«Мұғалімнің жанайқайын оқығанда… қатты ұяламын»
Мектептер мәселесі – әркез маңызды. Жаңа айдарымыздың кезекті қонағы – Мақат кентіндегі №2 бастауыш мектебінің директоры Руслан Баймұқашев. Әлеуметтік желіде ашық ой-пікірлерін жазып, халықпен тығыз қарым-қатынас жасайтын білім ұясы басшысының айтары аз емес.
– Руслан Теміржанұлы, мектептегі ең маңызды ролге кім ие: директор ма, оқушы ма, ұстаз ба?
– Директор – білім беру мекемесінің кедергісіз дамуын жүзеге асыратын менеджер, мектеп қызметін үйлестіруші бірден-бір тұлға. Мұғалім – Ахмет Байтұрсыновтың сөзімен айтсақ, «мектептің жүрегі». Білім беру реформаларын жүзеге асырушы да, мемлекеттің білім беру саясатын жүзеге асырушы да – мұғалім.
Оқушы – болашақта еліміздің тізгінін ұстап, кемел келешекке көш бастайтын ұрпақ. Сіздің сұрағыңызға менің беретін жауабым – мектеп жұмысында басшы да, мұғалім де, оқушы да маңызды роль атқарады.
– Білім ұясы туралы мәлімет бере өтсеңіз. Басшылық қызметке қашан тағайындалдыңыз?
– Мақат ауданындағы №2 бастауыш мектеп – бастауыш сыныптар мен шағын топта, мектепалды даярлық сыныбында 200-ге тарта оқушы білім алатын шағын жинақты мектеп. Оның директорлығына мен 2018 жылдың желтоқсан айында тағайындалдым. Мектепті дамытуға арналған жоспарымды мекеменің Қамқоршылық кеңесі мақұлдады.
Содан бері жоспарға сай біраз жұмыстар атқардық. Оқу кабинеттерінің материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Әдістемелік бағыттағы жұмыстар жүргізілді.
– Мектептің қызметімен әлеуметтік желі арқылы жақсы таныспыз. «Lesson Study» сабақты зерттеу тәсілін оқу үдерісіне енгіздіңіздер…
– Иә. Қазір сабақта интербелсенді оқу әдістемесін қолдануға арналған жүздеген педагогикалық әдіс-тәсіл бар. «Lesson Study» сабақты зерттеу тәсілін қолданғанымызға екі жылдан астам уақыт өтті.
-Биыл сәуір айында Атырау облыстық Әдістемелік орталығының мамандары мен «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары мектебімізге арнайы келді. «Lesson Study» бойынша тәжірибе алмасу сабақтарына қатысты, сосын әдістемелік көмектер берді. Педагогтардың оқыту әдістемесі де осы шарада лайықты бағасын алды.
– Облыстағы 198 мектептің ішінде «Ұлттық тәрбие» кабинеті мен «Өлкетану» кабинетін ашқан алғашқы білім беру ұйымысыздар…
– Біздің мектепте тәрбие жұмысына айрықша көңіл бөлінеді. «Ұлттық тәрбие» кабинеті мен «Өлкетану» кабинеті Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің тікелей араласуымен ашылды. Мақсатымыз – туған ел тарихын жетік білетін ұлтжанды ұрпақты бастауыш сыныптан бастап тәрбиелеу.
– Мектепте қоңырау күймен соғылады екен. Үзілісте оқушылар ойын ойнайды, ән салады, би билейтін көрінеді…
– Біз оқушылардың үзіліс уақытын көңілді өткізуін жоспарлаймыз. Балалар келесі сабақты көтеріңкі көңіл-күймен жалғастыруы керек. Оқуға қолайлы орта қалыптастырудағы маңызды фактордың бірі де осы. Мектеп дәлізіне 3 мониторлы, 8 колонкалы акустикалық жүйе орнатылды. Бұл жүйе тек үзілісте ғана емес, күні бойы қызмет атқарады.
Мемлекеттік бюджет арқылы оқушылар ыстық тағаммен қалай қамтылып отыр? Тағамның құнарлылығы қандай, тағамның бағасы қанша теңгеге шығады? Көптеген мектептерде ата-аналарға бұл ақпарат күн сайын таныстырылмайды. Біздің мектепте 3 монитор арқылы ата-аналар мен оқушыларға күнделікті ас мәзірі туралы ақпарат күні бойы жарияланып тұрады. Бұл – білім беру ұйымындағы ашық бюджет саясатын жүзеге асырудың бір көрінісі.
