерекше орын алады. «V-XI сынып оқушыларының базалық дене мәдениетін бағалаудың талаптарын қолданудың әдістемесі», «Атырау қаласы мектептерінде дене сауықтыру мәдениеті», «Халық педагогикасындағы дене тәрбиесі» және т.б. ғылыми еңбектері жарияланды. Асхат Сәлімұлының жоғары оқу орнында ғылыми-зерттеу жұмысын оңтайландырудағы ғылыми белсенділігі, ғылыми мүмкіншілігінің жоғарылығы, жаңашылдық идеялары көп болды. Бұл институт басшылығы тарапынан орынды бағаланды.
Талантты жас ғалым жалпы және халықтық педагогика кафедрасының аға оқытушысы, кейіннен доценті ғылыми атағына ие болады. Тынымсыз еңбек әрі таңдаулы ұйымдастыру қабілетімен көрінген Асхат Сәлімұлын институт ректораты «Педагогика және психология» факультетінің деканы қызметіне ұсынады. Ғалым факультетте нәтижелі жұмысымен жарқ етіп көрінеді. Бірер жылдан кейін, ректорат оған студенттер саны мен профессор-оқытушылар құрамы үлкен, ғылыми әлеуеті зор тарих-филология факультетінің декандығын тапсырады. 1986-89 жылдары аз уақыт ішінде ғалым ұжымды басқару бағытында тағы да жоғары нәтижелі істерімен көрінеді. Қомақты факультет студенттерінің білім мен ғылымды игеруі және тәрбие жұмыстарының үлгілі болуымен қатар профессор-оқытушылар ұжымының ұйымшылдығы басқа факультеттермен салыстырғанда едәуір алда болды.
Іскерліктің тамаша үлгісін көрсеткен Асхат Сәлімұлын институт басшылығы ғылыми істер жөніндегі проректор етіп тағайындады. Он жылдан астам осындай жұмыстың өте маңызды саласын басқарды, университетте ғылыми-зерттеу жұмысын дамытуда ерекше еңбек сіңірді. Оның тікелей басшылығымен әртүрлі ғылымдар бойынша зерттеу жұмыстары нәтижелі және табысты жүргізілді.
Проректорлық жұмыс, әрине, оңай еместігі баршаға белгілі. Ол – институт оқытушылары мен студенттерінің ғылыми ізденістеріне жаңалықтар енгізу, кандидаттық, докторлық диссертация қорғаушыларын қолдау, ғылымға икемді студенттердің талпынысын күшейту болатын. Мұндай ұшан-теңіз міндеттер Асхат Сәлімұлының жарғақ құлағын жастыққа тигізбеді. Соның нәтижесінде Қазақстан егемендік алғаннан кейін, жаңа ғасыр алдында ешбір ғылым докторы болмаған, кандидаттық дәрежелері аз институтта доцент – докторлық, 20 шақты аға оқытушы – кандидаттық диссертацияларын қорғады. Ал профессор, доцент, аға оқытушы ғылыми атақтарына ие болғандар қаншама!
1997 жылы Қазақстан Республикасы Жоғары Аттестациялық Комиссиясы «Қазақ халқының тәрбиедегі озық тәжірибесі мен үлгілері» атты монографиясы үшін А.Иманғалиевқа профессор ғылыми атағы берілді.
Спорт пен валеология
Асхат Сәлімұлы әр уақытта да спортқа, дене шынықтыруға ерекше мән берді. Жас кезінде спорттың волейбол, баскетбол, футбол сияқты түрлерімен айналысып, ауданның құрама командасының сапында талай рет ойнаған болатын-ды. Асхат Сәлімұлы жұмысбастылығына қарамастан, тренажер залында жаттығуға уақыт таба біледі, студенттердің де дене шынықтыру жағынан дамуына ерекше көңіл бөледі.
Асхат Сәлімұлының бастамасымен университет көлемінде әртүрлі бұқаралық сипаттағы спорттық шаралар өтті. Ол бір жағынан оқытушылар мен студенттердің денсаулығын шынықтыруға көмектессе, екінші жағынан ұжымда моральдық ахуалды жақсартуға мүмкіншілік береді. Оның түсінуінше, кез-келген спорт шаралары тынығу мен белсенді дем алуға мүмкіншілік жасап қана қоймайды, сонымен қатар спорттың үлкен тәрбиелік мәні зор деп біледі. Сондықтан да спорттық кездесулерді, жарыстарды, ойындарын ерекше даярлықпен жоғары деңгейде өткізуді талап етеді.
