Жарнама
Білім

Нұрасылдың биік белесі

Атыраулық жастар еліміздің «Үздік 100 студентінің» қатарына енді. Олар елорда төрінде өткен марапаттау рәсіміне қатысып, танымал спикерлердің шеберлік сабақтарынан білімдерін жетілдіріп қайтты. Солардың бірі – Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжі, «шетел тілі мұғалімі» мамандығының ІІ курс студенті Нұрасыл Мәжік.

Қазіргі заман – жан-жақты, білімді, заманауи технологияларды меңгерген бәсекеге қабілетті мұғалімдерді талап ететін кезең. Осы үдеден шығуға талпынған Нұрасыл бүгінде колледж қабырғасында білім алуымен қатар, сан түрлі қоғамдық белсенді атсалысып келеді. Ізденімпаз жас бүгінде өзінің жүрек қалауын орындау мақсатында талай белестер мен биік шыңдарды бағындырып жүр.

– Шетел тілі мұғалімі – мен үшін жай ғана мамандық емес, бұл менің жүрек қалауым. Ағылшын тілі – әлемге ашылған терезе. Сол арқылы ғылымға, мәдениетке, өркениетке жол ашуға болады. Оның үстіне, мұғалім – тек білім беруші емес, ол – шабыттандырушы тұлға. Мен дәл сондай ұстаз болғым келеді, – дейді Нұрасыл.

Бала күнінен шет тілін үйренуге құмар болып өскен ол, бұл қызығушылығын бүгінде кәсіби жолға ұластырып отыр. Ағылшын тілін меңгеру – Нұрасыл үшін қызықты саяхат. Ал осы білімді өзгелерге үйретіп, шәкірттерінің жетістігіне себепші болу – оның басты арманы. Нұрасылдың жетістігінің артында оның тынымсыз еңбегімен қатар, тәжірибелі ұстаздың тәлімі де жатыр. Ағылшын тілі пәнінің оқытушысы әрі кураторы Құралай Доскариева – студентінің жолын ашып, ғылыми бағыттағы жұмыстарына қолдау көрсетіп жүрген жетекшісі. Ұстаздың бағыт-бағдарымен Нұрасыл колледжішілік, облыстық олимпиадаларда жүлделі орындар иеленіп, республикалық ғылыми конференцияларда тәжірибе алмасып жүр.

Білім мен ғылым жолында үздіксіз ізденіспен жүрген жас маманның қазіргі таңда жүзеге асырып жатқан тың жобасы – “Fun and easy English for young learners”. Бұл жоба балаларға тілді ойын арқылы, визуалды құралдар мен белсенді әдіс-тәсілдер арқылы меңгертуге бағытталған. Яғни, дәстүрлі оқытудың шеңберінен шығып, баланың танымын, қызығушылығын арттыруға негізделген. «Ерте жастан тілді меңгеру – баланың логикалық және креативті ойлау қабілетін дамытады. Менің мақсатым – ағылшын тілін балалар үшін қызықты әрі қолжетімді ету», – дейді жобаның авторы.

Ал республикалық деңгейдегі «Үздік 100 студент»байқауына қатысып, өзін жаңа қырынан танытуға мүмкіндік алды. Бұл сайыс оның кәсіби даму жолындағы бір белеске айналды. Түрлі салада жетістікке жеткен студенттермен танысып, ерекше әсер алғанын атап айтты. «Әр адамның ерекшелігі бар. Ең бастысы – өзіңе сену. Сол ерекшелігіңді көрсете білу – табыстың бастауы», – дейді ол.

Нұрасыл – өзіне нақты мақсат қойып, табандылықпен алға ұмтылып келе жатқан, білім мен тәрбие саласына үлкен жауапкершілікпен қарайтын жас маман. Ол – ертеңгі кәсіби ұстаз, болашақ буынға бағыт-бағдар беретін тәлімгер. Біз осындай талапты жастардың бар екеніне қуаныштымыз. Себебі олар – ел болашағының кепілі.

Айбөпе САБЫРОВА 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button