Жарнама
Білім

Мектепке дейінгі мекеме: мақсат пен міндет қандай?

МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ ТӘРБИЕ – БАЛАҒА ТӘРБИЕ МЕН БІЛІМ БЕРУДІҢ АЛҒАШҚЫ БАСПАЛДАҒЫ ІСПЕТТЕС. СОНДЫҚТАН, БАЛАБАҚША ПЕДАГОГТАРЫНЫҢ БІЛІМІН ӨЗЕКТЕНДІРУ, ОЛАРДЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТІН ЖЕТІЛДІРУ – АСА МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕ. ЖУЫРДА ӨТКЕН «МЕКТЕПКЕ ДЕЙІНГІ БІЛІМ БЕРУ ҮЗДІКСІЗ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ БІЛІМ БЕРУДІҢ БІРІНШІ ДЕҢГЕЙІ РЕТІНДЕ: ИННОВАЦИЯЛЫҚ ИДЕЯЛАР, МОДЕЛЬДЕР МЕН ПЕРСПЕКТИВАЛАР» АТТЫ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ФОРУМДА БҰЛ ЖӨНІНДЕ КЕҢ ТАРҚАТЫЛЫП, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ОҚУАҒАРТУ МИНИСТРЛІГІНІҢ САЛАНЫ ДАМЫТУҒА АРНАЛҒАН ПИЛОТТЫҚ ЖОБАСЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ.

БАҚША АЗ, БАЛА КӨП

Облыста мемлекеттік жəне жекеменшік балабақшаларды қосқанда, барлығы 319 мектепке дейінгі мекеме бар екен. Ал, мектепке дейінгі мекемеден орын алу үшін 17 481 өтініш түскен. Ресми дерекке қарағанда, Атырау облысында алты жасқа дейінгі бүлдіршіндердің 82 пайызы ғана балабақшамен қамтылған. Демек, өңірде балабақшамен қамту мəселесі өзектілігін жоймай тұр. Бүгінде бөбектер үшін қажетті орталықтардың қолжетімді болмауы ата-ананың да басты проблемасына айналғанын жасыра алмаймыз. Облыста мыңдаған баланың амалсыздықтан ата-əжесінің қолында немесе аға-əпкелерінің жанында балабақшадағы кезегін күтіп жүргені ащы да болса ақиқат. Аталған форум барысында бұл мəселе де назардан тыс қалған жоқ.

 – Соңғы бес жылда 18 балабақша пайдалануға берілді. Мектепке дейінгі мекемелер желісін ұлғайту үшін мемлекеттік-жекеменшік əріптестіктің мүмкіндіктерін қолдану соңғы жылдары қарқынды өсіп келеді. Бұл бағытта басқарма жоспарлы шараларды жүргізіп келеді. Балабақша ашуға ынта білдірген азаматтармен де тығыз байланыс орнатылған. Облыстық білім беру басқармасы оқу семинарларын, басқа да түсіндірме жұмыстарын жүргізеді, — деді шараға қатысқан облыстық білім беру басқармасының басшысы Гүлнəр Садуақасова.

Облыстың бас ұстазы Атырау қаласындағы «Береке» шағынауданынан 280 орындық жəне Индер ауданының Көктоғай ауылынан 90 орындық балабақшалардың жобалық-сметалық құжаттамасы əзірленіп жатқанынан құлағдар етті. Аталған мекемелердегі оқутəрбие процесін ұйымдастыру сапасы педагогтардың кəсіби біліктілігіне де тікелей байланысты. Облыс балабақшаларында 4485 педагогикалық қызметкер бар екен.

Бүгінде олардың санын арттырып, сапалық құрамын жақсарту үшін «мектепке дейінгі тəрбие мен оқыту» арнайы мамандығы бар қызметкерлермен қамтуға маңыз беріліп отыр. Форумға арнайы келген республика Оқу-ағарту министрлігі «Балаларды ерте дамыту институты» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Манар Адамова да балабақшамен қамту мəселесіне баса назар аударып, оны шешуде ірі қауымдастықтарды қатыстыру қажеттігін айтты.

 – Атырауда 300-ден астам балабақша бар. Өңірді дамыту туралы жоспарда биыл бір, 2025 жылға дейін бес балабақшаның пайдалануға берілетіні көрсетілген. Бірақ, бұл балаларды толықтай балабақшамен қамтуға аздық етеді. Себебі, алты жасқа дейінгі баланың саны жүз мыңнан асады. Егер қазір 28 мың бала мектепке дейінгі білім беру мекемелерімен қамтылса, тағы 17 мыңнан астам бала кезекте тұрса, əлі қанша бөбекті балабақшамен қамту керек екенін есептеп көріңіздер. Тек бес жасқа дейінгі баланың саны – 88 мыңнан астам. Ал, «балабақшамен облыстағы балалардың 82 пайызы қамтылды» деген көрсеткіш тек балабақшаға тіркелген өтініштің есебінен алынған. Сондықтан, мектепке дейінгі мекемеге деген сұраныстың əлі де нақтыланбағанын басты назарда ұстау керек. Тек мемлекеттік емес, жекеменшік мекемелер ашуды да жан-жақты қарастырған жөн, — деді министрлік өкілі.

ОЙЫННЫҢ ДА ОЙЛЫСЫ БАР

Форумда мектепке дейінгі баланы оқыту мен тəрбиелеудің жаңаша бағыт алғаны айтылды. Осы мақсаттағы жаңа бағдарлама балдырғандарды жан-жақты дамытуға негізделген.