Асхат Сәлімұлының дене тәрбиесін дамыту, салауатты өмір салтын қалыптастыруда әртүрлі ғалымдардың ғылыми тәжірибелерін ескерудің өте өзекті мәселе екендігіне мән беруі оның валеология ғылымына қызығушылығын арттырды.
Алғаш рет Ленинград ғалымдарының валеология мәселелері туралы еңбектерімен таныса отырып, Асхат Сәлімұлы осы проблемамен әрі қарай мақсатты түрде валеологиялық білім берудің әртүрлі бағыттарын зерттей бастады. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – «Қазақстан – 2030» дамуының стратегиялық бағыттарының» бірі ретінде қарастырылуы оның маңыздылығын айқындай түседі. Асхат Сәлімұлын педагог, осы саланы зерттеуші ғалым ретінде «Валеология» оқу пәнінің ғылымға негізделген оқу бағдарламасы, оқулықтарының, оқу және әдістемелік құралдарының болмауы ойландырды.
Каспий жағалауы аймағындағы экологиялық жағдай педагогикалық валеологияны дамытудың қажеттілігін айқындай түсетін бірден-бір негізгі фактор болып табылады. Ғалым-педагог жаңа ғылыми бағыт педагогикалық валеологияны алғаш рет зерттеушілердің бірі ретінде 1999 жылы Туризм және спорт академиясының жанындағы педагогика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін алу үшін диссертация қорғау туралы арнаулы кеңесінде «Жоғары сынып оқушыларының дене мәдениетін шынықтыру жүйесінде педагогикалық валеологияны дамыту» тақырыбында докторлық диссертациясын ойдағыдай қорғады. Бұл диссертация Қазақстан педагогика ғылымына қосылған сүбелі үлес болып табылады. Оны Қазақстанда алғашқы рет докторлық деңгейде қорғалған ғылыми-зерттеу еңбек деп бағалауға болады. Докторлық диссертация Қазақстан халқына, оның ішінде жас жеткіншектерге валеологиялық білім берудің өзекті проблемасына арналған. Асхат Сәлімұлы монографиялық зерттеуінде жүргізілетін денешынықтыру жұмысы валеологиялық білім беруді бірге дамытқан жағдайда ғана тиімді екендігін айқындайды.
Көптеген өзекті мәселелер алғаш рет Асхат Сәлімұлының диссертациялық еңбегінде өз шешімін тапты. Тұңғыш рет денешынықтыру мен мектеп оқушыларына валеологиялық білім берудің байланысы анықталды, валеологиялық білім берудің мазмұны ғылыми негізделді. «Валеология» бойынша оқу бағдарламасы мен оқулықтың ғылыми негізделген тұжырымдамасы жасалып, мұғалімдердің білім беру жүйесінде валеологтарды және дене тәрбиесі мұғалімдерін даярлаудың бағдарламасының мазмұны жетілдірілді. Бұл еңбектің қорытындылары мен материалдары мына оқулықтар мен оқу-құралдарының қажет тарауларын жазуға негіз болды: «Валеология, дене тәрбиесі мен даму негіздері» курсы бойынша практикалық жұмыстар; «Студенттерге арналған оқу құралы» (Алматы, 1997), «Валеология»: мектептерге арналған оқулық (Алматы, 1998), «Педагогикалық валеология» (Алматы, 1998). Ғалым-автор республикада валеологиялық көзқарастың қалыптасуына ерекше әсер еткен «Валеологиялық білім берудің мазмұны», «Педагогикалық валеологияны дамыту», «Валеологиялық білімнің қажеттілігі туралы», «Кәсіби валеологиялық білім беруді дамыту» атты еңбектерін жариялады.
Асхат Сәлімұлының ғылыми қызметінің негізгі бағыттарының бірі – электрондық оқу құралдарын жасау еді. Әр кезеңдегі және ақпараттық технологияның дамуын қадағалай отырып, озат тәжірибеден хабардар болып, оны зерттеп отырды. Қазіргі күннің талаптарына сәйкес Асхат Сәлімұлы валеологиядан электрондық оқулық жасады. Оның электрондық оқулықтарын университет кітапханасында студенттер, мектеп мұғалімдері пайдалануда.
