МВА түлектері диплом алды
С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті әлемдегі озық жоғары оқу орындарының тәжірибелеріне негізделген МВА бағдарламасы бойынша да білім беретіні белгілі. Онда мұнай инженериясы, энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы, тұрақты даму, ақпараттық технологиялар және адами ресурстарды басқару бағытында оқытады.
Бүгін аталған бағдарламаның кезекті тобы магистрлік жобаларын сәтті қорғап, “Іскерлік әкімшілендіру магистрі” атанып, мемлекеттік үлгідегі дипломдарын қолдарына алды.
Университет ректоры Гүлзада Шакуликова “Энергетика саласындағы әйелдер көшбасшылығы” МВА бағдарламасы Орта Азияда алғаш ашылғанын еске салды. Айтуынша, МВА бағдарламасының түлектері аймақтық және халықаралық деңгейдегі ірі компаниялардың спикерлерінен дәріс алып, шет елдерде тәжірибеден де өтіпті.
Білгеніміздей, бағдарлама қатысушылары көшбасшылыш қасиеттерді дамыта отырып, маркетинг, қаржылық басқару, стратегиялық шешім қабылдау дағдыларын қалыптастырады.
Шараға қатысқан қала әкімінің орынбасары Нұржан Ермұханов, қоғам белсендісі Тамара Аман-Турлиналар МВА бағдарламасының түлектері ел дамуына, өндірісті өмірдің өркендеуіне үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Айдарбек АҚАРЫС