Оқушылар қысқы каникулда қанша күн демалады?
Қазақстан мектептерінде екінші тоқсан аяқталуға жақын. Республика Оқу-ағарту министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқушылардың қысқы демалысы биыл 30 желтоқсанан 2025 жылдың 8 қаңтарына дейін он күнге созылады.
Осы уақыт аралығында оқушылардың бос уақытын тиімді пайдаланып, жан-жақты дамуына жағдай жасау мақсатында «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар аясында білім беру, мәдени, шығармашылық және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.
–Мектеп оқушыларына арналған негізгі шаралар бойынша «Қыста кітап оқимыз, жадымызға тоқимыз» атты мектепішілік іс-шарасы, театр фестивальдері мен қойылымдар, жаңа жылдық әшекейлер жасау бойынша шеберлік сабақтары, қауіпсіздік тақырыбындағы дәрістер, мұражайларға, ғылыми орталықтарға және тарихи ескерткіштерге экскурсиялар, спорттық ойындар, коньки мен шаңғы тебу, қайырымдылық акциялары өткізіледі. Ең басты назар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге аударылады. Бұл бағытта ата-аналармен бірге жол-көлік жарақаттарының алдын алу, көшедегі және үйдегі қауіпсіздік, сондай-ақ киберқауіпсіздік мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, — делінген баспасөз хабарламасында.
Айта кету керек, министрлік бұл іс-шараларды білім беру мекемелеріне әдістемелік ұсыным ретінде жолдайды.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ
Сурет: buginmedia.kz