А.Иманғалиев көп жылдан бері педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Атырау университетінің жалпы және халықтық педагогика кафедрасының меңгерушісі Қ.Сейталиевпен жемісті ғылыми және шығармашылық байланыста жұмыс істеп келеді. Онымен бірлесіп, «Болашақ мұғалім даярлау жүйесінде халықтық педагогика элементтерін пайдалану», «Білім беруді реформалау жағдайында ауыл мектебі мұғалімдерін даярлау мен мамандығын арттыруға жоғары оқу орындары мен облыстық білім департаментінің өзара байланысының негізгі бағыттары», «Атырау университеті: өткені мен бүгіні, болашағы» атты еңбектер жазды.
Ол ғалым ретінде өзінің ғылыми еңбектерін педагогика ғылымы саласына арнады. Ғылыми еңбектері тек осы саламен шектеліп қойған жоқ, сонымен қатар жаңа ақпараттық технологияның педагогикалық мүмкіндіктеріне, Қазақстан тарихы, білім беру мен педагогика тарихына арналды. Олар: «Инженер мамандарды даярлауда жаңа ақпараттық технологияны пайдалану», «Білім беру: өткені, бүгіні, ертеңі», «Батыс Қазақстан тарихының проблемалық мәселелері», т.б.
Соңғы кездегі еңбектерінің ішінде А.Иманғалиевтың төмендегі зерттеулерін ерекше атауға болады: «Валеологиядан оқу бағдарламасын іс жүзіне асырудың шарттары», «Жас жеткіншектермен жастардың дене дамуы және экологиялық жағдай», «Экологиялық орта және денсаулық көрсеткіштері», «Валеология». Оның еңбектері алыс шетелдерде де белгілі. Валеология туралы көптеген ғылыми мақалалары АҚШ-тың Сиэтл қаласында Вашингтон университетінің ғылыми басылымында жарық көрді.
Басшылық баспалдақтар
Асхат Сәлімұлы университеттің ғылыми-зерттеу жұмысына көп жылдар бойына ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор болғанда ерекше мән берген болса, университет ректоры болғанда да бұл мәселені назарынан тыс қалдырған емес. Әсіресе, жас ғалымдарды даярлауға ерекше мән берді. Оның ғылыми жетекшілігімен бірнеше аспиранттар мен ізденушілер жұмыс істейді. Асхат Сәлімұлының тікелей бастамасымен университетте «Жалпы педагогика» мамандығы бойынша диссертациялық кеңес ашылып, өзінің төрағалығымен жемісті жұмыс атқарды.
2000 жылдың қаңтарынан Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен А.Иманғалиев Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры болып тағайындалды. Батыс Қазақстандағы ең ірі оқу орнының бірі – Атырау университетінде ректорлық қызметінде Асхат Сәлімұлы жоғары дәрежелі ұйымдастырушы, университетте ғылыми-зерттеу, оқу-әдістемелік жұмыстардың реформаторы ретінде жан-жақты таныла білді. Сөз жоқ, қазір Атырау университетінде іске асып жатқан жағымды өзгерістер А.Иманғалиевтың есімімен тығыз байланысты.
Жаңаша ойлайтын, білікті де талап қойғыш, демократтық көзқарастағы, уақыт талабына сай келе жатқан ректор басқарған коллектив ұжымы өзінің бар күш-жігерін алда тұрған міндеттерді ойдағыдай шешуге жұмылдырды. Университет ректоры А.Иманғалиевтың қызметінің негізгі басты бағыттарының бірі — университеттің материалдық-техникалық базасын жақсарту еді. Университет аумағы шарбақпен мұқият қоршалып, оқу ордасының көліктерінен басқа бейсауат көліктер жүрістерін тоқтатты. Университет шарбағынан шұбырып өтетін жаяу жүргіншілердің де жүрісі кесілді. Бұл үлкен қауіпсіздік шараларының бірі еді. Университеттің «Буревестник» деп аталатын стадионы күрделі жөнделіп, қалыпқа келтірілді.
Студенттер үшін көптен ашық аспан астында спорттық жарыстар өткізу қиын болып жүрген еді. Спортқа ерекше мән беретін басшылық бұл мәселені шешуді көздеп, жаңа жабық спорт комплексін салу идеясын туындатты. Енді оның құрылысын бастауды қолға алды. Бұл идея Асхат Сәлімұлы жұмыс істеген кезде жүзеге аса бастаған болатын.
