
Оқу жылы 23 мамырда аяқталады
Атырауда оқу жылының аяқталуы мен соңғы қоңырау салтанатына дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Айнагүл Дүйсекенова мәлімдеді.
Биыл Атырау қаласында 6987 оқушы 9-сыныпты, 2946 оқушы 11-сыныпты аяқтайды.
–Мектеп бітірушілер үшін соңғы қоңырау – маңызды әрі жауапты кезең. Бұл күні барлық мектепте «Білімім – Отаныма!» атты бірыңғай сынып сағаты өтеді. Сабақ барысында «Адал азамат» тәрбиелік бағдарламасы аясында оқушылардың елге деген сүйіспеншілігін арттыруға бағытталған тақырыптар қозғалады, — деді бөлім басшысы.
Спикердің айтуынша, оқу жылының қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен оқушылардың саны артып келеді.
– Қазір 9-сыныпта 271 оқушы үздік аттестатқа үміткер. Ал 11-сынып оқушылары арасында 96 оқушы үздік аттестат, 70 оқушы «Алтын белгі» иегері атануға ниетті. Бұл – сапалы білім мен мұғалім еңбегінің нәтижесі, — деді А.Дүйсекенова.
Сондай-ақ салтанатты шаралар мен қорытынды аттестаттау кестесі де нақтыланды. 11-сыныптарға арналған соңғы қоңырау 23 немесе 24 мамырда өтеді. 9-сынып емтихандары 29 мамыр мен 10 маусым аралығында, 11-сыныптың мемлекеттік емтихандары 30 мамыр мен 16 маусым аралығында, ал аттестат тапсыру рәсімі 18–20 маусым аралығында ұйымдастырылады.
Баспасөз мәслихатында білім беру мекемелерінде тәртіпті сақтау мәселесіне де ерекше тоқталып өтті. Қалалық білім бөлімі мерекелік шараларды ұйымдастыру барысында заңға қайшы әрекеттерге жол берілмеуін қатаң қадағалайды.
– Ата-аналардан ақша жинауға, аниматорлар мен студияларды тартуға, автокөлікпен шеруге шығуға, сондай-ақ мектепке дейінгі ұйымдар мен бастауыш сыныптарда, әсіресе, 4-сыныпта салтанатты кеш өткізуге тыйым салынған. Бұл талаптар барлық мектепке жеткізілді. Тәртіп бұзылған жағдайда тиісті шаралар қолданылады, — деді А.Дүйсекенова.
Айта кетейік, биылғы соңғы қоңырау салтанаты оқушылардың білім мен тәрбиеге деген құрметін арттырып, жаңа өмірге сенімді қадам басуына арналған тәрбиелік мәні жоғары іс-шара ретінде өтпек.
Сурет: baq.kz