– Мектепке дейінгі тəрбие мен оқытуды дамыту моделін жүзеге асыруда биылдың өзінде 9 нормативтікқұқықтық актіге өзгерту енгізілді. Атап айтқанда, материалдық қамтамасыз етуге байланысты №70 бұйрықтан бастап, мектепке дейінгі тəрбие мен білімге мемлекеттік тапсырыс орналастыруға байланысты №122 бұйрықтың талаптары өзгерді. Педагогикалық процесті жүзеге асыруды қамтамасыз ететін ең негізгі үш құжат бекітілді. Ол – стандарт, үлгілі оқу жоспары жəне бағдарлама. Бағдарлама қазір Əділет министрлігінде тіркеуден өтуде. Осы нормативтік құжаттар негізінде мектеп жасына дейінгі баланы тəрбиелеу мен оқытуға байланысты көзқарас түбегейлі өзгеріп отыр. Біз мектеп жасындағы баланы мектеп методикасына қарай бағыттап, мəселен, сабақтарды қою арқылы бұрмалаған əдіске ауытқып кеттік. «Шын мəнінде мектеп жасындағы бала қалай тəрбиеленіп, қалай дамиды?» деген сауалдарға бір сəт назар аударсақ, бала айналасындағы затты көріп, ұстап, білмегенін үлкендерден сұрау арқылы дамиды. Сондықтан, балабақшадағы баланың да осындай шынайы тəрбиеленіп, жетілуіне мүмкіндік жасалуы керек. Биылғы қабылданған бағдарлама осындай нəрселерді басшылыққа алады, — деді Манар Елекенқызы.

Ол өз сөзінде балабақшадағы балаларға арналған ойындарды сюжеттік жəне ролдік негізде жалғастыруды ойлап табуға тереңірек тоқталды. Жасыратыны жоқ, бүгінде балабақшада ойыншықтар сөреде жинаулы тұрады. Бала ойыншыққа аздан соң қызығушылығы басылып, тастай салады немесе бір ойыншыққа барлық бала таласып, азан-қазан болады. Ал, оларды қызығушылығына қарай бөліп, сюжеттік негізде жалғастырса бүлдіршіндердің топтаса отырып ойын құрап, қызыққа батып, тəрбиешінің көмегімен оны одан əрі білуге талабы өседі. Манар Елекенқызы ол уақытқа, минутқа шектелген шара емес, күн ұзаққа созылатындай мақсатты ойын болуы тиістігін де атап өтті.

ПИЛОТТЫҚ ЖОБА БАСТАЛДЫ

Б а л а б а қ ш а т ə р б и е ш і л е р і н і ң жүктеме сін азайту, жалақысын өсіру мəселесі, жалпы саланы дамыту мақсатында арнайы пилоттық жобаның басталғанын мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында да айтты.

– Пилоттық жоба – ауқымды жұмыстарды талап ететін маңызды шара. Ол үш негізгі бағыттан тұрады. Біріншіден, жүктемені азайту үшін екі тəрбиешінің жарты күндік жұмысын толық күнге ұзарту. Екіншіден, осы арқылы олардың еңбекақысын көтеру. Үшіншіден, мектепке дейінгі мекемелердің білім сапасын арттыру. Қазір республика бойынша 11 мыңнан астам балабақшада 100 мыңға жуық педагог жұмыс жасайды. Оның 64 мыңы – тəрбиешілер. Президент Жолдауында айтылған тəрбиешінің жүктемесін азайту, еңбекақысын арттыру жайын ойластыра келіп, салаға қатысты кейбір мəселелерді ескердік. Сосын бір топта екі тəрбиешінің жарты күндік жүктемесінің толық жұмыс күніне ауысуын пилоттық жобаға енгіздік. Анығында, қазір жүктемені азайту үшін тағы екі тəрбиеші алсақ, өзі жетпей жатқан тəрбиешінің тағы екеуі қайдан табылады? Олай болса, тағы да жүз мыңға жуық тəрбиешіні іздеу қажет. Сондықтан, қазір жарты күннен жұмыс жасап жатқан тəрбиешілер күні бойы жұмыс жасаса жəне сол үшін екі есе жоғары айлық алса, олар қосымша жұмыс іздемей, өз жұмыс орнында алаңсыз отырар еді. Сол себепті, бұл жобаға жауапкершілікпен қарау керек. Бұл пилоттық жоба аясындағы қаржылық есептеулердің барлығы негіздеме ретінде ұсынылады, — деді М.Адамова.

Оның айтуынша, пилоттық жобаға елдегі 20 облыстан 39 балабақша енген. Солардың қатарында Атырау облысында да екі мекеме жаңаша бағытта жұмыс жасап жатыр. Форумда педагогтар мен тəрбиешілер мектепке дейінгі тəрбие мен оқытуды дамыту моделін жүзеге асыру аясында мектепке дейінгі мекемелердің қызметі, оны дамыту жайында еркін пікір алмасып, ұсыныстарын ортаға салды. Мектеп бағдарламасы жаңарып, оқушылар заман талабына сай білім алуға көшкен сайын мектепке дейінгі білім беруге деген жауапкершіліктің де соғұрлым арта түскені рас. Əрине, бұл салаға ден қоюдың маңыздылығын Үкімет те, ұстаз да, ата-ана да жақсы түсінеді. Өйткені, күрделілене түскен білім мазмұнына балдырған балабақшадан дайын болып келуі тиіс.

ТҮЙІН: Бүгінде балабақша жұмысы жаңаша бағыт алған. Мемлекет басшысының қыркүйек айындағы халыққа Жолдауы ббектер тәрбие мен білім алатын ортаға да жан бітіре бастағандай. Бұл – қуанарлық жағдай. Себебі, бала – отбасының ғана емес, елдің байлығы, ертеңі. Ал, оған қамқорлықпен қарау – бүгінгі қоғамның басты міндеті! Біз форумнан осыны түйіп қайттық…

Мəлике МƏЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button