Университет ауласындағы жалаңқай жерлерге теректер отырғызылып, гүлдер өсетін алаңдар пайда болды. Бұл үшін орман, көкөніс шаруашылығын жүргізетін агроном жұмысқа қабылданып, жылма-жыл шарбақ көгілдір желекке бөленді. Ішкі жолдар асфальтталып, адамдар жүретін және жиналатын алаңдарға шақпақ тас плиталар төселді.
Университеттің ішкі әлеміне көз салсақ, жаңаша жарқыраған кабинеттер жаңа жиһаздармен жабдықталып, профессор-оқытушылар мен студенттердің жұмыс бабы мәнді де мазмұнды өтіп жатты.
1999 жылы жаңа ғасыр алдында Атырау облысының әкімі болып келген Иманғали Нұрғалиұлы Тасмағамбетов республика астанасынан ғалымдар мен өнер қайраткерлерін жұмысқа алдырды. Бәріне де Атырау қаласында тұруға, жұмыс істеуге мүмкіндік жасады. Олар облыс ғылымы мен өнерін, жалпы мәдениетін биікке көтеруге қызмет етті. Солардың ішінен академик-жазушы Зейнолла Қабдолов, күйші-композитор Қаршыға Ахмедияров, ғалым-композитор, музыка зерттеушісі Илья Жақанов университетке жұмысқа келді. Олардың атқарған жұмыстары ерекше құбылыс болды деп айтуға болады. Жұмыс істеуге, дәрісін жүргізуге бар мүмкіндік жасалды. Соның арқасында облыс әдебиеті мен мәдениеті, өнері мен ғылымы биікке көтерілді.
Жаңа ғасырдағы жасалған жаңа жағдайлар профессор-оқытушылар мен студенттерге жаңаша шабыт сыйлады. Оқу-тәрбие жұмысы әлдеқайда жақсарып, ғылым докторлары мен кандидаттары, профессорлары мен доценттері көбейіп, университеттің ғылыми әлеуеті қомақтанды.
2000 жылы үлкен жаңа оқу ғимараты іске қосылды. Ректор А.Иманғалиев оқу үрдісін жаңа құралдарымен жабдықтауға күш жұмсады. Университетте Жаңа ақпараттық технология орталығы ұйымдастырылды. Қазіргі кезде онда 300-ге тарта жаңа буын компьютері бар лабораториялар жұмыс істейді. Автоматты басқару үшін оқу орнының барлық бөлімшелері жеке компьютерлермен қамтамасыз етілген: деканаттар, кафедралар, оқу бөлімі, кітапхана, кадр бөлімі және т.б. Университет ғалымдары мен студенттерінің ақпараттық қызметін қанағаттандыру мақсатын түсінген А.Иманғалиев телекоммуникациялық орталық құруда және Атырау университетін халықаралық телекоммуникациялар «Интернет» жүйесіне қосуда ерекше жұмыстанды.
Атырау мемлекеттік университеті – Батыс Қазақстандағы ғылыми және оқу-әдістемелік орталықтардың бірі. Сондықтан да университет ректоры оқытушылардың сапалық құрамын арттыруға және жақсартуға да көңіл бөлді. Университет оқытушы-профессорлар құрамының ғылыми әлеуеті артып, ғылым докторлары мен профессорлар, ғылым кандидаттары мен доценттер саны 150-ге жетті.
Атырау мемлекеттік университеті профессор А.Иманғалиевтың жетекшілігімен Каспий жағалауы университеттерінің Ассоциациясының мүшесі болды. Асхат Сәлімұлының тікелей қатысуымен университет Атырау облысында жұмыс жасап жатқан «Шеврон», «ОКИОК», «АДЖИП» және басқа да шетелдік компаниялармен тығыз қарым-қатынас орнатты.
Атырау университетінде 8 оқу ғимараты, жатақханалар, Ғылыми-зерттеу институты, қоғамдық зерттеулер орталығы, педагогикалық валеология орталығы, «Экология» және «Лингва» орталықтары, «Халелтану» лабораториясы, Қабдоловтану ғылыми орталықтары жұмыс істейді.
