Мұғалімнің мәртебесі қашан да биік
*Қазанның алғашқы жексенбісі — Ұстаздар күні
Бала жанына нұр сеуіп, санасына сәуле шашатын ұстаздың ұрпақ тәрбиесінде ролі зор. Ұстаздық – баланың зейінін ашып, үлкен өмірге қадам басқызатын қадірлі мамандық. «Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген сөз де тектен-тек айтылмаса керек. Білікті ұстаздан білім алған баланың болашағы жарқын боларын уақыттың өзі көрсетіп отыр. Біздің Атырау жері де өскелең ұрпақ үшін уақытын сарп етіп, білім, тәрбие нәрімен сусындатып жүрген ұлағатты ұстаздардан кенде емес. Бүгінде облыс педагогтерінің саны 12 мыңнан асса, оның 200-ге жуығы педагог-шеберлер. Педагог-зерттеуші, педагог-сарапшы, педагог-модераторлар саны да әрқайсысы 2 мыңнан асып жығылады.
Иә, өңір ұстаздарының әлемді жаулаған пандемия кезінде де көлденең қиындықтарды еңсеріп, қашықтан оқыту жүйесін тез меңгеріп алғаны да әлі елдің есінде. Соның нәтижесінде оқушылардың сабақ үлгерімі төмендеген жоқ. Бұл жағдай мұғалімнің қоғамдағы биік орнын, мәртебелі мамандық иесі екендігін айғақтай түскендей. Кезекті «Мінбер» төрін облыс ұстаздарына ұсынуымызға да себеп сол.
– Ұстазды ұлық ететін қандай қасиеті?
– «Ұстаздан шәкірт озар» демекші, оқушының жүрегіне жол табу қаншалықты қиын?
– Педагогикалық озық тәжірибеңізбен бөліссеңіз?
Клара МАХАТОВА,
ардагер ұстаз (Атырау қаласы):
Сыни ойлау – сәтті стратегия
– Ұстаз өскелең ұрпақ санасына сапалы білімді сіңіреді. Ұлтты алға бастайтын саналы ұрпақ тәрбиелеп шығарады. Қазақстанда мұғалімге деген құрмет уақыт өткен сайын артып келеді деуге негіз бар. Оның дәлелі ретінде «Педагог мәртебесі туралы» заңды айтар едім.
Ал, ұстазды ұлық ететін өз мамандығының мәртебесін биік ұстап, сапалы білім беру, шыдамдылық пен төзімділік қасиеттері.
– Ұстаздың алдына мыңдаған шәкірт келеді. Оның әрқайсысының өзіндік ерекшелігі, сан алуан мінезі, түрлі қылықтары болады. Мәселен, бірі жай сөзбен айтқанға түсінсе, келесісіне ақылмен айтып, қалыптасқан мінез-құлқына қарай амалын қарау керек. Сондықтан, шәкірт жүрегіне жол табу оңай емес.
– Көп жылғы тәжірибемде «Сыни тұрғыдан ойлау» стратегиясы бойынша жұмыс істеп, оқушылардың жан-жақты білім деңгейін көтердім. «Дәстүрлі емес сабақ түрлерін пайдалану» негізгі тақырыбым болды. Соның нәтижесінде Ұлттық бірыңғай тестілеуде шәкірттерім жетістікке қол жеткізді. Білім бәйгесіне дайындаған оқушыларым да республикалық додалардан жүлделі орындарды иеленіп жүрді.
Облыстық, қалалық деңгейде өз әріптестерім арасындағы тәжірибе бөлісу семинарларының да жөні бөлек болатын. Жалпы ұстаздардың өзара іс-тәжірибе алмасуы қазіргі практикаға да аса қажет деп білемін.
Зүлфат БИСЕНОВА,
Ғани Мұратбаев атындағы орта мектептің педагог-зерттеушісі (Атырау қаласы):
Еңбегімнің жемісін көрдім
– Өмірдегі көп мамандықтардың ішіндегі білімділік пен мейірімділікті қажет ететіні мұғалімдік деп білемін. Оны ұлық ететін қасиеттің бірі – мінезің, кешірімділік, балаға деген сүйіспеншілік, таңдаған пәніңді жақсы біліп, одан баланың бойына құйғың келетіні, соның нәтижесін көріп қуану. Әр баланың жүрегінен жол таба білу. Шәкірттерге деген сенімділік. Міне, осындай қасиеттер ұстазды ұлық етеді деп ойлаймын.
– Оқушының мықты болуы – мұғалімнің айтқан сөзінде емес, көрсеткен үлгісінде. Кез келген ұстаз үшін әр оқушының орны бөлек. Оның нені қалайтынын, қандай қабілеті барын байқап, оған өмірден өз жолын таба білуіне септігін тигізгенде ғана ұстаз шәкіртімен бірге білім сынақтарынан топ жаратынына сенемін.
«Сен ешбір жаңа нәрсе меңгермеген және өзіңнің біліміңе ештеңе қоспаған осынау күнді немесе сағатты бақытсыз сана» деген екен атақты педагог Ян Амос Коменский. Әр ұстаз уақытпен санаспай, балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс істесе, еңбегі еш кетпейді.
Мен өз шәкірттерімнің бойынан шығармашыл, дарынды қабілеттерін байқап отырамын. Олардың тұлға болып қалануына еңбектендім. Ұстаздың еңбегі шәкіртімен бағаланады ғой. Ұстаздық жолымда шығармашыл дарынды шәкірт тәрбиелеп, сол еңбегімнің жемісін көрдім. Қалалық, облыстық, республикалық байқаулардан жүлдегер атанып, төбемді көкке жеткізген шәкірттерім баршылық. Атап айтсам, көркем шығармалар оқып, сахналық қойылымдарда актерлік шеберліктерімен тәнті еткен шәкірттерім талай сайыстарда қанжығасын майлап, мектебіміздің абыройын асқақтатты.
Гауһар НӘДІРҚОЖА,
IT мектеп-лицейі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
жас маман (Атырау қаласы):
ХХІ ғасыр – жаңашыл педагог заманы
– Ұстаз – адамзаттың санасына сәуле жаққан ғалымның да, қолына қалам алған ақынның да, елге билік айтқан басшының да бас иетін құрметті адамы. Мықты ұстаздың бойында түрлі қасиеттер бар. Қажет кезінде әртіс те, биші де, ұйымдастырушы да, суретші де бола біледі. Тәрбие де, білім де, шығармашылық та ұстаздан шығады. Ол сонысымен мәртебелі болуы тиіс.
– Шәкірттеріме әркез мейірімділікпен қараймын. Оларға бар білімімді беруге ұмтыламын. Әрине, әр бағбан өзі еккен ағашының біртіндеп бүршік атып, жемісін бергенін армандайды ғой. Аз уақыт болса да, сол еңбек ақталып, облыстық деңгейде жеңімпаз атанып жүрген И.Халимолла, Д.Мұхамбетжан сынды шәкірттерім бар.
– ХХІ ғасыр – жаңашыл педагог заманы. Демек, оқыту технологияларын қолдану арқылы оқушылардың түрлі қабілетін жетілдіріп, интеллектуалдық және шығармашылық әлеуетін дамытып, қарапайым нәрседен ой түйіндеп, ойын еркін айта алатын тұлға тәрбиелеуге жұмыстанып келеміз. М.Жұмабаевтың өзінің 1923 жылы жарық көрген «Педагогика» кітабында айтқан «Жаңа алынған білім мен ескі білімнің қатынасы болсын. Яғни білім бергенде, жақыннан алысқа, таныстан жатқа көшсін, жаңа білімді ескі біліммен байлап беру керек» деген қағидасын ұстанып келемін.
Нұрлан ИПЕКЕНОВ,
Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептің тарих пәнінің мұғалімі (Исатай ауданы):
Бала жүрегіне жол табу – міндетіміз
– Қазақта «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген сөз бар. Ал, ұстазды ұлық ететін оның білікті маман бола білуі, адамгершілігі мен кішіпейілділігі.
– Сыныпқа кіргенде алдыңда қанша шәкірт отырса, олардың соншалықты мінез-құлқы болады. Әрқайсысы бір-бір үйдің еркесі, тентегі. Соларды бір тәртіпке, бір ережеге бағындыруың қажет. Оған үлкен тәжірибе, шебер әдіс-тәсіл керек. Сонда ғана оқушыларды жақсы нәтижеге жеткізе аласыз.
– Дәстүрдің озығы да, тозығы да болатыны рас. Бала оқыту мен тәрбиелеудегі методика да заман ағымына қарай жаңарып, толығып отырса бәрі үйлесімді болар еді. Бастысы, үйретіп отырған сабағыңыздың тақырыбы оқушыны қызықтыра білуі тиіс. Бірсарынды сабақ беру де баланы жалықтырып жібереді. Сәйкесінше, одан оқушының ұғары да аз болады. Сондықтан, өз тәсілімде неғұрлым балаға тақырыпты түсіндіруге талпынып, аз уақытта бір нәрсе үйренсінші деп отырамын. Себебі, қазақтың әр баласы тарихты біліп, түсініп, өсуі керек.
Түйін:
Уақыт өткен сайын мұғалімнің жауапкершілігімен қатар беделі де артып келеді. Әсіресе мұғалім мәртебесін айқындаған арнайы заң да ұстаздардың алаңсыз жұмыс істеуіне жол ашып отыр. «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені, мұғалім – мектептің жүрегі» деп ұлы ұстаз Ы.Алтынсарин айтқандай, мектептің мерейі мен баланың болашағы – мұғалімнің қолында. Сондықтан ағартушылық қызмет иелерін қоғам болып құрметтеуіміз керек. Өйткені, ұстаз болу – кез келгеннің қолынан келмейтін іс!
Мәлике ҚУАНЫШЕВА
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