– Креативті бағыттағы жаңа жобаларды, жаңа идеяларды қайдан аласыз?
– Жаңа жобалар – менің ғана идеям емес. Мектептің жарқырап-жайнап тұрғаны – менің ғана еңбегімнің нәтижесі емес. Мақат ауданын бұған дейін басқарған азамат Жұмабай Қарағаев «North Caspian Operating Company N.V.» компаниясының демеушілігімен оқу кабинеттерінің талапқа сай жабдықталуына көмектесті.
Мектебімізде қоңыраудың күймен соғылуы – Мақат ауданының білім беру мекемелерінің дамуына үлес қосқан білікті басшы Алмабек Абдоловтың бастамасы. Әдістемелік жұмысымның жетекшісі марқұм Мұхтар Телеубаев болды. Жүздеген мектептің директорын сәбише еркелете жүріп, басқару менеджментіне баулыған ұлы жүректі ұстаздың рухы алдында мәңгі қарыздармын.
Маған рухани қолдау жасап жүрген азаматтар да көп, өнеге-тәлім берген әріптестер де көп. Бауыржан Момышұлы айтпақшы, «Мен істедім дегенше, мың істеді десеңші! Ер істеді дегенше, ел істеді десеңші!»
Қаншалықты білімді, іскер азамат болса да, ұжымның қолдауынсыз бірде-бір басшының жұмысы алға баспайды. Егер қазір бір жетістікке қол жеткізсем, педагогикалық ұжымның қарымды қызметінің нәтижесі. Әрбір идеямды қолдаған, жемісті жобаларды бірлесе жүзеге асырған әріптестерге алғысым шексіз.
– Демалыс күндері де, қызметтен тыс уақытта да жұмыс жасайтыныңызды көріп жүрміз. Осылай жұмыс жасауға басшылығыңыз мәжбүрлейді ме?
– Мәжбүрлік жоқ. Мұғалімдік – үнемі ізденуді, өз білімін үздіксіз жетілдіріп отыруды қажет ететін мамандық. Педагогикаға жүрек қалауымен келген адам уақытпен санаспауы тиіс.
Алдыма нақты міндеттер қойған жұмыс жоспарым бар. Оны жүзеге асыру үшін 8 сағаттық қызмет уақытымен шектелу мүмкін емес. Таңды ұйқысыз атырып, күннің алғашқы шапағын мектепте қарсы алатын күндерім болады. Аптаның жеті күні мектепте өтеді.
Мұғалімдік мамандықпен өткен өміріме өкінішім жоқ. Халқымның қажетіне жарасам болды. Ең басты азаматтық мүддем – осы.
– Білім беру саласы көп реформаланды. Әлі де жетілдіретін тұстары жетерлік. Неден бастаған жөн?
– Дұрыс айтасыз, білім беру саласындағы реформалар әлі жалғасып жатыр. Жаңа реформалардың мектепке бергені де көп, берері де көп. Әрине, жетілдіретін тұстары да бар.
Мектептің дамуы мен өркендеуі мұғалімнің шеберлігіне байланып қалған жоқ. Қазір білім беру мекемелері бюджетке тәуелді. Өйткені, көптеген мәселелерді шешу қаражатқа келіп тіреледі. Сондықтан, болашақта енгізілетін «Орта білім беруді жан басына шағып қаржыландыру» жобасына үміт артып отырмыз. Бұл да жаңа реформа. Дейтұрғанмен, қаншалықты тиімді боларын уақытында айтармыз.
– Облыстағы мектеп кітапханалары арасындағы байқауда cіз басшылық ететін мектеп жүлделі орын иеленіпті…
– №2 бастауыш мектеп кітапханасының қызметі 2021 жылы «Кітапхана қызметінің үздік моделі» аудандық байқауында да, облыстық байқауда да бірінші орынды иеленді. Ол – үлкен жетістік.
Біз кітапхана қызметін үнемі зерделеп отырамыз. Биылғы оқу жылында ондағы кітап қоры 186 кітаппен толықты. Балаларға арналған көркем әдебиетке 36 жаңа кітап қосылды. Кітапхана қызметін ұйымдастыруда оқушының қажеттілігін де ескеруіміз керек. Рухани байлықтың не үшін қажет екенін шәкірт санасына құя алсақ, балалар кітап оқиды.
– Ойыңызды жалғай түссек. Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімісіз. Балаларға қалай кітап оқыта аламыз?
