Өңірлік ғылым – өңірлер үшін

bez imenirreer Білім

*12 сәуір – Ғылым қызметкерлерінің күні

Ғылым – адамзат үшін аса қажетті құндылық. Ал, елімізде экономиканы тұрақты дамыту үшін алдымен өңірлік ғылымды өркендету қажет. Жалпы, ғылымды дамыту стратегиясын дұрыс құруға тиістіміз. Жуырда Атырауда өткен  III Ұлттық құрылтайдың секциялық отырысында да ғылым мәселесіне басты мән беріліп, әр саланы ғылыми тұрғыда дамыту қажеттігі жан-жақты айтылған болатын.

Елімізде соңғы жылдары ғылым саласын өркендету мақсатында нақты қадамдар жасалуда. Мәселен, отандық білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2025 жылға қарай ғылымды қаржыландыру көлемін жеті есе көбейтіп, ІЖӨ-нің 1 пайызына жеткізу басты меже етіп қойылды. Осылайша, саланың бойына жан бітіп, қан жүгіре бастады. 

Иә, ғылым дамымай ел дамымайды, сондықтан бұл екі ұғымды бір-бірінен ажыратып қарау мүмкін емес. Өңірлік ғылымды дамытудың өзектілігі де осында. Ендеше, осы саланың қазіргі жағдайы қалай? Оны дамытудың қандай тиімді жолдары бар?

Ғылыми білімді жинақтау қызметін атқаруда университеттер маңызды орын алады. Сондықтан бұл тақырыпты біз «Мінбер» төріне шығарып, аталған сауалдар төңірегінде жергілікті жоғары оқу орындары ғалымдарының пікірлерін білген болатынбыз.

Ерлан ҚАБИЕВ, PhD доктор,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы:

«Ғылыми жетекші жоқ»

–Үлгілі ғалымдарды көріп, біліп өскен жастар ғана сол секілді болғысы келіп, арман қуады. Бұл мәселеде баланың екінші ата-анасы – ұстаз да үлкен роль атқарады. «Өскенде ғалым боламын» деген арманы бар бала мен «баламды ғалым етемін» дейтін ата-аналар болса ғана елімізде «шын» ғалымдар пайда болады.

 Соңғы жылдары сәбиі дүниеге келгенде көлігіне «Қазақ еліне бір батыр немесе қазақ еліне бір ару» деген жазу жаздырып алып жүргендерді ғана көріп келеміз. Ол да дұрыс шығар, дегенмен, «Қазақ еліне бір ғалым» деп неге жазбасқа?! Жастарды ғылымға баулу отбасынан басталатын іс. Ең алдымен жастарды ғылымға жетелейтін ғылыми жетекші болуы керек. Жастардың ғылыми жолы ғылыми жобаларға, ғылыми конференцияларға қатысқан сәттен басталып, диплом жазу, магистрлік, докторлық диссертация жазумен жалғасады. Ал, мұның бәрі ғылыми жетекшінің бастауымен жүзеге асады. Елімізде әсіресе, өңірлік аймақтарда «дұрыс» ғылыми жетекші табу өте қиын. Ғылым докторлары, ғылым кандидаттары болғанымен көпшілігі мазмұнды ғылыми мақала жазудан қол үзіп қалған.

Саланы дамытуда ғылыми орта мен материалдық мүмкіндіктің болуы да аса маңызды. Ғылыми-зерттеу лабораториялары, құралдар және жастардың өз зерттеуімен, ойымен бөлісетін, пікір алмасатын ғылыми ортаның болуы негізгі мәселелердің бірі. Жастарда кездесетін қиындықтар: зерттеуге қажетті ақпараттарды кейбір тиісті мекемелерден ала алмауы, ғылыми-зерттеу лабораториялары мен құралдардың қолжетімсіздігі және ғылыми ортаның болмауы, тағы басқа.             

