Оқушының үлгерімі неге төмен?
Қай дәуірде де «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы», ол бекер айтылған сөз емес. Себебі, білікті ұстаздан білім алған баланың болашағы жарқын боларын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Иә, білім берудің жоғары сапасын қамтамасыз етудің негізгі шарты – мұғалімдердің кәсіби деңгейіне байланысты. Сондықтан баладан жақсы нәтиже күтпес бұрын мұғалімнің біліктілігін жүйелі түрде арттыру қажет. Бұл туралы өткен аптада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамының филиалы – «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институты» өткізген «Мектепте білім сапасын басқару: стратегиядан – практикаға» атты үш күндік семинарда да жан-жақты айтылды.
«Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық жоспары негізінде бекітілген «Мақсатты мектептерді дамыту» жобасы арқылы облыстағы 46 мақсатты мектептің жетекшілеріне арнап ұйымдастырылған семинарға 100-ден астам білім беру мекемесінің басшысы мен әдіскерлер қатысты. Бұл жоба – мектептегі білім деңгейін арттыруға және барлық оқушының сапалы білім алуына тең қол жеткізуі үшін жағдайлар жасауға бағытталған маңызды қадам. Ол биылдан бастап әлемдік білім кеңістігіндегі оқушылардың жетістіктері мен білім сапасындағы көрсеткіштердің тұрақтылығын сақтау, жоғары деңгейге көтеру мақсатында іске асып отыр. «Мақсатты мектеп» жобасын іске асыру үшін «педагог–директор–әдіскер–ментор» одағы, «Өрлеу» филиалы, жобалық кеңсе, жергілікті атқарушы органдар мен білім саласында сапаны қамтамасыз етуші орган қызметкерлері өзара тиімді іс-әрекет арқылы облыстағы нысаналы мектептердің оқыту сапасын көтеруге, білім сапасын қамтамасыз етуге, яғни білім беру мен оқыту, бағалау сапасын жақсартуға мүдделі болуы тиіс.
Облыстық білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуовтың айтуынша, бүгінге дейін облыс педагогтерінің білімін жетілдіріп, оқушылардың білім сапасын арттыру бағытында бірқатар жұмыстар қолға алынған. Осы семинар – мақсатты шараның бірі.
– Педагог кадрлардың біліктілігін жетілдіру бағытында республика Оқу-ағарту министрлігі тарапынан мектептердегі проблемаларды анықтау, сол бағытта нақты жоспар құру, соның негізінде педагогтердің білімін жетілдіру арқылы нақты жүйеге негізделген білім сапасын көтеру жұмыстары жүргізіліп отыр. Мемлекет басшысы білім беру саясатын жүзеге асырудың тиімділігін жоғары деңгейге көтеру үшін 2023 жылғы халыққа Жолдауында сала қызметкерлеріне ауқымды міндет жүктеп, нақты тапсырма берген еді. Осыған байланысты ел Үкіметі мемлекеттік білім беру саясатын дамытуға ерекше көңіл бөлді. Оқу-ағарту министрлігі тарапынан «Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық жобасы әзірленді. Соның аясында облыста бірнеше зерттеу, талдау орталықтары, білім сапасын бақылау департаменті, білім беру басқармасы және әдістемелік орталық бірлесіп, ұстаздардың білімін көтеру бойынша бірнеше бағытта жұмысты бастап кетті. Күні бүгінге дейін жүргізілген тиісті зерделеу жұмыстарының нәтижесінде мұғалімдер диагностикалық тестілеуден өтті, енді модульдік сабақтар өтіп жатыр. Сабақтың бұл түрі – әр пән мұғалімін жеке оқыту. Ұстаздар әдістерді үйретіп, кәсіби білімін жетілдіреді. Атап өту керек, әр модульдік сабақты оқып, танысқан педагог арнайы тестілеуден өтеді. Осы тәсіл арқылы биыл 46, келесі жылы 43 мектеппен жұмыс жасалады. Негізгі мақсат – білімнің сапасын көтеру, — деді облыстың бас педагогі.