– Мәселе кітапта емес, балада да емес!.. Ана тілге құрметті арттыруға бағытталған мемлекеттік саясатты күшейткен жөн. Дүкеннің маңдайшасындағы жазуды түзетуден әріге қауқары жетпейтін құжаттардың орнына отбасылық ұлттық тіл саясаты керек. Ол үшін «жоғарыдан» берілетін тапсырма немесе миллиардтаған қаржының қажеті жоқ. Қазаққа ғана тән ұлттық тіл саясатын әрбір қазақ отбасы өзі жасай алады. Қалай дейсіз бе?!.
Аптасына бір рет балаңызға қазақша бір ертегі немесе Ыбырай Алтынсариннің ғибратты әңгімесін оқып беріңіз. Бір жаңылтпаш, бір мақал, бір жұмбақ жаттатыңыз. Санамақты үйретіңіз. Аптасына бір сағатты балаларыңызбен бірге өткізіңіз. Айына – 4 сағат қана.
Оған кітап сатып алып, шығындану да міндетті емес. Интернетте әдебиет жауһарлары тұнып тұр. Оқып беруге ерінсеңіз, аудиоформатта тыңдатыңыз. Тіпті, өзіңіз бірге тыңдаңыз. Сосын не түсінгенін сұраңыз.
Сөйтіп, өз перзентіңізді ұлттық рухта тәрбиелеуге уақыт бөліңіз. Оны әдетке айналдырыңыз. Отбасыңыздың ұлттық тілге құрметін осылайша қалыптастырыңыз. Балаға керегі – тәрбие, үлгі, бағыт-бағдар ғана. Бір-екі айдан кейін ұл-қызыңыздың кітапханадан қазақша кітап әкеліп, оқып отырғанын көресіз.
– Бастауыш мектептің басшысысыз. Жоғары сыныптар оқитын жалпы орта мектептің басшылығына барсаңыз, қандай жаңашылдық енгізер едіңіз, неден бастар едіңіз?
– Жалпы орта мектепке бару-бармауымызды басшылық шешеді. Егер тағайындалсам, ең әуелі ҰБТ-ға дайындық, дарынды баламен жұмыс, бюджеттік жоспарлаудан бастар едім.
Жаңашылдық жөнінде айтуға әлі ерте. Жұмысты қай бағытта жетілдіруді ұжыммен ақылдасып, кеңесемін.
– Басты ұстанымыңыз – ашықтық, жариялылық. Медициналық бетперде туралы жазбаңызбен таныс-пыз. Ашығын айтыңызшы, медициналық маска беруге, кеңсе құралдарын беруге барлық мектепте де мүмкіндік бар ма?
– Әрине, бар. Оқу-тәрбие үдерісі барысындағы қажеттілік бюджеттен қамтылады. Мұғалім А-4 форматтағы қағаздан бастап қаламсапқа дейін қамтамасыз етілуі тиіс. Оқу кабинеттерін жабдықтау да мұғалімнің міндеті емес.
Фейсбуктен «антисептикке дейін өзіміз сатып аламыз» деген мұғалімнің жанайқайын оқығанда, әріптес басшы азаматтар үшін бетімнің суы бес төгіліп ұяламын.
– Әлеуметтік желіні белсенді қолданасыз. Қоғамдағы келеңсіздіктер мен әлеуметтік мәселелерді батыл көтеріп жүрсіз. Халықтың мұңын айтып, жоғын жоқтаудың cізге қаншалықты қажеттілігі бар? Қызметіңізге зияны жоқ па?
– «Басшысың ба – қызмет бергеніне риза бол! Жауырды жаба тоқып, тіліңді тістеп жүр!» Қазіргі ұстаным – осы. Бұл – жазылмаған заң іспетті.
Өз басым басшылық лауазымды біреуден сатып алған жоқпын. Сыйлыққа алған жоқпын. Тамыр-таныстың күшімен келген жоқпын. Конкурстық негізде барлық сатылардан өтіп, талапқа сай тағайындалдым. Анамның құрсағынан кресломды құшақтап шыққам жоқ.
Мен үшін адамдық қымбат, ар қымбат, елдік қымбат. Ең бірінші кезекте – елдің баласымын, халықтың ұлымын. Содан кейін ғана – басшымын. Елімнің мүддесіне қайшы келетін әр мәселеде – халықтың жағындамын.
– Бүкпесіз әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық жетістіктеріңіз көбейе берсін!
Сұхбаттасқан
Гүлжан ӘМІРОВА
Руслан, группалас, жарайсың! Біліктілігің мен біліміңмен дараланып тұрсың! Шығармашылық табыс, отбасы амандығың тілеймін. Үйренерімід көп екен