Елімізде «Жас ғалым» жобасы, «Болашақ», «Жас ғалымдарды баспанамен қамтамасыз ету» бағдарламалары жүзеге асуда. Осы қолдаулардың арқасында жастар ғылымға бет бұра бастады. Ғылым мен білімді дамытуға бөлінген ресурс ешқашан жоғалмайды, міндетті түрде еселеніп қайтарылатыны белгілі. Бұған осы салаларға айрықша маңыз берген, дамытқан елдер дәлел. Сондықтан, осы қолдауларды пайдаланғандардың бәрі бірдей ғалым болып кетпесе де жүзден бір, мыңнан бір ғалым шығып, жаңа «ғылыми жаңалық» жасап шығарарына сенемін.

Болат МҰХАМБЕТОВ,  

ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы:

«Аймаққа қажетті ғылымды дамыту керек»

– Өздеріңізге белгілі, бұрын ғылым академиясының қарамағында ғылыми зерттеу институты болды. Енді соңғы он жылдықтан бастап ғылымды университеттерге беруде. Ал, бұрынғы білім беру университеттерінің ғылыми платформасы болған жоқ. Енді қазір, бүкіл ғылымға грант жақсы бөлінуде. Бүгінде грантпен жұмыс істеп жүрген ғылыми қызметкерлер көп, бірақ ғылыми база қалыптаспаған. Ғылыми базаны қалыптастырмаса, грантпен қанша жұмыс істелгенімен ол сапасыз болады.

 Екінші мәселе, қазір өңірлік ғылымды дамыту керек деген мәселе қойылды. Әрбір аймақтың жоғары оқу орындары сол аймаққа қандай ғылым керек, соны анықтап, дамытуы қажет. Бұл мәселеде біз университет ғалымдары қанша талпынғанымызбен, оған атқарушы билік дайын емес. «Аймақтарда ғылымды қалай дамытамыз?» деген мәселені сол университеттің ғалымдары әкімдіктің өкілдерімен бірлесе отырып шешуі керек. Ол үшін нақты мақсатты айқындайтын арнайы бағдарлама жасақталуы қажет.

Үшіншіден, ғылыми техникалық саясат бойынша заң қабылданды. Ғылым қорын әр аймаққа, әр облысқа көшіру туралы айтылған болатын. Егер ғылым қорын мысалы, әр өңірге көшірсе, онда инженерлік жұмыстар жақсы қолға алынар еді. Қазір өздеріңіз білесіздер, бастапқы ғылым мен қолданбалы ғылымдарды қаржыландыру көлемі 70-80 пайызға дейін, ал инженерлік конструкторлық жұмыстар 15-17 пайыздан аспайды. Демек, ғылым қорының ақшасымен әр облыста инженерлік бейінді зертхана ашпай біздің ғылым дамымайды.

Ғылымның бәрі заманауи техникалар арқылы дамиды. Ғылым бұрын ғылым және техника деп аталған, ал қазір ғылым және технология деп өзгерді. Бірақ, бәрібір технология айтарлықтай дамымады. Ендігі мақсат Ғылым  және жоғары білім министрі мен облыс әкімдігі бірлесіп, әр университеттің ғылыми базасын жасақтауы қажет.

Ғалымдарға жақсы қаржы бөлінуде. Бұл қуантарлық жайт. Әсіресе жас ғалымдарға ерекше қолдау көрсетіліп отыр. Әр ғылыми оқу орнына жас ғалымдарды өздері дайындай алмайтын болса, онда одан нәтиже шықпайды. Сондықтан әрбір аймақ өзінің жеріне керекті ғылымды дайындауы керек.

Маржан ДОСМАҒАМБЕТОВА,

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің  «Геоэкология» зертханасының меңгерушісі:

«Білімнің төресі – әдіс білім»

– Өңірлік ғылымды дамыту үшін ғалымдар бір-бірімен жиі пікір алмасып, тығыз қарым-қатынас орната білуі керек деп ойлаймын. Мәселен, приборлармен стандартқа сай зерттеуді бірге жүргізсек тиімді нәтижеге де қол жеткізер едік. Себебі, кейбір интернетте бар стандарттарға уақыт өткізіп алып жатамыз, мысалы тұзды судың құрамындағы хлорды  ГОСТ 26449. 1-85 анықтайды. Бұл ешқандай инновациялық жаңалық емес. Жергілікті ғалымдар ғана емес, өзге өңірлердегі әріптестерімізбен тәжірибе алмассақ жұмысымыз да жемісті болар еді.