Семинарда тұрақты білім беру нәтижелеріне қол жеткізу үшін алдымен менеджмент саласында мектеп басшыларының басқарушылық құзыреттілігін дамыту қажеттігін айтқан «Өрлеу» орталығының аға оқытушысы Гүлмира Тәжиева жиналғандарға білім ұяларын басқарудың тың әдістері туралы түсіндірді.
– Әуелі мектептің жеке портретін талдау керек. Ол үшін оны зерттеп, күнделікті үлгерімнің жай-күйі мен білім сапасын, кадрлық әлеуетін талдап, талқылау керек. Бұл жерде мәселеге төтесінен келіп, ахуалды әділетті түрде саралаған жөн. Сосын даму саласындағы қиындықтар, оны еңсеру үшін істелген әрекеттерге көз жеткізу үшін оқушылардың сабақ үлгерімі мен мұғалімдердің тәжірибесін бағаласа, нәтиже айқын көрінеді. Егер бұл көрсеткіш төмен болса жұмысты жетілдіру қажет. Мәселен, шәкірттердің білім жетістіктеріне мониторинг жасағанда, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерінен IV сынып оқушыларының «Математикалық сауаттылық» пәні бойынша төмен ұпай алғаны анықталды. Себебі, «Көбейту және бөлу», «Жиындар және олардың үстіндегі операциялар», «Математикалық модельдеу» тақырыптары, ал «Жаратылыстану» пәні бойынша «Жануарлар», «Заттардың түрлері. Адам. Су», «Күш. Қозғалыс. Жарық. Дыбыс» тақырыптарынан оқушылар үлгерімі нашар, — деді ол.
Оның айтуынша, педагогтердің білімін бағалау нәтижесі – небәрі 52 пайыз ғана. Демек, мектептегі 77 мұғалімнің 10-ы педагог-зерттеуші, ал 5-уінің педагог-сарапшы болуы ұстаздарға әлі де кәсіби даму керектігін көрсетіп отыр. Өкініштісі сол, біліктілік арттыру курстары бойынша соңғы үш жылда нақты мәлімет жоқ және мұғалімдердің оқуға қызығушылығы мен оның қолжетімділігі төмендеген.
Ал, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚФ – «Атырау облысы бойынша кәсіби даму институтының» директоры Роза Дәулетованың айтуынша, мұғалімнің біліктілігін қаншалықты арттырғаны туралы қорытынды қазан айының соңында ғана белгілі болады екен.
– Қазір облыс бойынша 2246 мұғалім базалық деңгейдегі оқудан өтіп жатыр. Біліктілікті арттыруға арналған бұл курс тамыз айында басталды. Арнайы платформа арқылы ұйымдастырылған оқудың кестесі де мұғалімге ыңғайлы. Яғни, ұстаз өзінің қолы бос уақытта сол платформадағы материалды ашып, өз пәні бойынша берілген бірнеше модульдегі тақырыптарды оқып танысып, кейін сол тақырыптар бойынша 15 сұраққа жауап береді. Ал сұрақтың қорытындысы өздігінен экранға шығады. Осылайша, берілген модульдердің бәрін қазан айының басында толық аяқтайды. Базалық деңгейден өткен мұғалімдер сынақ тапсырады. Егер қатысушы сол сынақтан 80 пайыздан жоғары ұпай жинаса, негізгі деңгей бойынша курстан өткен болып есептеледі. Ол қазан айының соңына жоспарланған. Сондықтан, қазір қанша мұғалім курстан өткенін нақты айта алмаймыз. Ал, бұл семинарда мектеп басшыларын қазіргі динамикамен ғана таныстырып отырмыз, — деді Роза Қабышқызы.
Ал, мақсатты мектептер оқу жылында білім сапасының көрсеткіші мен материалдық-техникалық жабдықталуы негізінде анықталады екен.
Қалай дегенде де, мектепте берілген білім әр шәкірттің келешегіне негіз қалайды. Сондықтан, оған немқұрайлы қарамаған жөн. Мемлекет басшысының да бұл мәселені жиі көтеруінің түпкі мәні осында жатса керек.
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