Жарнама
Білім

ОҚУЛЫҚТАҒЫ ОЛҚЫЛЫҚ

Әрине,  кеткен кемшіліктерді заң арқылы түзеу орынды екендігі сөзсіз. Бірақ, еліміздің 2007 жылы қабылданған «Білім туралы» заңына осы уақытқа дейін 22 мәрте өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп үлгерген. Бұдан бөлек, аталған заңда заңға қосымша актілерді қабылдауды талап ететін 103 норма қарастырылған. Ал, оның 13-і әлі күнге дейін қабылданбаған. Тіпті, қабылданған кейбір нормативтік актілерде кеткен кемшіліктерді түзетуге келгенде әлі күнге дейін білім саласының жауапты тұлғаларының мойны жар бермей жүр.

Жоғарыда аталған осы мәселелер ҚР Парламенті Мәжілісі Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында сөз болды. Жиын барысында сөз алған Гүлмира Исимбаеваның атап өтуінше, 2013-2014 оқу жылдарында еліміздің барлық мектептері Үкімет қаулысымен бекітілген бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттары және ҚР Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен бекітілген орта мектептерге арналған оқу бағдарламасы негізінде білім береді. Бірақ, бұл құжаттар оқулықтар жарыққа шыққаннан кейін ғана қабылданған. Соның салдарынан пән бағдарламалары мен оқулықтар арасындағы алшақтықтар орын алып отыр. «Мәселен, жаңа бағдарлама бойынша жаратылыстану-математика бағытында 11-сыныпқа арналған Қазақстан тарихы пәніне 68 сағат қарастырылған. Ал оқулықта материалдар 34 сағатқа есептелінген, яғни, 2 есе кем. Тіпті, 19 тақырып бойынша материал мүлдем жоқ. Сонымен қатар, жаңа бағдарламада дүниежүзі тарихын оқу қарастырылғанымен, оқулығы жоқ. Гуманитарлық бағыттағы оқулықтарда да дәл осы жайт. Бағдарлама жаңа, ал, оқулық жоқ», — деді ол.

Халық қалаулысының атап өтуінше, 11-сыныпқа арналған  «Адам және қоғам» пәні бойынша да 36 сағат оқыту көзделгенімен, оқулықта небәрі 16 сағатқа арналған материал бар. 11-сыныпқа арналған Қазіргі заман тарихы пәнінің оқулығы да жоқ. Биология оқулықтары бойынша ахуал тіпті қиын. Оқулық ескі, ал, бағдарлама жаңа. Соның нәтижесінде 6-сыныпта 22 тақырып бойынша материал жоқ, 30 тақырып 7-сыныпқа берілген. Бағдарлама бойынша оны олар 6-сыныпта оқуы тиіс. 7-сыныпта 16 тақырып берілген, ал, олар болса 6-сыныпта оқылған, тағы 21 тақырып бойынша мүлдем материал жоқ. 11-сыныптың «Физика» оқулығында бағдарламада көзделмеген зертханалық тапсырмалар беріліп келсе, кейбір тақырыптар кітапта бар болғанымен оқулықтан тыс қалған.

Аталған кемшіліктерге кім кінәлі? Министрлік пе, әлде баспа ма? Кітаптың сапасына, мазмұнына жауапты құрылымдар арасындағы жұмыстар неге оңтайлы жолға қойылмаған? Расында да бүгінде мектеп оқулықтарын шығаратын баспаларға зор билік берілген. Яғни, олар авторлық ұжымды өздері құрады, оқулықтың тұжырымдамасын айқындайды, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлейді, оларға ішкі сараптама жүргізеді әрі кітаптарды басып шығарады. Демек, оқулықтың сапасы мен мазмұнына баспа жауапты деген сөз. Сонда мемлекеттік қызметке жеке сектордың жауапты болғаны ма?

Сондықтан да, депутат Г.Исимбаева Білім және ғылым министрлігі мемлекеттік жалпыға бірдей білім беру стандартына орай оқулықтардың мазмұны бағдарламалар мен оқу жоспарларына сәйкес келетіндігін тыңғылықты сараптама арқылы саралауы қажеттігін алға тартады. «Оқулықтың болмауы ҰБТ нәтижелеріне әсер етпес үшін  дүниежүзі тарихы  пәнімен байланысты проблеманы шешу, жетіспейтін оқу материалдарын толықтыру бойынша шараларды қабылдау қажет», — деді ол.

Осы отырысқа қатысқан Қазақстанның Еңбек Ері Аягүл Миразова да мектеп оқулықтарындағы олқылықтарды сынға алды. «Оқулықтардың білім мазмұны берекесіз, бір-бірімен ешқандай байланыс, сабақтастық жоқ. Артық дүние өте көп. Жылдан-жылға сағат саны азайып, мазмұны көбейіп келеді. Мен  математика пәнінің мұғалімімін. 10,11-сыныптарда туынды, интеграл, ықтималдық теориясы оқытылады. Ал, ол бірінші курсқа барғанда жоғары оқу орындарында қайталанады. Мұндай жайт жалғыз математикаға емес, барлық пәнге тән», — деді ол.

Сондықтан да, оның пайымынша, оқулықтарда оқушылардың өміріне қажетті, ең керекті материалдарды ғана қалдырып, мазмұнын ықшамдау қажеттігі туындап отыр. «11-сыныпты бітірген балалар ҰБТ-да қазақ тілінен емтихан тапсырады. Ал, қазақ тілі дегеніміз — лексика, грамматика, фонетика. Ал, бізде 10,11-сыныпта қазақ тілі деп жазылады да, сөз өнері, сөз мәдениеті, шешендік сөз сынды тақырыптар бойынша оқытылады. Шын мәнінде, шешендік сөз де, тіл өнері де бастауыш сыныптан бастап, сабақтастық түрде өзінен-өзі беріліп отырады», — деген ол 10,11-сыныпта оқушылардың ҰБТ-ға дайындығын күшейту үшін лексика, грамматика, фонетиканы оқыту қажеттігін баса айтты.

ҚР Білім және ғылым министрлігі мамандарының атап өтуінше, қазіргі уақытта мектеп сөмкесінің салмағын жеңілдету үшін отандық оқулықтар жұмсақ жылтыр мұқабада әзірленіп, шығарылуда. «Республиканың жалпы білім беретін мектептері үшін оқулықтардың салмағы бойынша санитарлық-гигиеналық талаптары Ресей, Беларусь, Украина нормаларына сай келеді. Ол бастауыш сыныптар үшін – 300, 5,6-сыныптарға – 400,  7,9-сыныптарға – 500 грамм», — деді министрлік өкілі. Бұдан бөлек, бүгінде мектеп ұстаздарына оқулықтарды өз бетінше таңдау еркіндігін беру мүмкіншілігі қарастырылып жатқандығы да атап өтілді.

Ерік Самалық.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button