ҰМЫТЫЛМАС ЖЫЛДАР

1976 жылы 16 тамыз Гурьев  қаласында жаңадан педагогикалық  училище  ашылды. Мен бұл жылдары Гурьев қалалық  депутаттары атқару комитеті төрағасының орынбасары жұмысын атқарып жүрген кезім.

Ол кезде  облыстық партия комитетінің  бірінші хатшысы Саламат Мұқашев, идеология жөніндегі хатшы Мұхамбетқазы Тажин, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісі Әбілқайыр Кенжебаев, ғылым бөлімі меңгерушісі Сәуле Лұқпанова еді. Облыстық партия комитетінің  жолдауымен  училищеге  директорлыққа тағайындалдым. Училище бірнеше жыл жөндеусіз қалған пединституттың тарих-филология факультетінің ғимаратында орналасқан екен. Жөндеп, қазан айында оқу жылын бастау керек деп облыстық партия комитеті және министрлік талап қойды. Училищенің материалдық-техникалық базасын жасақтаумен қатар, оқушыларды, жас  мамандарды жатақханамен қамту, жылу мәселелерін шешу, зертхана, шеберхана кабинеттерін әр пәннің тақырыбына байланысты жасақтау, асхана, спорт залы, кітапхана ашу, т.б жұмыстарды тез арада ұйымдастыру жұмыстары тұрды. Сатымғали Қабделов, Қадырғали Насыров, Вячеслов Кульгаев секілді іскер жігіттермен көптеген мәселелерді ұйымдастырдық.

 

1976 жылы 180 оқушы қабылданды, қазақ, орыс топтарында дәріс алды. Төрт пән бірлестігі (математика және жаратылыстану негіздері, тарих, қазақ және орыс тілдері, педагогика, психология, саз, сурет, ән және дене шынықтыру) жұмыс істеді. Бүгінде сол училище ұлағатты білім ұясына айналып, жаңа ғасырмен бірге жасарып, жақсылыққа жұмыс жасап жатқаны қуантады. Қашанда тілектес болып отырамыз.

 

Жаукен КӨШЕНОВ,

 

колледждің бұрынғы директоры.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз