Жарнама
Білім

«МЕКТЕПКЕ – ОҚУЛЫҚПЕН!»

 

Акцияның негізгі мақсаты – оқушыларды оқулықтармен толық қамтамасыз ету, сондай-ақ кітапханалар мен кітапханашылардың қоғамдық-саяси белсенділіктерін арттыру. Оқушылар, мұғалімдер, ата-аналар, мектеп кітапханашылары, үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті атқарушы органдар, меценаттар – акцияның мақсатты топтары.  Акция  ағымдағы жылдың 1 тамызынан басталып,  1 қыркүйегіне дейін өткізіледі. 

Акцияның «Кітап қорын тексер!»  деп аталатын бірінші кезеңі үстіміздегі жылдың 1-7 тамызы аралығында өтеді. Бұл уақытта, біріншіден, білім беру бөлімдері мен басқармалары әр мектептің оқулықпен қамтамасыз етілу мониторингін жүргізеді. Онда барлық білім беру ұйымдарында болатын әдеттегі проблемаларды анықтау, соның ішінде жаңа оқу жылында оқулықтардың жетіспеушілігін білу, аудандар мен қаладан оқулықтар бойынша мәліметтер жинау іске аспақ. Екіншіден, оқу әдебиеттерін мектептен мектепке айырбастау және беру бойынша мектептерге білім беру басқармалары тарапынан ықпал етілмек.

Ал, «Мектепке – оқулықпен!» атты екінші кезең осы жылғы 10-18 тамыз аралығын қамтиды. Бұл кезде мектеп оқулықтарын тарату жұмыстары жүреді. Кітаптар болашақ бірінші сынып оқушыларына 10 тамыздан, 2-3-сынып оқушыларына 11 тамыздан, 4-5-сынып оқушыларына 12 тамыздан, 6-7-сынып оқушыларына 13 тамыздан, 8-9-сынып оқушыларына 14 тамыздан, 10-сынып оқушыларына 17 тамыздан, 11-сынып оқушыларына 18 тамыздан бастап таратылмақ. 

«Сыйлыққа – оқулық!» – бұл 18 тамыздан қыркүйек айына дейінгі үшінші кезең.

Үшінші кезеңнің ең белсенді қатысушылары «Кітапхана достарының интернет-кітабына» енгізіліп, мектеп пен білім беру бөлімдерінің сайттарына орналастырылады.

Бұл акцияның мәні – «Сенің оқулығың сенің мектебіңдегі оқушы үшін қажет. Сен кітабыңды оған сыйласаң, жақсы ісің өзіңе қайта оралады» деген түсінікті оқушы санасына сіңіру, оқулықты күтіп ұстауға үндеу. Бұл ретте, мектеп бітірушілер мен оқушыларға өзінен кіші сынып оқушыларына оқып кеткен оқулықтарын сыйға беру туралы ұсыныс айтылады. Бұл кітаптарды кітапханашылар мен сынып жетекшілері мектеп кітапханасы мен сыныптарда жинайды. Мектеп кітапханашылары өзінің жас көмекшілерімен оқулықтардың сақталуын тексереді, қажет болса қалыпқа келтіреді.

Меценаттар, демеушілер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, мектеп бітірушілер оқулықтардан басқа тарих, мәдениет туралы кітаптар, мектеп пәндері бойынша энциклопедия, анықтамалықтар, оқу құралдарын, сонымен қатар мектеп бағдарламасына сәйкес қазақ, орыс тілдерінде көркем әдебиеттерді  тарту етпек.

Әрбір бірінші сынып оқушысына Қазақстан Республикасының Президенті  Нұрсұлтан  Назарбаевтың атынан сыйлық – «Менің Отаным – Қазақстан» («Моя родина – Казахстан»)  кітабы әзірленбек, ол 1 қыркүйек – Білім күнінде тапсырылады.

Кітап – білім беру аясындағы бес институционалдық реформаны жүзеге асырудың бірінші жобасы, ол туған елінің мәдени құндылықтары туралы алғашқы ұғым беріп, Қазақстан халықтарының бірлігін сезінуге, азаматтық ұстанымының қалыптасуына мүмкіндік беретіні анық. Өз өміріндегі ең алғашқы сабақта Елбасының атынан сыйлық алған бірінші сынып оқушысы  өз еліне деген мақтаныш пен құрмет сезіміне бөленеді.

 Осы орайда, оқулықтар жетіспейтін мектептерге оқу әдебиеттерін беру үшін айырбас қоры қалыптастырылмақ. Сонымен қатар, мектеп кітапханашылары сынып жетекшілерімен бірге  шараның мәнін әр ата-ана мен балаға түсіндіруі де көп рөл атқармақ.  Мектеп кітапханасының негізгі қорын жинақтау үшін жалпы білім беру ұйымдарының ішкі резервтерін белсенді пайдалану қажет. Ол үшін  «Мектепке кітап сыйла!», «Бірінші сынып оқушысына кітап сыйла!», «Кітапханаға оқулық сыйла!» акцияларын өткізудің тиімділігі айтпаса да түсінікті. Осы мақсатта демеушілер қаржысына кітаптар сатып алу, кітап беру, есепке алу және қорға инвентаризация жүргізудің электрондық каталогын жасау, балалардың кітап оқуға қызығушылықтарын арттыру бойынша мектеп кітапханаларының тиімді және сапалы жұмыстарын жандандыру, кітапханада түрлі тәрбиелік іс-шаралар өткізу – өз нәтижесін беретін таптырмас әдістер.

Оқушылар мен олардың ата-аналары  бұл жұмыстарға белсене қатысқаны дұрыс. Үкіметтік емес ұйымдар, меценаттар, БАҚ өкілдері де үшінші кезеңге атсалысып, осы жобаның іске асуына мұрындық болуы керек-ақ. Жергілікті атқару органдары, баспалар және кітап сату саласындағы жеке кәсіпкерлер  сауда орындарын қажетті оқу әдебиеттерімен толықтырып, кітап өнімдерінің қорын жеткілікті жинақтап (оқулықтар, оқу-әдістемелік құралдар, атластар, контур карталар, жазу үлгілері, жұмыс дәптерлері, сөздіктер, энциклопедиялар, т.б.), оқулықтарға деген сұранысты қамтамасыз еткені дұрыс. Акцияға баршамыз болып белсене қатысайық!

Айнагүл ЖҰМАҒАЗИЕВА,
Атырау облыстық білім беру басқармасының бас маманы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button