Университет оқытушыларының, қызметкерлері мен студенттерінің әлеуметтік қорғау мәселелері ректордың әр уақытта да назарында болып келеді. Қазіргі кезде Атырау университетінің студенттері 33 мамандық бойынша білім алады. Жоғары оқу орнында «Менеджмент және маркетинг», «Мемлекеттік және муниципалдық басқару», «Журналистика», «Аударма ісі», «Табиғатты пайдалану экологиясы», «Ихтиология, өнеркәсіптік балық аулау кәсібі және балық шаруашылығы», «Актерлік шеберлік», «Агроэкология», «Агрохимия және өсімдіктерді қорғау», «Дәстүрлі музыкалық өнер» атты жаңа мамандықтар ашылды.
Білім ордасының басшылығы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, яғни еліміздің жоғары оқу орындарының көрнекті ғалымдарын шақыруды тәжірибеге енгізіп келеді.
Университеттік білім беру жүйесін реформалау – болашақ мамандарды даярлаудың жаңа жолы болып табылады. Сондықтан да жас мамандарды тәрбиелеуде қолданылатын жан-жақты әдіс-түрлерімен қатар, негізгі тәрбие құралы ретінде оқу үрдісінің жаңа бағыттары кеңінен қолданылады. Университетте оқу-тәрбие жұмысы әр факультеттің ерекшелігін және болашақ маманның кәсіби бағытын ескере отырып жүргізіледі. Оқу ордасында әртүрлі студенттік және қоғамдық ұйымдар жұмыс істейді. Жас ғалымдардың кеңесі, Тәлімгерлер кеңесі, студенттердің ғылыми қоғамдары, жастар комитеті, жатақханадағы студенттер кеңесі, старосталар кеңесі, дебат клубы, КВН командасы, «Сәукеле» қыздар клубы, Студенттердің құрылыс отряды.
Мемлекеттік университет ұжымы бірнеше Халықаралық және республикалық деңгейде ғылыми-практикалық конференциялар өткізді:
– «Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму жағдайында жоғары педагогикалық білім беруді реформалау: тәжірибе, проблемалар мен перспективалар»;
– «Сұлтан Бейбарысқа – 775 жыл» тақырыбында шетел және Қазақстан ғалымдарының қатысуымен Халықаралық конференция;
– ТМД елдері мен Қазақстанның көрнекті ғалымдарының қатысуымен «Қазақстан мұнайының 100 жылдық» мерейтойына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция;
– Қазақстанның батыс аймағы ғалымдарының қатысуымен «Ахмет Байтұрсынов» аймақтық конференциясы;
– Республикалық Досмұхамедов оқулары өткізіліп, Досмұхамедов оқуларының материалдары негізінде «Алты алаштың мақтанышы» атты ғылыми жинақ та жарық көрді;
– «Білім беру жүйесін реформалау жағдайында жоғары оқу орындары мен жалпы білім беретін ауыл мектептерінің байланысы» тақырыбында республикалық ғылыми-методикалық конференция;
– «Махамбет – ерлік пен елдіктің өшпес рухы» атты Халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді;
2008 жылы ректорлық жұмысты тапсырғаннан кейін, Каспий аймағы академиясының президенті болып сайланып, оны 2008-2011 жылдары атқарды. Академияның Жарғысы жасалып, қалыпты жұмыс жүргізілді және ғылымда қомақты еңбектер жазып, ғылыммен терең айналысып жатқан ғалымдарды академияның мүшелігіне қабылдады. Сөйтіп Атырау ғылымның дамуына белгілі дәрежеде үлес қосып келеді.
«Ер жігіт туған жеріне…»
ҚР Білім және Ғылым министрлігі 2011 жылы Асхат Сәлімұлын Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры етіп тағайындады. А.Иманғалиев 2011-2018 жылдары бұл іргелі университетте жемісті де абыройлы еңбек етіп, облыс халқының ризашылығына бөленді. Кейін ғалым Атырауына оралып, 2018 жылдан университет ректорының кеңесшісі қызметін атқаруда. Ол өзінің мол тәжірибесін ортаға салып, ұжым жұмысының табыстарға ие болуы жолында қызмет етуде.
Қазір Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті республика бойынша таңдаулы оқу орындарының қатарына еніп, дүниежүзі университетінің тізіміне ілінгендігінің өзі ұжым үшін үлкен мақтаныш. Заманауи экономиканы жеке объектісіз елестету мүмкін емес. Білім беру жүйесі мұндай үдерістен тыс қалмайды. Білім беру – барлық тараптардың, соның ішінде мемлекеттік емес білім беру субъектілерінің де жан-жақты үйлесімді жұмысы маңызды саналатын стратегиялық сала.
