ӘРІПТЕСТЕРІ ҒАЛЫМ ТУРАЛЫ КІТАП ЖАЗДЫ

Атырау мұнай және газ институтының акт залында химия ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық Инженерлік академиясының академигі, қоғам қайраткері Төлеуіш Пәуеденұлы Серіковтің «Қазақ мұнайының ардақтылары» атты өмірбаян сериясы бойынша әріптестері жазған кітаптың тұсаукесері болды.

Алғашқы сөзді алған институт ректоры Дүйсенбек Құлжанов Төлеуіш Пәуеденұлының ғылымға сіңірген еңбегін айтып өтті. 

– Ол бірнеше ғылыми монографиялық оқулықтар мен мақалалардың авторы ретінде де оқырман қауымға белгілі. Сонымен қатар, мемлекеттік марапаттарға ие болған өңіріміздің абыройлы азаматы,-деді Дүйсенбек Құлжанов.

Салтанатты жиынға аталған жоғары оқу орнының оқытушылары мен ғалымдары, Төлеуіш ағаның замандас әріптестері және шәкірттері қатысып, құттықтады. Олар өз сөздерінде академик Төлеуіш Пәуеденұлының ғибратқа толы ғұмыры, ғылыми ізденістері туралы әңгімеледі. Сонымен қатар, аталған жинақты жарыққа шығаруға демеушілік көрсеткен «Ембімұнайгаз» АҚ-ның бас директоры Махамбет Досмұхамбетовке ризашылықтарын білдірді. 

Бұл кітапқа Төлеуіш Пәуеденұлының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері, ғылыми мақалалары мен баяндамалары, сондай-ақ замандастары, шә-кірттерінің естеліктері енгізілген. 

Шара соңында Төлеуіш Пәуеденұлы өзі жайлы жазылған жаңа кітабын жиналған қауымға өз қолымен табыстады.

Диас Наурызәлиев. 
Суреттерді түсірген 
Әнуар ӘбІлғазиев.
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз