Жарнама
Білім

«Мәңгілік елдің жастары – жарқын болашаққа»

Атырау қаласындағы дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның базасында өткен облыстық жас ұстаздар слеті осылай аталды.

????????????????????????????????????

«Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі филиалдарының, бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағалары, облыстық білім беру басқармасының, облыстық әдістемелік орталықтың басшылары және 29 жасқа дейінгі жас мұғалімдер қатысқан форумда Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы, академик, «Парасат» орденінің иегері Қадыр Жүсіп жас мұғалімдерге өздері жанымен сүйіп, таңдаған мамандықтың қыр-сырын әңгімелеп, өз тәжірибесімен бөлісті.

Ұстаз боламын деген адамның жүрегінде бір ерліктің ұшқыны болуға тиіс. Мұғалім өзін-өзі бағалап, өзін-өзі түсінуі керек. «Мен кіммін? Не үшін осы мамандықты қаладым? Мектепке баруға, шәкірт алдында дәріс оқуға дайынмын ба? Оқушыларды ілгері жетелеу үшін менде қандай қасиет болуы керек?» деген сұрақтарға жауап берген жөн. Ол үшін педагогикалық оқулықтарды көп оқыңыздар. Өз жан дүниелеріңізге үңіліп, өздеріңді жақсы көре біліңдер. Өзін жақсы көруді эгоизммен, менменшіл-дікпен шатыстырмаған абзал. Өзін жақсы көрген адам ғана шәкірттерді де шын жүрегімен сүйе алады. Сөйтіп, оқушыларын соңынан ертіп білім еліне сапар шегеді.

Оқушы – сіздің айнаңыз. Олар мұғалімге еліктейді, жақсы жағыңызды алуға тырысады. Осыны ұмытпаңыздар. Айна деген – бір қараған адамға кәдімгі зат. Бірақ, оны сыншы деп түсінген дұрыс. Айнаға қарап әр адам өзін-өзі түзейді. Мұғалім де солай, шәкірт алдына келгенде еш мінін байқатпай, олардың жанын біліммен, тәрбиемен   баурап алса, шіркін! Ешқашан шәкіртке қатты сөз айтып, дауыс көтеруге болмайды. Сіздің айтқан сөзіңіз бала жүрегіне өшпестей жара салуы мүмкін. Олар сол арқылы мұғалімді жек көріп те кетеді. Сондықтан, баланы жылы сөзбен, мейірлі көзбен баураңыздар.

Бәріміздің ұлы ұстазымыз  Зейнолла Қабдоловтың «Ұстаз болу – өз уақытын аямау, өзгенің бақытын аялау» деген қанатты сөзі бар. Мен өмір бойы осы өнегелі афоризмді өз өміріме нысана етіп алып келемін. Сондай-ақ, ол кісінің «Әдебиет –ардың ісі» дегені және бар. Менің әдебиеттегі ұстанымым – осы. Сондықтан, сіздерге «Ұстаз болу – ар ісіне құштарлық» және «Мұғалімдер күні» деген өлеңдерімді оқып берейін, — деді академик Қадыр Өтегенұлы тебірене сөйлеп.

Махамбет аудандық Сарытоғай орта мектебінің мұғалімі Асылжан Сәрсенғалиев те слетке қатысушыларды құттықтап, сөз сөйледі. «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Атырау облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қылышбай Сүндетұлы аталған ұйымның марапаттарын тапсырды.

Ұстаздар күніне орай «Білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен облыстық дарынды балаларға арналған ұлттық гимназияның директоры Нұрлыбек Даумов, Мақат ауданы, Доссор поселкесі, С.Шәріпов атындағы мектеп-интернатының мұғалімі Раушан Сатайбаева, Индер ауданы, М.Мөңкеұлы атындағы орта мектептің мұғалімі Қарлығаш Мырзахметова марапатталды. Сонымен қатар, бір топ ұстаз-дарға аталған ұйымның Алғыс хаты, Құрмет грамотасы табысталды.

«Мамандығым – мақтанышым» атты үздік шығармалар конкурсы қорытындыланды. Байқаудың Гран-при иегері  Махамбет ауданы, Алмалы орта мектебінің мұғалімі, бастауыш кәсіподақ ұйымының ақпараттық хатшысы Қуанышбек Ғалимов болды. Ол аталған мектептің мұғалімі Рахия Сағызбаева туралы «Өз ісінің маманы» атты мақала жазыпты.

Самал ТӨЛЕПОВА, Атырау қаласындағы №34 көп салалы мектеп-гимназиясының химия пәнінің мұғалімі:

Жаңа бағдарламамен сабақ беріп жатырмыз. Мен химия пәнінен инновациялық әдістерді көп қолданып, өз тәжірибеме енгізуге тырысамын. Сондай-ақ, аптасына бір рет бір сыныпқа химия пәнін ағылшын тілінде жүргіземін. «Химия пәнін ағылшынша кіріктіріп оқыту» методикасын осылайша жүзеге асырудамын. Интернетпен, компьютермен және ғылыми техникалық революция жетістіктерімен шәкірттерімді таныстырып отырамын. Зертханалық жұмыстарда топтық әдістерді пайдаланамыз. Сабақты өмірмен байланыстыруды көздейміз. Бір сөзбен айт-қанда, мамандығыма адал болуды қалаймын.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button