Қазақстанда жекеменшік мектептер де Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген орта білімге қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Осындай оқу орны елімізде күннен күнге көбеюде. Бүгінгі күні 200 мыңнан астам қазақстандық оқушылар жекеменшік мектептерде білім алуда. Соның ішінде Асхат Сәлімұлының өзі мұрындық болып 2014 жылы ашқан «Сенім» атты мектебінде 500 оқушының білім алып жатқаны сүйсінерлік іс. Республика бойынша кейбір мемлекеттік мектептердің үш ауысымда білім беріп жатқанын ескерсек, онда бұл жұмыстың өте игілікті екендігін айтуымыз керек.
А.Иманғалиевтың педагогтік еңбегін бастағаннан бергі атқарған қоғамдық жұмыстары да ұшан-теңіз. Соның ішінде ерекше аталатыны – екі университетте ректор болған кезіндегі үздіксіз атқарған депутаттық дәрежелері, республика бойынша өткізіліп жататын Президент, Сенат, Мәжіліс, Мәслихат депутаттардың кезекті сайлауы міндетті түрде оның маңдайына жазылған міндеттер болып есептелді. Ал қазіргі 2022 жылдан бастап атқарып жатқан өте жауапты қоғамдық қызметі – «Облыстық қоғамдық кеңесінде» сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, қоғамдық бақылау, азаматтардың құқығын қорғау комиссиясының Төрағасы.
Оның Алла-тағаладан мұғалімдік, тәлімдік, үйретушілік, баланы ұстаздық терең сезіммен аялаушылық мінезімен жаратылған болмысы бөлек жан екенін парасаттылық қасиетін алғаш көрген адам бірден байқар еді. Қарапайым адамдармен қарым-қатынасы, оларды бауырына тартып сөйлесудегі жаратылысы ерекше. Университет ұстаздарымен тіл табыса білетіндігі, олардың үздіктерін марапаттап, жылы сөз айта білетіндігі, әр факультеттің шәкірттерімен кездесулер өткізіп, хал-жағдайын сұрап, қандай талап-тілектері бар екендігін біліп отыратындығы нағыз биік дәрежедегі педагогтық қасиеттен.
Асхат Сәлімұлының ұзақ жылғы ғылыми-педагогикалық еңбегі ескеріліп, «Парасат» ордені, «ҚР 10 жылдығы», «ҚР Конституциясының 10 жылдығы» мерейтойлық медальдары, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің «Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі үлесі үшін» ескерткіш медалі, ҚР Президентінің «ҚР Білім мен ғылым» корпоративі қорының Алғыс хаттарымен марапатталса, Білім және Ғылым министрлігі тарапынан: «ҚР Білім беру ісінің үздігі», «ҚР Білім беру ісінің Құрметті қызметкері», «ҚР ғылымын дамытудағы үлесі үшін», А.Байтұрсынов атындағы және Ы.Алтынсарин атындағы медальдарымен және әртүрлі деңгейдегі грамоталармен мадақталды.
Батыс Қазақстан өлкесінің білім саласының қарашаңырағының бірі – Х.Досмұхамедов атындағы университетінің аса құрметті ардагер ұстазы, парасатты педагогі, еліміздің жарқын болашағы саналатын сан мыңдаған жастарды ғылымның сара жолына салуда және адамгершілікке, отансүйгіштікке тәрбиелеу жолында өзінің бүкіл саналы ғұмырын арнаған, сан жылдар бойына талмай ізденіп, әрқашан өз ісінде биіктік пен тазалықты көздеген педагогика ғылымдарының докторы, профессор Асхат Сәлімұлы Иманғалиев биылғы жылы мерейлі 70 жасқа толады.
Асхат Сәлімұлы – парасатты педагогтар әулетінің иесі. Жары Гүлшат Қажыкенқызы көп жылдан бері орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Ұлдары Талғат та, қыздары Әнел де жоғары оқу орнын бітіріп, мамандық алған. Өз отбасылары бар. Немерелері өсіп қанат жайған әулетке бақыт, саулық, ұзақ ғұмыр тілейміз.
Қадыр Жүсіп,
филология ғылымдарының докторы, профессор