Сонымен қатар, лабораториялық сабақтардың санын арттыру маңызды деп білемін. Лабораториялық сабақты көзбен көріп, қолмен ұстауға әдіс білім мүмкіндік береді. Алаш көсемі Ахмет Байтұрсынов «ешқашан ұмытылмайтын, жадыңда жақсы сақталатын білімнің төресі – әдіс білім, теориялық білімді – мәніс білім, тез ұмытылатын, жадыңда сақтау мүмкін емесі – өлі білім» деп түсіндіргендей, көзіңмен көріп, қолыңмен сезініп алған біліміңнен артық құндылық жоқ.

Жадыра ЖАҢАБАЙҚЫЗЫ,

«Каспий» қоршаған ортаны кешенді зерттеу және мониторинг зертханасының ғылыми қызметкері:

«Трендке айналдыру – заман талабы»

Жаhандық көште ғылым мен білім ел дамуының негізгі көрсеткішіне айналды. IV ғылыми-техникалық революция, Индустрия 4.0 кезеңінің орын алуымен әлем қарыштауының тарихи, жаңа сипатындағы ғылым келешекке маңыз жүктеуде. Елімізде ғылымның маңызына терең бойлап, ғылыми зерттеулерді жүзеге асыру да қоғам дамуының басты шартын қалыптастырды. Сонымен қатар, зерттеу жұмыстарында жекелеген университеттердің ғылыми кеңістік құрып, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму орталығына айналуы зияткерлік әлеуетке, инновациялық ізденіске жол ашып келеді.

Өңірдегі жетекші жоғары оқу орны саналатын Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ғылыми-зерттеу жұмыстары еліміздегі ғылым саласының дамуына серпін беретін стратегиялық жоспарға сай жұмыстар атқаруда. Университет заманауи практикалық білімге сай жаңа зертханаларды жабдықтап, озық құрылғылар арқылы зерттеу базасын құруда. Солардың бірі – «Каспий» қоршаған ортаны кешенді зерттеу және мониторинг зертханасы.

Бұл – облыстағы  әлеуметтік-экономикалық, эколо-гиялық және коммерциялық зерттеу жобаларын жүзеге асыратын, топырақ, су және жем-шөпті талдау бойынша зерттеулер жүргізетін кешенді зертхана. Мұнда Атырау өңірінің экологиялық жағдайы туралы тәуелсіз талдамалық білім берумен қатар, өңірдегі табиғи ресурстардың сапасын арттыру үшін экологиялық әдістерді пайдалана отырып, қоршаған ортаны зерделеуде зерттеу топтарына база ұсынылады.

Ғылыми зертханадағы топырақ, су және жем-шөпті талдаудың кешенді тәсілі ауылшаруашылық өнімдерін өндіруге, жерді игеруге, тыңайтқыштарды, пестицидтерді уақытылы және экологиялық тұрғыдан қолайлы қолдануға байланысты шығындарды азайту мәселелерін белсенді шешуді ұсынады. Жергілікті ресурстарды жоғары сапалы талдаудан басқа, зертхана қоршаған ортаны зерттеу саласында білікті кадрлық базаны құруға және өңірлік проблемаларды шешуге бағытталған оқыту алаңы ретінде қызмет атқарады.

Қазіргі таңда кешенді ғылыми зертхананы аккредитациялау жұмыстары жүргізілуде. Зертхананың алдағы ағымдық жұмыстарында экологиялық аспектілер бойынша инновациялық қолданбалы зерттеулер жүргізу, заманауи озық технологияларды пайдалана отырып, жоғары сапалы зертханалық қызметтерді қамтамасыз ету, әдістемелік бақыланатын процестер бойынша зерттеулердің, аналитикалық әзірлемелердің барлық кезеңдерінің тиімділігі мен сапасын арттыру міндеттері қойылған.

Қазақ ғылымы дамуының негізгі күші ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындары екені айқын. Елімізде ғалымдар мен жас ғалымдарға мемлекеттен қолдаудан бөлек, ғылыми кеңістікте еркін идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктер қарастырылған.

Ғылымды трендке айналдыру мемлекетіміз үшін өзекті бағдар танылып, заман талабына айналды. Қазіргі ғылым кеңістігі де ғылым жолындағы мамандардан дамуды, заманауи құрылғыларды игеруді, үздіксіз ізденісті қажет етеді. Бұл жолдағы ғалымдардың ұлы мақсаты ұлттық ғылымды әлемдік кеңістікке шығару болмақ. Өркениеттің тұғырына айналған ғылыми бағыт Қазақстанның жаhандық дамуында жаңа деңгейге көтерілуінің қуатты қозғаушы күшін қалыптастырмақ.

Гүлдана БЕКОВА, жас ғалым:

«Арнайы бағдарлама керек»

– Біз біріншіден, Атырау өңірінде ғылымды дамыту бағытына маңыз беруіміз қажет. Жалпы, осы бағытта Ұлттық ғылым академиясы әрбір өңірлерге барып үлкен форсайттық зерттеулер жүргізіп жатыр. Олар өңірлердегі ғылыммен айналысатын ұйымдардың, ғалымдардың басын бір жерге, яғни аталған академияның төңірегіне топтастырып, отандық ғалымдардың жаңа жобаларын өндіріске енгізу бағытында жұмыс істеп, ғалымдарға қолдау білдіруде. Енді жергілікті ғалымдардың жаңалықтарын жергілікті атқарушы органдарға, өндіріске не бизнес өкілдеріне таныстыру қажет. Осы мақсатта олардың басын біріктіретін облыс көлемінде үлкен форсайттық жиын өткізілсе, ол жерде әр ғалым өзінің зерттеулерін таныстыра алу мүмкіндігі болса, ғалым – өндіріс – бизнес арасындағы байланыс артар еді.

Екіншіден, біз нені қаржыландыра аламыз және ол қанша уақытқа созылады? Қазіргі уақытта ғалым өзінің зерттеу жұмыстарын Ғылым және жоғары білім министрлігінің ғылым комитеті тарапынан ғылыми, ғылыми-техникалық зерттеулерді гранттық қаржыландыру, университеттің ішкі қаржыландыру конкурстарына қатысып, жобаларын жүзеге асыру үшін қаржыландыруды ұтып алуына болады. Ал, жергілікті бюджеттен ғылыми зерттеулерді қаржыландыру конкурстары қарастырылмаған. Сондықтан жергілікті ғалымдардың жобаларына жергілікті бюджеттен де қолдау көрсетілуі қажет деп санаймын.

Үшінші мәселе  – зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізу. Ғалым – ол ғылыммен айналысуы керек, яғни ғалым бір мезетте ғылыммен де және оның нәтижелерін өндіріске енгізумен де айналыса алмайды. Бұл үшін құзырлы органдар немесе мамандар тартылуы қажет. Сондай-ақ ғылыми зерттеулерді өндіріске енгізу үшін алдымен сынау жұмыстары жүргізілуі қажет, ал ол үшін өндірістік-тәжірибелік база құрылуы тиіс.

Төртінші мәселе  –  өңірге жас ғалымдарды тарту. Шыны керек, бізге сырттан маман келмейді, өзіміздің түлектерімізді магистратураны аяқтағаннан кафедраға жұмысқа алып қалуға күш салуымыз керек. Бірақ, көбі мектепке не өндіріске кетіп қалады. Сондықтан жас ғалымдарды өңірлерге тарту немесе ғалымдарымыздың басқа салаларға кетіп қалмауы үшін жергілікті бюджеттен арнайы бағдарлама жасалуы керек (үй беру, жас ғалымдардың балаларына арналған балабақша және т.б.). Ал, жақында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде екі  білім беру бағдарламасы бойынша докторантура ашылмақ.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз