Өнер академиясындағы өрелі істер

 

Нұрғиса Тілендиев атындағы Кіші өнер академиясында жаңа оқу жылын барлығы 573 оқушы қарсы алды. Оларды білім күнімен облыстық білім беру басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Өтемағамбетов құттықтады.   

– Биыл облыста барлығы 192 білім беру ұйымында 14590 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттамақ. Ел болашағы үшін жауапты бірден-бір мекеме болса, ол – мектеп. Мұнда оқыту жүйесін жаңғыртып тұру керек, бұл – заман талабы. Екіншіден, үштілділік саясатты дамыту қажет. Биыл облыста бір жаңа мектеп іске қосылып, 35-і күрделі жөндеуден өтті. Бірқатары заманауи химия, физика, биология кабинеттерімен жабдықталды, – деді ол.

Биыл мұнда көп оқушы республикалық, халықаралық жарыстарда бәйге алды. Тағы бір тобы күні кеше Түркияға халықаралық сайысқа аттанды. Жаңалықтар да жетерлік. Мәселен, үшінші сыныпқа музыка, хореография және сегізінші  сыныпқа сурет, ақындық өнер, айтыс, журналистика мамандықтары бойынша жаңадан шәкірттер қабылданып отыр.

Осыдан кейін аталмыш оқу орнының басшысы Долорес Тасқарина шәкірттері алдында ағынан жарылып:

– Жақында аймақта өткен тамыз мәслихатында еліміздің Білім және ғылым министрлігі мен облыс басшысының грант жүлдесіне ие болдық. Екі жылдан бері «Unistar» клубына мүше болып келеміз. Биыл Батыс Қазақстанда тұңғыш болып біздің академия клубтың құрмет белгісіне ие болды, – деді.

Ал, балаларын осынау киелі білім, әрі өнер ордасына берген ата-аналардың қуанышында шек жоқ. Оның үстіне, олар оқу барысын электрондық күнделік арқылы бақылып отыр. Қалыптасқан дәстүр бойынша арнайы Еуропадан әкелінген күміс қоңыраудың да сыңғыры естіліп,  жаңа таным бастауынан белгі бергендей болды. Міне, бұрынғы «Әліппенің» орнын басқан «Сауат ашу» пәнімен алғашқы сабақ та басталды. Тақырыбы – «Мен – елімнің патриотымын!». Ендеше, ертеңгі ұлтжанды ұрпағымызға жаңа оқу жылында мол табыстар тілейік.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз