Назарбаев зияткерлік мектебі: «АТЫНА ЗАТЫМЫЗ САЙ БОЛАДЫ»

Биылғы оқу жылы елімізде де, облысымызда да жақсы жаңалықтарға толы болды. Соның бірегейі - облыс орталығынан Назарбаев зияткерлік мектебінің ашылуы. Күні кеше ғана ашылған мектеп оқушылары да бірінші тоқсандарын аяқтап, екіншісін орталап тастады. Тұңғыш Президентіміздің өзі мұрындық болып аштырған осынау білім ұясының қазіргі жай-күйі, тыныс-тіршілігі жайында айтып беруді біз оның директоры Тавиля Акимовадан өтінген едік.

– Өзінің атынан көрініп тұрғандай, мұнда ылғи білімді ұл-қыз оқуда, оларға білікті ұстаздар дәріс береді. Нақ бүгін таңда біздің мектебімізде 666 оқушы бар. Қаладан тыс жердегі балалар үшін жатақханамыз бар. Онда қазір 132 оқушы жатады. Бүгінде біздің жолдамамен бірқатар оқушылар химия-биология, математика, ағылшын тілі, физика бағытында Сингапур, Швейцария, Америка, Британия, Беларусь Республикасында білім алуда. Енді бірі – Мәскеудегі атақты мемлекеттік университет – МГУ-да оқып келді.
«Назарбаев зияткерлік мектебінде» жұмыс жасауға ниет білдірген 600-дей мұғалімнің аталған тестіден бар болғаны 100-і ғана ойдағыдай өтті.
Қазірде химик, информатик, ағылшын тілі пәні педагогтарымыз Германия, Британия, Сингапурда оқып жатыр. Екеуі соңғы аталған елден біліктіліктерін жоғарылатып келді. Өзімнің бес-алты орынбасарым бар. Соның үшеуі көшбасшылық бағыт бойынша оқып, жуырда Британиядан оралды. Түрлі бағдарлама бойынша ұстаздар білімдерін Мәскеуде де жетілдіруде. Жасырып қайтеміз, тек қана оқушылар емес, бізде педагогтарға да тыным жоқ. Үнемі жаңаша бағытта жетіліп, біліктіліктерін арттырумен айналысып отырады. Соған сай еңбекақылары да жоғары.
– Тавиля Адиетқызы, енді Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры – өзіңіз туралы бір-екі ауыз әңгімелеп өтсеңіз?
– Негізі менің отыз жылдық педагогтық өтілім бар. Ақтөбе қаласындағы №2 мектепте оқу ісінің меңгерушісі, одан кейін директор болып жұмыс жасадым. «Назарбаев зияткерлік мектебі ашылады» деген хабарды есітіп, Назарбаев университетінде бір жылдық курсты тәмамдадым. Одан кейін аталған мектептің басшысын іріктеу конкурсына түсіп, өзіңіз көріп отырғандай, жеңіске жеттім.
Біздің мектептегі 666 оқушының 96 пайызы – қазақ. Олардың 368-і қазақ сыныбында, 298-і орыс сыныбында оқиды. Өзім де балаларға ағылшын тілінен, анығырақ айтсам, ағылшын тілінің білім деңгейін анықтау үшін өткізілетін «IELTS» бағдарламасынан дәріс беремін. Ағылшын тілі аптасына жеті сағат өтеді.
– Білім беру процесінде қиындық тудыратын жайттар бар ма?
– Әрине, қандай мәселенің де қиындығы болмай қалмайды. Біздегі бір қиындық – жетінші, сегізінші орыс сыныптарында тарих және география пәндерінің таза қазақ тілінде оқытылуы. Міне, нақ осы тұста орыстілді шәкірттер көп қиналады. Оларға қазақша тарих пен географияны оқу, түсіну, оны кері айтып беру оңайға соқпайды. Тағы бір қиындық – өзге облыстан, аудандардан келетін педагогтарды баспанамен қамту жайы.
Мектебіміз бен ұстаздар арасындағы келісім-шарт бір жылға жасалады. Егер ол сол аралықта өзін күткендегідей қырынан көрсете алмаса, онда келісім әрмен қарай ұзартылмайды. Мұғалімдерді аттестациядан өткізу бізде де жүзеге асады. Аттестациядан өткен ұстаздарға кәсіптік алты деңгей белгіленген. Осылардан үздік көрсеткіш көрсеткендердің еңбекақылары ойдағыдай жоғарылайды. Сол себепті педагогтарымыздың өздері де үзбей оқып, білім-біліктерін көтерумен, ағылшын тілін меңгерумен айналысады. Өткенде Израильден оқытушылар келіп, біздегі 25 мұғалімді қашықтықтан оқытудың қыры мен сырына үйретті.
– Назарбаев зияткерлік мектебінің бірінші басшысы ретінде алдағы басты мақсатыңыз қандай?
– Мен мектебіміздегі әрбір баланың санасына кішкене күнінен сіңіріле берсін деген оймен: «Қазақстан деген – сен, Атырау деген де – сен. Сондықтан еліміз бен туған қаламыз жақсы болуы үшін алдымен сендер жақсы болуларың керек!» деп үйретемін. Жақсылықты өзіміз жасамасақ, оны бізге кім жасап береді, солай емес пе? Ал, балалардың қолынан келетін жақсылығы сол – өзі туған елі мен өлкенің патриоты болу, сабағын жақсы оқу, тәлімді тәрбиеге зейін қою, Елбасымыз есімімен тығыз байланысты мектебіміздің атына сын келтірмеу. Сөзімнің соңында, еліміздің ертеңі деп отырған осы балалар бақытты болып, Елбасымыздың қолдау-көмегімен ашылған зияткерлік мектебіміздің жақсы атын шығарсын, өздері шетінен зиялы болсын деймін!

Сұхбатты жүргізген
Лиза СЕЙТІМОВА.
Суреттерді түсірген Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз