Жарнама
Білім

Онлайн оқудың пайдасы мен зияны қандай?

Ақпараттық заманның ағыны осыдан төрт жыл бұрын білім берудің жаңа жүйесін күнделікті өмірімізге енгізді. Ол – қашықтан оқыту немесе онлайн білім беру. Бұл оқушы мен ұстаздың сынып бөлмесінде емес, бір-бірімен қашықтан жолығуы. Жай ғана жолығып қана қоймай, білім беру заңдылықтарын сақтай отырып ақпарат алмасуы. 

Елде оқытудың бұл тәсілі COVID-19 секілді халыққа қырғидай тиген қауіпті вирус тараған уақытта қабылданған болатын.

Дейтұрғанмен кейін заңмен бекітілген онлайн оқудың пайдасы мен зияны бірдей болып шықты. Жаппай карантин енгізіліп, адам өміріне қауіп төнген шақта бұдан тиімді білім беру жүйесі болмап еді, ал қазір сыныққа сылтау іздеген жұрт онлайн оқуға әбден әуестеніп алды. Күн суытып, жарық сөнсе де онлайн оқу сұрайтындар бар. Бұл қаншалықты дұрыс шешім? Виртуалды әлемде алған білім басымызға бәле болмай ма? Жалпы, онлайн оқуға көшу туралы шешім қандай жағдайда қабылданады?

Естеріңізде болса, карантин уақытында үйден білім алған балалардың үлгерімі төмендеп, ол облыстағы білім сапасының көрсеткішіне де кері әсер еткен болатын. Кейін білім беру басқармасы сапаның құлдырауын осымен байланыстырды. Өйткені бұқара үшін онлайн оқу, әсіресе, бастауыш сынып және оқу үлгерімі төмен оқушыларға ауыр тиді. Мұғалімнің нұсқаулығы бойынша баланы үйден оқытуға ата-аналардың да білім-білігі жеткен жоқ, себебі ата-ана оқыған оқу жүйесі мен қазіргі оқу әдістемесінің айырмасы жер мен көктей ғой. Тіпті араларында әріп танымай қалған балалар да болды. Әлеуметтік желі аман болсын, мұны ата-ананың өзі-ақ сүйінші сұрағандай жариялап жіберді.

Әлем елдерінің тәжірибесінде бар онлайн білім беру қандай артықшылықтар мен кемшіліктерге ие? Бұл әдістің қоғамға тигізер пайдасы қандай?

Онлайн оқудың қиындығын басынан өткізген атыраулық тұрғынның бірі Жадыра Жақсылықова қашықтан білім алу туралы ойын бізбен бөліскен еді.

– Өзіміз көп қабатты үйде тұрамыз. Коронавирустан сақтанып төрт қабырғаға тығылған сәтте үш баланы бірдей онлайн оқыту оңай болған жоқ. II, IV, V сыныптарда оқитын балаларыма әр сабақтан тақырыпты түсіндіру қиынның қиыны еді. Үш балаға екі телефон, Online Mektep платформасына кіре алмай, ұстаздары көбінесе WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы тапсырма жіберіп отырды. Оны орындатып, біраз әбігерге түскенім бар. Ата-ананың үйреткені бір бөлек те, өз ісінің маманы ұстаздың балаға көз алдында білім бергені бір бөлек екен. Сол күндерде отбасымызбен ұстаз ұғымының қадірін ұғындық. Балалар да мектебін сағынды, — дейді ол.

Кейіпкеріміз балаларының сабаққа зауқы болмағанын тіпті, мұғалім оқушыларды түгендегенде «жай қосу белгісін баса салсам болды ғой» деп, сабаққа салғырт қарағанын да жасырмады. Шынында Жадыраның басынан кешірген жағдай әр ата-анаға жақсы таныс. Бірақ ол кезде адам саулығына қауіп төніп, халық аурудан ажал құшып жатқанда одан басқа амал болмаған еді.

Психологтар да қашықтан білім алушының оқуға ынтасы болмаса, ұстаздың да көмегі аз екенін айтады. Ал мектеп қабырғасында мұғалім өзінің харизмасымен кез-келген баланың оқуға деген ынтасын оятып, білімге құлшынысын арттырады. Мұны ұстаздар да жоққа шығармайды.

– Қашықтан оқыту, əсіресе мектеп табалдырығын енді аттаған бірінші сынып оқушылары үшін оңай болмайды. Олар мектепке барып, алдымен қолына қалам ұстауды, сосын əріпті үйренуі қажет. Жалпы, онлайн сабақ беру жоғары оқу орындарының студенттері үшін ғана тиімді деп санаймын. Мектепте мұғалім мен оқушы көзбе-көз отырып, біте қайнасып жұмыс жасағанда ғана діттеген мақсат жүзеге асады. Ал онлайн сабақта оқушылар мұғалімнің жіберген бейнесабақтары негізінде оқиды. Бұл ретте əр ата-ананың ұстаздармен бірлесе жұмыс атқаруына тура келеді, — дейді Атырау қаласындағы №40 орта мектептің директоры Жанаргүл Атшыбаева.

Облыстық білім беру басқармасынан сұрап білгеніміздей, қолайсыз ауа райы мен метеожағдайларда қалалық немесе аудандық білім беру бөлімдері дербес шешім қабылдау арқылы сабақты онлайн оқуға көшіре алады.

– Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 18 қаңтардағы «Қолайсыз ауа райы метеожағдайларында орта білім беру ұйымдарында, сондай-ақ техникалық және кәсіптік білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында сабақтарды тоқтату қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің келісімімен облыстық білім беру басқармасының 2023 жылғы 4 желтоқсандағы №584 бұйрығының негізінде қолайсыз ауа райы жағдайында орта, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде сабақты тоқтату көрсеткіштері бекітілген, — дейді облыстық білім беру басқармасының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова.

Ал қашықтықтан оқыту біз ойлағандай жаңа пайда болған әдіс емес екенін екінің бірі біле бермейді. Оның тарихы сонау ХVIII ғасырда поштамен қатар пайда болған. Студент қажетті кітаптарды пошта арқылы алып, ұстазымен оқу барысында хат алмасып тұрған. Ал емтиханды ұстаздың сол қаладағы сенімді адамына немесе ғылыми жұмыс ретінде жазбаша тапсырады екен. Бұдан отыз жылдай бұрын адамзат өміріне енді ене бастаған дербес компьютерлер онлайн білім берудің дамуына жаңа серпіліс берген көрінеді. Мәселен АҚШ-та кашықтан білім алушылардың саны күрт артуына байланысты үкімет білім беру мекемелерінде бұл әдістің 50 пайыздан аспауы жөнінде заң қабылдауға мәжбүр болған.

Біздің редакцияға хабарласып, онлайн оқу туралы өз ойын білдірген оқырманымыз, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Жәнібек Аралбаев та қашықтан оқу баланы болбырлыққа тәрбиелейтінін айтты.

– Ақшұнақ боран, саршұнақ аязды күндері де әке-шешеміз бізді сабақтан қалдырмайтын еді. Қазіргі жағдайға таң қаламын. Бүгінгілер күн салқындай қалса, онлайн оқу сұрауды әдетке айналдырған. Бұл болашақ ұрпақты болбырлыққа тәрбиелейді. Қазіргі жастардың балаларына деген сезімі «ерекше». Біз әке-шешеміздің көзінше өз баламызды иіскеп, сүйе де алмайтынбыз. Баланы қызғыштай қорғау түптің түбінде әлсіздікке апарып соқтырады. Халқымызда «нар ботасын қарпып сүйеді» деген мақал бар. «Балаңды аясаң, аяма» деген де сөз бар. Мұның барлығы бекерге айтылмаған. Ауа райы қандай болмасын, баланы мектептен қалдырмау керек. Бұрын біз білім алғанда мектебіміз қазіргідей көгілдір отынмен емес, жыңғылмен, кейіннен көмірмен жылытылатын. Сонда да сабақтан қалып көрген жоқпыз, — деді ол.

Шынында да бұрынғы бала мен бүгінгі баланың айырмашылығы жоқ. Тек қоғам дамып, тұрмыстық жағдайдың жақсаруы халықтың талабын күшейте түскені рас. Бірақ оқырманымыз айтпақшы, баланы өбектеу оның болашағына балта шабумен тең.

Технологияның дамуы қашықтан оқытудың мүмкіндіктерін кеңейтіп, мектептен бөлек жоғары оқу орындарының қабырғаларында да біршама мамандық бойынша онлайн оқу үрдісін кең тарата бастады. Дегенмен жоғары оқу орындарындағы онлайн білім беру жүйесінің де екіжақты салдары бар. Өткен жылдың соңындағы республика Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрағасы Асхат Аймағамбетов колледждер мен университеттерде кейбір мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салу туралы норма енгізілгенін мәлімдеген болатын.

«Зерттеулер педагогикалық, медициналық және фармацевтикалық мамандықтар бойынша онлайн білім алудың қаупі бар екенін көрсетеді. Сондықтан заң жобасында колледждер мен университеттерде педагогикалық және медициналық мамандықтар бойынша қашықтан білім алуға тыйым салу туралы норма енгізілді», — деген болатын А.Аймағамбетов.

Депутат сол жолы заң жобасында студенттерге берілетін диплом мен транскриптіге қоса, арнайы оқу барысында игерген нақты құзыреттілігі мен дағдысы туралы ақпарат беретін құжат беру де қарастырылғанын айтқан болатын.

Түйін: Өткен айда күн суытып бастағаны сол еді, ата-аналар білім беру басқармасынан онлайн оқуға көшуді сұрады. Осыған байланысты бұқараның пікірі екіге жарылып, бірі онлайн оқудың баланы енжарлыққа тәрбиелейтінін айтса, қарсы тарап тұмау, қызылша секілді қауіпті вирус күшейген сәтте мұның тиімділігін қолдап жатты.

Әрине, уақыт өте келе онлайн білім беру жүйесі де АҚШ-тағыдай сүзгіден өтіп, сараланары анық. Ал мемлекеттің ұстанымы – жас ұрпақты білім нәрімен сусындату. Ол үшін дәстүрлі білімнің бәрінен озық екеніне ешкімнің дауы болмас. Өйткені онлайн білімнің оқушының ой санасының да, күш-қабілетінің де дамуына кері әсер етіп жатқанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.

Ал, Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?..

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button